in

Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі жаңа тәсілмен есептеледі: БЖЗҚ өзгерісті түсіндірді

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу үшін ең төменгі жеткілікті шек белгіленген. БЖЗҚ ең төменгі жеткілікті шекті есептеудегі жоспарланған өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com.

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе емделу ақысын төлеуге пайдалана алады. Негізгі шарт – ақшаны алғаннан кейін шоттағы қалған сома болашақ зейнетақыны қамтамасыз етуге жеткілікті болуы керек, яғни ең төменгі жеткіліктілік шегіне сәйкес келуі керек.

Енді ең төменгі жеткілікті шекті анықтау әдістемесін өзгерту жоспарланып отыр, бұл біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй мен медициналық мақсатта пайдаланғысы келетін азаматтарға қойылатын талаптарды қатаңдатуы мүмкін.

Өзгерістер ең төменгі жеткілікті соманы көтеруге ғана қатысты емес, оны анықтау тәсілін өзгерту туралы. Оның мәні мынада: ақшаның бір бөлігін алғаннан кейін салымшының шотында ең төменгі ғана емес, сонымен қатар жеткілікті зейнетақы алуға мүмкіндік беретін сома қалуы керек.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдерінің (БЖЗҚ) түсіндіруінше қазіргі әдістеменің бірнеше осал тұсы бар:

Қазіргі әдістеме бойынша, азамат зейнетақы жинақтарының төменгі жеткілікті шегінен асатын бөлігін пайдаланған жағдайда міндетті зейнетақы жарналарын аударуды одан әрі қарай жалғастырады деп болжанған. Мұндай жағдайда болашақта шамамен қазіргі күнкөріс минимумы деңгейін, яғни 50 мың теңгеге жуық төлем алуы мүмкін.

Алайда іс жүзінде жарналар тұрақты аударылмауы немесе мүлде тоқтауы мүмкін. Соның себебінен бүгінгі төменгі жеткілікті шек болашақ зейнетақы көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ете алмайды деген қауіп бар. Жарналар уақытылы аударылып, іс жүзіндегі төменгі жеткілікті шек мөлшерін қамтамасыз еткеннің өзінде 50 мың теңге көлеміндегі жинақтаушы зейнетақы бүгінгі медианды жалақының 15 пайызына да жетпейді. 

​Жаңа әдістеме бойынша төменгі жеткілікті шек қалай есептеледі

Ең төменгі жеткілікті шекті анықтаудың жаңа әдістемесі азаматтарға зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары және болжамды деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа тәсілге сәйкес ТЖШ-дан жоғары жинақтарды алғаннан кейін болашақ жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианды жалақының кемінде 40 пайыз деңгейіне жуықтайды (Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025 жылғы төртінші тоқсанда оның мөлшері – 339 912 теңге).

Сонымен қатар ұсынылған әдістемеде жеткіліктілік шектері болашақ жарналарға және көптеген макроэкономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы болжамды өзгерістеріне байланысты болмайды. Төменгі жеткілікті шектің шамалары ұлттық статистиканы ескере отырып, БҰҰ үнемі жаңартып отыратын Қазақстан халқының демографиялық кестелерін қоса алғанда, ұзақ мерзімді факторлар негізінде айқындалады. Тиісінше азаматтар болашақ зейнетақы мөлшерін болжай алады.

Төменгі жеткілікті шектің мөлшері қазіргідей салымшының жасына байланысты болады: азамат зейнеткерлік жасқа неғұрлым жақын болса, болашақ зейнетақыны қамтамасыз ету үшін ТЖШ деңгейі соғұрлым жоғары болуы керек.

Төменгі жеткілікті шекті анықтау үшін болашақ зейнетақы төлемінің құнын есептеудің классикалық формуласы пайдаланылады. Басқаша айтқанда, жаңа формула бойынша жинақтардың ең аз сомасы, яғни мақсатты мөлшерде зейнетақы алуды қамтамасыз ету үшін салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) болуға тиіс төменгі жеткілікті шектің шамасы айқындалады. Сонымен қатар, болашақ төлемдерді есептеу инфляция мен инвестициялық кірістің әсерін ескереді, яғни болашақ төлемдердің мөлшері инфляцияны ескере отырып нақты мәнде өседі.

Осылайша, төменгі жеткілікті шекті айқындаудың жаңа әдістемесі зейнетақы төлемдері есебінен салымшының кірісін алмастыру коэффициентінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттырады.