Күні бүгінге дейін бұл ломбардтардан қарапайым халық 2 триллион 558 миллиард теңге қарыз алған. Олардың активінің 71,3%-ы микронесиеге тиесілі. Яғни, халық үстінен пайда тауып, күн көріп отыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Айқын басылымына сілтеме жасай отырып.
Олардың жазуынша, ломбардтардың жиынтықты төл капиталы 268 млрд теңгені құрайды немесе жалпы активтегі үлесі 24,7% ғана.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша (одан өзекті мәліметті ведомство әлі күнге жарияламады) Қазақстанда 908 микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйым болса, соның басым көпшілігі – 480-і ломбард. Микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) саны – 213, кредиттік серіктестіктердің саны – 215.
2023 жылы елде ломбардтар саны 548 болса, 2024 жылы – 521-ге, 2025 жылы – 480-ге дейін азайды. Соған қарамастан, олардың қазынасы екі жылда екі еседей өскен: 2023 жылғы 252 миллиардтан 2025 жылы 420 миллиард теңгеге дейін артты. Тек биылғы жыл басынан бері ломбардтардың табысы 13,2% ұлғайыпты. Бұл сандар Қазақстанда ломбардтардың қарқынды жабылып жатқанын емес, тек компаниялардың бір-біріне қосылып, іріленіп, саланың олигополиялана бастағанын білдірсе керек.