in

Американың Қытайға сататын H20 ЖИ чиптері тыңшылық жасай ма?

CNBC-дің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz , Қытайдың америкалық өнімдердің қауіпсіздігіне күмәнданған алғашқы оқиғаның мәнін түсіндіреді.

Соңғы бірнеше жылдар бірнеше дамыған ел, оның ішінде АҚШ пен Аустралия да бар, технологиялық тауарлар «ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді» деген себеппен көптеген қытайлық өнімдерден бас тартқанын білеміз. Енді Қытай дәл осы тәсілді батыстық тауарларға қарсы қолдана бастады.

Жақында Nvidia Ақ үйден Қытайға арналған H20 көпмақсатты процессорларды экспорттауға рұқсат алған болатын. Осы жасанды интеллект чиптері Бейжіңнің ерекше назарына ілінді.

«Киберқауіпсіздік – біз үшін өте маңызды. NVIDIA чиптерінде оларға қашықтан қол жеткізуге немесе басқаруға мүмкіндік беретін «амал» жоқ», – деп мәлімдеді Nvidia-ның өкілі жұма күні (1 тамыз).

Қытайдың Киберкеңістікті басқару әкімшілігінің (CAC) мәліметінше, бейсенбі күні (31 шілде) Nvidia компаниясы Бейжің шенеуніктерімен H20 чиптерінің ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қаупіне қатысты кездесу өткізген. Бұл чиптерді Қытайға жеткізу АҚШ-тың сәуірде енгізген шектеулерінен кейін қайта басталады деп күтілуде.

CAC мәлімдемесіне сәйкес, Nvidia-дан Қытайға сатылған H20 есептеу чиптерінің қауіпсіздікке байланысты тәуекелдері, соның ішінде ықтимал осалдықтар мен бэкдорлар туралы нақты түсініктеме беру және тиісті дәлелдер ұсыну талап етілген.

Реттеуші органның хабарлауынша, Nvidia-ның ЖИ чиптерінде елеулі қауіпсіздік осалдықтары болуы мүмкін. Бұған қоса, АҚШ заң шығарушылары экспортталатын озық чиптерге бақылау функцияларын міндетті түрде енгізуді де талап еткен болатын.

Дженсен Хуанг Вашингтон мен Бейжің арасындағы шиеленістен шығатын жол табуы керек. Фото ca.news.yahoo.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Julia Demaree Nikhinson

CAC сонымен қатар америкалық ЖИ сарапшылары Nvidia есептеу чиптерін «қадағалау мен бақылау» және «қашықтан өшіру» сияқты жетілдірілген технологиялар деп бағалағанын атап өтті.

2024 жылдың мамырында АҚШ сенаторы Том Коттон мен екі партиядан құралған сегіз конгресмен «Чиптердің қауіпсіздігі туралы АҚШ заңын» ұсынды. Бұл заң жобасы Nvidia сияқты жартылай өткізгіш өндіруші компанияларға өздерінің ЖИ чиптеріне қауіпсіздік және оралдың орналасуын тексеру механизмдерін енгізуді міндеттейді.

Заң жобасының бастамашысы, Демократиялық партияның өкілі Билл Фостер және тәуелсіз техникалық сарапшылар Reuters агенттігіне берген сұхбатында чиптерді бақылау технологиясы әлдеқашан бар екенін және оның көп бөлігі Nvidia чиптеріне ендірілгенін мәлімдеген. Осының бәрі Қытайдың реттеуші органдарының чиптердің қауіпсіздігіне деген күмәнін күшейткен.  

Соңғы апталарда көптеген америкалық заң шығарушылар H20 чиптеріне қатысты шектеулердің алынып тасталуына қарсы шығып, бұл Қытайдағы жасанды интеллектің дамуын жеделдетуі мүмкін екенін ескерткен.

Бейжіңнің H20 чиптеріне қатысты шешімі Nvidia-ның CEO-сы Дженсен Хуанг үшін жаңа геосаяси қиындық туғызуда. Ол Вашингтонның жартылай өткізгіштерге қатысты саясаты мен Қытайдағы табысты нарыққа жету ниетінің ортасынан қисынды жол табуы керек.

Дженсен Хуанг H20 чиптерінің сатылымы қайта жанданады деп мәлімдеме жасаған. Осы жаңалықты ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуден кейінгі Бейжіңге жасаған сапары барысында жариялаған.

2024 жылдың мамырында Nvidia компаниясы сатылмай қалған H20 чиптері үшін 4,5 млрд АҚШ долларын шығын ретінде тіркеді. Компанияның айтуынша, соңғы қаржы тоқсанындағы табыс экспорттық шектеулер болмағанда 2,5 млрд АҚШ долларына артық болар еді. Сондай-ақ осы аптада Nvidia Қытайдағы сұранысты қамтамасыз ету үшін TSMC мердігерінен 300 000 H20 чипсетіне тапсырыс бергені белгілі болды.

Backdoor – компьютердің, құрылғының немесе желінің қауіпсіздік жүйесіне жасырын кіру жолы. Фото wallstreetpit.com сайтынан алынды

Қысқаша анықтама

Ағылшыннан аударғанда backdoor – «артқы, жасырын есік» деген мағына береді. Компьютер қауіпсіздігіндегі жүйеге, құрылғыға немесе желіге кірудің жасырын, рұқсат етілмеген жолын білдіреді. Ол стандартты аутентификация мен қауіпсіздік процедураларын айналып өтіп, қаскөйлерге деректерді қашықтан басқаруға немесе оларды ұрлауға мүмкіндік береді. Мысалы, америкалық билік қытайлық электрлі көліктер мен технологиялық құрылғыларда бэкдорлар жасырылған деп санайды. Ол болашақта зиянды әрекеттер жасау үшін әзірлеушінің әдейі қалдырған «есігі» болуы мүмкін.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.