Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы желіде банктен несие алу мәселелеріне қатысты манипуляциялық ақпараттың таралып жатқанын ескертеді, деп хабарлайды astana24.com.
Орталықтың мәліметінше, желіде белгілі бір санаттағы азаматтар үшін "несие алу мүмкіндігі шектелетіні" туралы хабарламалардың белсенді таралуы тіркеліп отыр. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Өйткені несие беру туралы шешімді банктер әрқашан қарыз алушының төлем қабілеттілігін кешенді бағалау негізінде қабылдаған және қабылданады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметінше, қазіргі уақытта белгіленген нормативтер, соның ішінде шекті мәні 0,5-ті құрайтын борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) қолданыста. Ал борыштың табысқа қатынасы (БТҚ) көрсеткіші қазіргі уақытта талдау сатысында және оның бекітілген мәні жоқ.
Реттеудегі өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі және олар бойынша ресми түсіндірмелер беріледі", – делінген хабарламада.
Орталық өкілдерінің хабарлауынша, әлеуметтік желілердегі үзілді-кесілді және үрей туғызатын сипаттағы жарияланымдар – манипуляциялық мазмұнның айқын белгісі. Олар көбінесе қолдан дүрбелең тудыруға және күмәнді ақылы қызметтерді ұсынуға бағытталған.
"Орталық азаматтарды мұндай ақпаратқа сын көзбен қарауға, деректерді тек ресми ақпарат көздерінен тексеруге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады", – делінген хабарламада.
