in

Деректер орталығы неге «суды көп ішеді»?

Gizmodo.com сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz деректер орталықтарына қажет су көлемінің өсуін түсіндіреді.

Ғалымдар 2030 жылға қарай АҚШ-тағы деректер орталықтарына өте мол су ресурсы қажет болатынын болжауда. ЖИ-дің қарқынды дамуы су сұранысын күрт өсіріп жіберді. Бұл қорытынды Калифорния университеті (Риверсайд) электр және компьютерлік инженерия кафедрасының доценті Шаолэй Рен жетекшілік еткен жаңа зерттеуде жасалды. Зерттеушілердің айтуынша, қоғамдық су жүйелерінің шектеулі мүмкіндігі деректер орталықтарының әрі қарай өсуіне «тосқауыл» болуда. 

Рен Gizmodo-ға берген пікірінде: «Бұл компаниялар пайдаға жұмыс істейді ғой. Демек, мұнда бір нәрсе дұрыс емес», – дейді.

Неге деректер орталықтары «суды көп ішеді»? Деректер орталықтары тәулік бойы тоқтамай жұмыс істейді, серверлер мен желілік жабдықтар тығыз орналасқандықтан көп жылу бөледі. Қызуды басудың ең тиімді жолы – сұйықтықпен салқындату. Бірақ бұндай жүйеге көп су қажет. Техкомпаниялар «жабық контурлы» жүйелер суды қайта айналдырады дейді. Алайда іс жүзінде көптеген орталықтар жылуды сыртқа шығару үшін буландыратын мұнараларды қолданады. Бұл суды азайтпайды, қайта көп жұмсатады.

Зерттеу дерегі бойынша, буландыру арқылы салқындататын ірі орталықтардың ең ыстық күндердегі тәуліктік шыңы 3,8 млн литрдан асады. Ал кей жоспарланған нысандарда бұл көрсеткіш 30 млн литрге дейін жетуі мүмкін.

Қалалық су инфрақұрылымы ең жоғары сұранысты кез келген сәтте көтере алатындай жобаланады. Сондықтан маңыздысы – жылдық орташа емес, дәл шыңдық (пиктік) тұтыну. Рен командасы ашық деректерді (мемлекеттік жазбалар, су шаруашылығы базалары) талдап, АҚШ деректер орталықтарының 2030 жылға қарай пик кезіндегі сұранысы тәулігіне 5,5 млрд литрге жетуі ықтимал екенін есептеген. Бұл Нью-Йорктың орташа тәуліктік су көлемімен деңгейлес. Бұндай қосымша қуат салу құны 10-58 млрд доллар болуы мүмкін және ауыртпалықтың бір бөлігі деректер орталығы орналасқан муниципалитеттерге түседі. Шаолэй Рен бұл бағалауды «өте консервативті» деп атайды.

Су тапшылығы жаңа деректер орталықтарын салу жобаларын қымбаттатып, кешіктіріп, тіпті ауқымын қысқартуы мүмкін. Су жетпегенде орталықтар құрғақ салқындатуға (ауаға) көшуге мәжбүр болады. Ол тиімсіз, электр тұтынуын өсіріп, жазғы шыңда желіні одан сайын қысады.

Ғалымдар шешім ретінде мынаны ұсынады. Бірінші, деректер орталықтары пиктік су тұтынуды ашық жариялауы керек. Екінші, инфрақұрылымды жаңартуға корпоративтік қаржыландыру көздерін тарту қажет. «Тұрғындар бұндай жаңартуды көтере алмайды. Бізге корпоративтік қолдау қажет», – дейді Рен.