in

Америкалық банкир: «Еуропа, сендер ұтылып жатырсыңдар»

Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz , ЕуроОдақтағы экономикалық жағдай мен дағдарыстың себептерін бағалайды.

JPMorgan Chase банкінің бас директоры Джейми Даймон: «Бұл – жақсы емес. Сендер ұтылып жатырсыңдар». Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Bloomberg / Patrick Bolger

JPMorgan Chase банкінің бас директоры Джейми Даймон Еуропаның өсім моделінің бұзылғанын айтып, батыл реформалар жүргізілмесе, кәрі құрлық артта қалып қоятынын ескертті.

Еуропа экономикасының қазіргі жағдайына жасалған талдаған Даймон Дублинде сөйлеген сөзінде ЕуроОдақтың АҚШ пен Қытайдан көп артта қалып қойғанын айтқан. Оның ойынша, соңғы 15 жылда Еуропаның АҚШ-пен салыстырғандағы ЖІӨ үлесі 90%-дан 65%-ға дейін қысқарған.

«Бұл – жақсы емес. Сендер ұтылып жатырсыңдар», – деді ол Ирландияның сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған шарада.

Еуропа баяу экономикалық өсіммен, капитал нарығының бөлшектенуімен және мүше елдердегі реформаларға бейқам көзқараспен күресіп жатқаны белгілі. Уолл-стриттің ең ықпалды тұлғаларының бірі тарапынан айтылған мұндай қатаң сын оның осал тұстарына дәл тиді. Даймонның айтуынша, түбегейлі құрылымдық реформалар мен инвестициялар болмаса, Еуропа әлемдік маңызынан айырылуы мүмкін.

2006 жылдан бері JPMorgan-ды басқарып келе жатқан Даймон банктің жаһандық қаржы дағдарысы мен COVID-19 пандемиясын еңсеру стратегиясын ұсынып, іске асырған CEO. Ол қазір де геосаяси және экономикалық тұрақсыздықтар кезеңінде ірі қаржы ұйымына басшылық жасап келеді. Ол Еуропа елдерін толыққанды экономикалық интеграцияны аяқтауға, шынайы біртұтас нарық құруға шақырды. Бұл нарық банк секторын, капиталды, корпоративтік есептіліктің ашықтығын, климаттық саясатты және валюта нарығындағы айқындықты қамтуы керек. Ол үлгі ретінде Ирландияны, Сингапурды және Оңтүстік Кореяны атады. Өйткені бұл елдер тиімді саясат жүргізу арқылы жоғары экономикалық әлеует көрсетіп отыр.

Джейми Даймон: «ЕуроОдақ дамығысы келсе экономикасын түбегейлі реформалауы тиіс». Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Evelyn Hockstein

Бұл Джейми Даймонның Еуропалық Одаққа алғаш рет жасаған ескертуі емес. Осы жылы акционерлерге жазған хатында банкир Еуропада «шешуді қажет ететін елеулі проблемалар» бар екенін айтып, құрылымдық кемшіліктерді сынаған болатын. Оның айтуынша, ЕуроОдақ елдері даму үшін өз экономикасын «түбегейлі реформалауы тиіс». Алайда Даймонның соңғы мәлімдемелері ЕуроОдақтың құлдырауды тоқтатуға аз ғана уақыты қалғанын көрсетеді.

Ирландияда Даймон тек Еуропа жайлы емес, жаһандық нарықтар туралы да айтты. Ол қаржы нарықтарының инфляциялық тәуекел мен АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені көтеру ықтималдығын елеусіз қалдырып отырғанын ескертті. Саудагерлер бұл ықтималдықты 20% деп бағаласа, Даймон оны 40-50% шамасында көреді. «Бұл – алаңдатарлық жағдай» дейді ол.

Даймон инфляцияны үдететін бірқатар факторларды атады. Оның бастылары: Дональд Трамптың жаңа тарифтік бастамасы, үкіметтік шығынның өсуі, иммиграциялық шектеулер, демографиялық өзгерістер және жаһандық сауданың қайта құрылуы.

«Өкінішке қарай, нарықта өзін-өзі тыныштандыру жағдайы байқалады. Көп мақтан сөздер айтылып жатыр. Бәлкім, бір күні мүлде басқа реакцияны көретін болармыз», – дейді ол.

Нарықтар әзірге Трамптың «мысқа 50%, ал фармацевтика өнімдеріне 200% кедендік баж салығын енгізем» деген қауіптерін елемей отыр. Даймонның айтуынша, инвесторлар «Трамп ақырында райынан қайтады» деген сенімге тым арқа сүйейді. Уолл-стритте бұл құбылысқа TACO (Trump Always Chickens Out – Трамп әрқашан шегінеді) деген атау берілген. Дегенмен Даймон бұл жолы жағдай басқаша болуы мүмкін екенін меңзеді. Жағдай еуропалықтар күткендей болмаса, салдары өте ауыр болмақ.

Ең қызығы – JPMorgan Еуропаға өзі де инвестиция салып жатыр. Ол ірі қалаларда кадр мен операцияларға қаржы құйып отыр. Сондықтан Даймонның сыны құрлықтағы өсімге сенетін адамның аузынан шыққаны таңғаларлық. Теориялық тұрғыда ол Еуропаға үмітпен қарауы тиіс еді. Алайда банкирдің өзі дабыл қағуда. Бұл оның болжамдарын бұрынғыдан да ауырлата түседі. Оның әрекетке шақыруын елемеуге болмайтынын көрсетеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.