Қазақстанда 2026 жылы зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегі бекітілді – шекті сома ең кемі 79 пайызға өсті, деп хабарлайды astana24.com БЗЖҚ-ға сілтеме жасап.
Бүгін, 6 маусымда Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін айқындаудың өзгертілген әдістемесіне сәйкес, 2026 жылы зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегі жария болды.
"Жаңа әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері болашақтағы нысаналы зейнетақы төлемдерінің көрсеткіштеріне негізделіп айқындалады және салымшының әрбір жасына қарай ай сайынғы төлемдердің келтірілген құнын есептеудің стандартты формуласы арқылы есептеледі.
Аталған формула болашақтағы төлемдердің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер) және қаржылық (кірістілік мөлшерлемелері мен төлемдерді индекстеу көрсеткіштері) факторларды ескереді.
Төлемдердің келтірілген құнын есептеу формуласы қажетті жинақ көлемін анықтаудың халықаралық тәжірибесіне негізделген. Сондықтан есептеу нәтижелері макроэкономикалық көрсеткіштер болжамдарының өзгеруіне азырақ тәуелді болады. Сонымен қатар есептеулерде бұрынғыдай республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін ең төменгі зейнетақы мен ең төменгі жалақы мөлшерлері пайдаланылады", – делінген БЗЖҚ хабарламасында.
Бұл ретте БЗЖҚ формулада жинақтың бір бөлігін пайдаланған сәттен бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңде түсетін болашақ зейнетақы жарналары есепке алынбайтынын ескертті.
"Мұндай тәсіл жинақтарының бір бөлігін пайдаланған азаматтардың болашақта төмен мөлшердегі жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған.
Сонымен бірге зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге пайдалану құқығы сақталады. Зейнетақысы бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй және емделу мақсаттарына жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтар мен мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын тұлғалардың зейнетақы шотында қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығы бар", – дейді БЗЖҚ өкілдері.
Қор мәліметінше, ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтарды пайдалану мүмкіндігі де сақталады.
"Алайда азаматтардың болашақта жеткілікті әрі тұрақты зейнетақы төлемдерін алуын қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып, алуға болатын қаражат көлемін айқындау тәсілдері жетілдірілуде.
ТЖШ мөлшері салымшының жасына қарай 79 пайызға және одан жоғары өсті. Яғни зейнеткерлік жас жақындаған сайын болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қойылатын талаптар күшейіп, зейнетақы шотында сақталуға тиіс қаражат көлемі де артады. Осыған байланысты зейнеткерлік жасқа жақындаған азаматтар үшін ТЖШ мөлшері екі еседен астам ұлғайды.
Бұл олардың зейнетақы жинақтарының шоттарында сақталып, әрі қарай инвестициялануын қамтамасыз етеді және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің едәуір артуына мүмкіндік береді. Бұрынғы әдістеме бойынша жинақтың бір бөлігін алғаннан кейінгі төлемдер медиандық жалақының шамамен 15 пайызын құраса, жаңа әдістеме бойынша бұл көрсеткіш медиандық жалақының шамамен 40 пайызына дейін жетеді.
Осылайша, ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындаудың жаңа әдістемесі салымшылар үшін неғұрлым ашық әрі болжауға ыңғайлы және халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың зейнеткерлік кезеңде тұрақты зейнетақы кірісімен қамтамасыз етілуіне бағытталған", – делінген БЗЖҚ түсініктемесінде.
