in

Футбол академиясына FIFA мәртебесі берілді

Жоба FIFA мен Қазақстан футбол федерациясының жас фут­болшыларды халықаралық стан­дарттарға сәйкес даярлауға негіз­дел­ген әріптестігінің нәтижесінде іске асып отыр. Бұл – жасөспірім­дерді баптап, өз елімізде аталған спорт түрін одан әрі жаңа белеске шығару үшін үлкен мүмкіндік. ҚФФ FIFA таланттар академиясы мәртебесіне ие болған әлемдегі тоғызыншы қа­уымдастық болса, ал UEFA бойын­ша екінші ұйым атанды. 

Маңызды жиынға FIFA-ның жаһандық даму жөніндегі дирек­торы Стивен Мартинс, ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, FIFA High Performance  бағдарламасының жетекшісі Ульф Шотт, FIFA аңызы, 1998 жылғы әлем және 2000 жылғы Еуропа чемпионы Крис­тиана Карамбе, сонымен қатар отан­дық футбол ардагерлері мен академия тәрбиеленушілері қа­тысты. ҚФФ техникалық дирек­торы Геннадий Скуртул өз кезегінде академияға берілген мәртебенің маңызына тоқталды. Оның ай­туынша, бұл мәртебе жас футбол­шылардың дамуына тың серпін бермек. 

– Ең алдымен, бұл жоба арқы­лы біз әлемнің жетекші мамандары­нан қолдау табамыз. Іс-шараға арнайы келген сарапшылар бар. Мәселен, таланттарды іріктеу сала­сының сарапшысы «Арсеналдың» жаттықтырушысы Арсен Вен­гермен бірге 10 жыл бойы жұмыс істеген Стивен Морроу, тәжірибелі маман, FIFA сарап­шысы Марьян Пахарь осында. Бұ­дан бөлек, осы жобаның жетек­шісі, кәсіби футбол мен спорттық жетістіктер бағытына жауапты Ульф Шотт та жиынға қатысып отыр. Бұл жобаға тартылған адам­дардың аз бөлігі ғана. Біз өзіміздің зерттеулеріміз бен бағдарлама­мызды FIFA-мен бірге ақылдаса отырып әзірлейміз. Олар ҚФФ-на түрлі бағыт бо­йын­ша әдістеме­лік қолдау көрсетеді. Халықаралық тәжірибе неғұрлым көп болса, біз­дің бағдарламамыз да соншалықты байи түседі. Бұл – елімізде футбол­шы­лардың кәсіби түрде өсуіне ықпал етеді, – деді ол.

Қазір академияда 46 бала тәрбиеленеді. Оның 23-і – 2010 жылғы, ал қалған 23-і – 2011 жылы дүниеге келген балалар. Академия­ға жас футболшыларды іріктеу FIFA сарапшыларының көмегі негізінде жүзеге асқан. Геннадий Скуртул академиядағы барлық бағ­дарлама Қазақстан жағдайына бейім­деліп іске асатынын және бұл тұста ең алдымен Қазақстан футбол федерациясының талаптары ес­керілетінін жеткізді. 

– Академиямыз FIFA-ның ең қатаң талаптарына толық сай келе­ді. Осыған дейін 54 критерий­дің барлығы орындалды. Қазір әлемде мұндай мәртебеге ие 30-дан астам академия бар. FIFA алдағы уақытта олардың санын кем деген­де 75-ке жеткізуді көздеп отыр. Алайда бұл мәртебе тек жоғары деңгейдегі стандарттарға сай келе­тін қауым­дас­тықтарға ғана бұйы­рады. Қазақстан Орталық Азия аумағы бойынша мұндай мәртебеге қол жеткізген алғашқы ел екенін атап өткен жөн, – деді ҚФФ тех­никалық директоры Г. Скуртул. 

Қазақ футболының ардагері, даңқты қақпашы, 1996-2000 жыл­дар аралығында Қазақстан футбол қауымдастығының президенті қызметін атқарған Құралбек Ордабаев өзі басшылық еткен жылдары FIFA тарапынан үлкен қолдау болғанын еске алып, бүгінде сол бастама әрі қарай жалғасын тауып келе жатқанына қуанышты екенін айтты. Ардагер болашақта Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балаларды анықтап, оларды футбол академиясына қабылдау қажет екенін алға тартты. 

– Бүгінгі оқиға – қазақ футболы үшін ерекше жаңалық. Алғаш 1994 жылы Қазақстан футбол феде­рация­сы ашылып, FIFA-ның толыққанды мүшесіне айналған еді. Сол уақыттан бері әлемдік ұйым тек қазақстандық емес, әлем­дік футболдың дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Ака­демияға жаңа мәртебенің берілуі қазақ футболы үшін жақсылықтың нышаны деп білемін. Келешекте елімізде осындай футбол академия­ларының саны артса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, таудың етегінде орналасқан осындай алаң балалар­дың жаттығуына тамаша мүмкіндік болмақ. Қазір жас спортшыларды тәрбиелеуде «Қайрат» футбол ака­демиясы жоғары нәтиже көрсетіп отыр, – деді Қ.Ордабаев.

ҚФФ Академиясының тәрбие­ленушісі, атыраулық Мансұр Болат жас футболшылардың кәсіби тұр­ғыда дамуына бар күш-жігерін жұм­саған федерацияға алғысын біл­діріп, келешекте жаһандық масштабта сәтті ойын көрсетуге тырысатынына уәде берді.

– Тарихи сәтте сіздердің ал­дарыңызда академия тәрбие­ленушілері атынан сөз сөйлеу – мен үшін үлкен мәртебе. Футбол біз үшін жай ғана ойын емес. Біз Қазақстанның намысы үшін еңбек етеміз. Әлемдік аренада көк байра­ғымызды желбіретуді арман­дай­мыз. Бізге кәсіби деңгейде футбол ойнауға, халықаралық тәжірибе жинауға және сапалы білім алуға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Әр күніміз бізді шыңдап жүрген бапкерлердің жанқияр еңбегімен тығыз байланысты. Әр бапкері­мізге, бізді жаңа деңгейге шы­ғаруға күш салған FIFA ұйымы­на және Қазақстан футбол феде­рация­­сына, осы уақытқа дейін біз­бен бірге болып, тәжірибесін бө­ліскен Стюарт Холл мырзаға ри­зашылығы­мызды білдіреміз. Ака­демия тәрбиеленушілері сіз­дер­дің үміттеріңізді ақтауға тыры­сады. Біз, болашақ чемпиондар – қазақ футболының жаңа буы­ны­мыз, – деді М. Болат. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы