in

Интернетте жұмыс істеу оңай әрі ыңғайлы болады: жасанды интеллект көмекшілікке келеді

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, интернетті қолдану тәжірибесі қалай өзгеретінін талдайды.

OpenAI браузері пайдаланушы әрекеттерінің бір бөлігін веб-сайттарға бағыттамай, ChatGPT-ге ұқсас чат-интерфейс арқылы орындайтынды. Фото deccanchronicle.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP

OpenAI жасанды интеллект негізіндегі веб-браузерін шығармақшы. Ол ғаламторда үстемдік құрып келген Alphabet компаниясының Google Chrome браузеріне тікелей бәсекелес болмақ. Бұл туралы Reuters агенттігіне жағдайдан хабардар үш дереккөз мәлімдеген.

Олардың айтуынша, браузердің іске қосылуы алдағы апталарға жоспарланған. Жаңа өнім пайдаланушылардың интернетті қолдану тәсілін түбегейлі өзгерту үшін жасанды интеллекті пайдаланатын болады. OpenAI осылайша Google табысының негізі – пайдаланушы деректеріне тікелей қол жеткізе алады.

Егер ChatGPT-тің апта сайынғы 500 миллион белсенді қолданушысы OpenAI браузерін қолдана бастаса, бұл Google-дің бәсекелестік артықшылығы болып табылатын жарнама ағынына елеулі қысым түсіруі мүмкін. Chrome – Alphabet-тің жарнамалық бизнесінің тірегі. Браузер компания кірісінің шамамен үштен екісін қамтамасыз етеді. Себебі Chrome пайдаланушы туралы ақпарат беріп, Alphabet-ке жарнаманы тиімді және табысты таргеттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Chrome іздеу трафигін ұдайы Google-дің іздеу жүйесіне бағыттап отырады.

Екі дереккөздің айтуынша, OpenAI браузері пайдаланушы әрекеттерінің бір бөлігін веб-сайттарға бағыттамай, ChatGPT-ге ұқсас чат-интерфейс арқылы орындайтындай етіп жасалған. Тағы бір дереккөз бұл браузер OpenAI-дің өз қызметтерін тұтынушылардың күнделікті және кәсіби өміріне енгізуді көздейтін ауқымды стратегиясының бір бөлігі екенін атап өткен. Бұл мәселеге байланысты жария түрде сөйлеуге құқығы жоқ болғандықтан дереккөздер өз есімдерін атамауды өтінген.

Технологиялық алпауыт Google мен Anthropic секілді стартаптар тарапынан қатты бәсекеге тап болған OpenAI өсу үшін жаңа бағыттар іздей бастады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды

Кәсіпкер Сэм Альтманның басшылығымен OpenAI жоғары технологиялар саласында үлкен серпіліс жасап, 2022 жылдың қарашасында жасанды интеллектке негізделген ChatGPT чат-ботын іске қосты. Бастапқы жетістікке жеткеннен кейін OpenAI технологиялық алпауыт Google мен Anthropic секілді стартаптар тарапынан қатты бәсекеге тап болды және өсу үшін жаңа бағыттар іздей бастады.

Мамыр айында OpenAI 6,5 миллиард долларға Apple-дің жасанды интеллект құрылғыларын жасап жатқан IO стартапын сатып алып, аппараттық қамтамасыз ету нарығына шығатынын жария етті.

Дереккөздердің айтуынша, веб-браузер OpenAI-ге Operator секілді өзінің ЖИ-агенттерін тікелей веб-бет қарау процесіне кіріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша браузер пайдаланушының атынан түрлі тапсырмаларды автономды түрде өзі орындайды.

Браузердің пайдаланушының атынан интернетте түрлі тапсырмаларды автономды түрде орындауы оны ЖИ-агенттер үшін мінсіз платформа етеді. Бұл агенттер, мысалы, пайдаланушының атынан саяхат кезінде отельдерді брондау немесе формаларды толтыру сияқты әрекеттерді дәл сол веб-сайттарда өзі орындай береді.

Жаңа өнімдерді ұсынғанымен OpenAI-ді үлкен сынақ күтіп тұр. Аналитикалық StatCounter компаниясының мәліметінше, қазіргі таңда 3 миллиардтан астам қолданушысы бар Google Chrome әлемдік браузер нарығының үштен екісін иеленіп отыр. Ал екінші орында тұрған Apple компаниясының Safari браузерінің үлесі небәрі 16%-ға тең. Ал OpenAI болса, өткен айда ChatGPT-нің 3 миллион ақылы бизнес-пайдаланушысы бар екенін хабарлады. 

Жасанды интеллектке негізделген танымал іздеу жүйесін жасаған Perplexity компаниясы өзінің Comet атты ЖИ браузерін іске қосты. Бұл браузер де пайдаланушының атынан әрекет ете алады. Ал The Browser Company және Brave секілді жасанды интеллектке бағытталған екі стартап ЖИ-мен интернет-контентті шолып, талдай алатын браузерлерін шығарды.

Alphabet-тің жарнаманы тиімді бағыттауына (таргеттеуге) көмектесіп, табысын өсірген Chrome браузері пайдаланушы туралы деректерді молынан жинай алады. Бұндай монополияны шектегісі келген АҚШ-тың Әділет министрлігі Alphabet-тен браузерін сатуды да талап етті. Өйткені өткен жылы АҚШ судьясы Google-дің басты компаниясы онлайн-іздеу нарығында заңсыз монополия құрғанын анықтаған еді.

OpenAI браузері Google-дің ашық кодты Chromium платформасы негізінде жасалған. Chromium – Google Chrome және Microsoft-тың Edge, Opera сияқты басқа да бәсекелес браузерлерінің бастапқы коды.

Өткен жылы OpenAI Google Chrome дамуына ұзақ уақыт бойы қатысқан екі вице-президентті жұмысқа алды. Олардың тағайындалуы және OpenAI-дің бұрын браузер жасау мүмкіндігін қарастырғаны туралы алғаш болып The Information хабарлаған еді. Сәуір айында OpenAI басшысы егер антимонополиялық органдар Google Chrome-ды сатуға мәжбүр етсе, компания оны сатып алуға дайын екенін де мәлімдеген. Бірақ Alphabet-тен Google Chrome-ды сатуға шығарған жоқ. Компания браузерге қатысты монополия шешіміне шағымдануды жоспарлап отыр.

OpenAI-дің жеке браузер жасауында тағы бір себеп бар. Бір дереккөздің айтуынша, OpenAI басқа компанияның браузеріне тек плагин жасап қана қоймай, жинақталатын деректерге көбірек бақылау жасау үшін жеке браузер құруды ұйғарған. Қолданушы туралы көп деректер – көп табыс көз екені белгілі. 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.