Канада құрамасына қарсы өтетін Billie Jean King Cup турнирінің маңызды іріктеу матчтары қарсаңында Қазақстан құрамасының көшбасшылары – Анна Данилина мен Соня Жиенбаева Қосшы қаласындағы көпфункционалды комьюнити-орталықта қонақта болды. Ұлттық құрама ойыншылары үшін бұл сапар тығыз жаттығу кестесінен бір сәт тынығып, өңірдегі бірегей әлеуметтік жобаның жұмысымен танысуға жақсы мүмкіндік берді, деп хабарлайды Теннис федерациясы өкілдері.
Бұл орталық – еліміздегі ашық кеңістік форматындағы алғашқы жобалардың бірі. Мұнда білім, спорт және шығармашылық бағыттары бір жерге шоғырланған: кітапхана мен коворкингтен бастап, робототехника, музыка мен қолөнер студияларына дейін тұрақты жұмыс істеп тұр. Сапар барысында теннисшілер орталықтың мүмкіндіктерін жоғары бағалап, теннис секциясының тәрбиеленушілерімен бірге жаттығу жасады.
Анна Данилина орталықтың деңгейіне қатысты пікір білдірді:
"Болат Өтемұратов қорының бастамасымен салынған бұл орталық өте сапалы. Мұндай форматты мен тіпті шетелде де сирек кездестірдім. Орталық заманауи әрі жайлы, мұнда балалардың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Спорт пен өнердің қатар ұштасуы – керемет шешім. Осындай орталықтар бүкіл еліміз бойынша көптеп ашылса екен деймін".
Қазіргі таңда орталықта балалар үшін шахмат, хореография, робототехника мен қолөнер сияқты үйірмелердің кең таңдауы ұсынылған. Ал ересектер үшін жұмыс істеуге және демалуға арналған жайлы орта қалыптасқан. Орталыққа кіру тегін, ал секцияларға қатысу бағасы қолжетімді.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!
