Қазақстанда қарыз алушылардың несие тарихына ломбардтан берілетін микронесиелер әсер етпейді. Тиісті қаулы жобасы дайындалды. astana24.com тілшілері ережедегі өзгерістерді нақтылады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбард клиенттерінің қаржылық жағдайын жақсартуды көздейтін қаулы жобасын жариялады.
Атап айтқанда, мүлікті кепілге қою арқылы алынған ломбард несиелері бойынша кейбір деректерді кредиттік есебінен алып тастау жоспарланып отыр:
Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа ережелер бойынша ломбардтан алынған кепілді несиелердің несие тарихында мерзімі өткен төлемдер туралы мәліметтер көрсетілмейді. Шарт жабылғанға дейін есепте оның тек "Жарамды" деген мәртебесі ғана көрінеді.
Агенттіктің мәліметінше, ломбардқа жүгінген кезде қарыз алушының кепілге қойған мүлкін қайтарып алу ниеті болмауы мүмкін. Ломбардтарға көбінесе иесі үшін құндылығын жоғалтқан зергерлік бұйымдар өткізіледі.
Сондықтан ломбард микронесиесін өтемеу немесе мерзімінің өтіп кетуі қарыз алушының төлем қабілетсіздігін немесе қаржылық тәртібінің төмендігін білдірмейді.
Қазіргі уақытта жоба талқылау сатысында, сондықтан жаңа ережелер әлі күшіне енген жоқ.
