Quartz сайты жариялаған хабарламаға сүйеген Aikyn.kz жасанды интеллектіні араб шөлінде дамыту болашағын талдайды.
Сауд Арабиясы Корольдігінде өткен бизнес-форумда жарияланған ақпараттан кейін Nvidia-ның нарықтық капиталы 3,3 трлн долларға жетті. Әлемдегі қарулану жарысында жаңа майдан Бейжің емес, Эр-Рияд болатын сияқты.
Сәрсенбі күні (14 мамыр) таңертең жарияланған Nvidia-ның ресми мәлімдемесінде АҚШ-Сауд Арабиясы форумы жаһандық технологиялардағы үлкен өзгеріс ретінде сипатталады.
Президент Дональд Трамп сейсенбі күні (13 мамыр) Сауд Арабиясының астанасына салтанатты қабылдауға келді. АҚШ президентінің №1 бортын Сауд Арабиясының алты F-15 жойғыш ұшағы қоршап, Эр-Рияд әуежайына зор салтанатпен қондырды.
Жерде өткен бизнес форумда оған америкалық технологиялық компаниялардың өкілдері, оның ішінде Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг, Amazon бас директоры Энди Джасси, OpenAI бас директоры Сэм Альтман және Alphabet бас директоры Рут Порат қосылды.Сауд Арабиясының ЖИ жүйелерін өзінде дамыту бағдарламасы жаһандық ЖИ нарығына қосымша 1 трлн доллар қосылатынын көрсетті. Бұл мәміле Nvidia акцияларын шарықтатты. Кездесудің басты мақсаты Nvidia мен Сауд Арабиясының Humain жасанды интеллект құрылымы арасында маңызды жаңа серіктестік құру болды. Екі компания арасындағы мәміленің бір бөлігі ретінде Nvidia Корольдіктің бірінші суперкомпьютерін қуаттандыру үшін 18 000 жаңа буынды Blackwell чиптерін сатады.
Алдағы бес жылда Сауд Арабиясы Vision 2030 мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тәуелсіз модельдерді оқыту және орналастыру үшін ЖИ деректер орталықтары желісін құруды жоспарлап отыр.
Жасалған мәміленің нәтижесінде Nvidia акциялары сейсенбіде (13 мамыр) шамамен 6% қымбаттады және сәрсенбіде ашылғанға дейін тағы 3%-ға өсті. Бірақ сыншылар бұндай келісімнің ұзақ мерзімді тәуекелдердің салдарынан орындалуына күмәнмен қарайды.
Президент Трамп пен Тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман АҚШ пен Сауд Арабиясының жетекші бизнес өкілдерімен Эр-Риядтағы инвестициялық саммитте. 2025 жылғы 13 мамыр, Эр-Рияд, Сауд Арабиясы. Фото medium.com сайтынан алынды
Bloomberg хабарлағандай, Трамп бұрынғы Байден әкімшілігі енгізген чиптердің экспортына салынған шектеулерді Сауд Арабиясы мен БАӘ сияқты жақын одақтастар үшін алып тастады. Ондай тыйым мен шектеулер Қытай мен Малайзия үшін қатаңдату жоспарланған.
АҚШ саясатындағы бұндай өзгерістер белгісіздіктің жаңа сұрақтарын туындатуда. ЖИ мүмкіндіктерін авторитарлық мемлекеттерге беруде этикалық және стратегиялық тәуекелдердің бар екені америкалық билікті қатты ойландырады. Ақ Үйдің бүгінгі қожайынын сынаушылар бұндай саяси өзгерістерден кейін ЖИ айналасындағы заңдарды, ережелер мен қадағалауды қайта қарау керектігін айтуда.
Қысқасы, бір жағынан, ЖИ-ге байланысты қырғиқабақ соғысы әлсірегенімен, екінші жағынан, жаңасы ашылып жатқан сияқты. АҚШ-тың Сауда департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Джим Секрето Нью-Йорк Таймс газетіне: «ЖИ-ды кім басқарады – бұл біздің заманымыздың геосаяси мәселесі», – деген екен. Бұл сөздерде шындық бар. Ал, әзірше, Трамп әкімшілігі мәселені шектеумен емес, мәміле жасау арқылы шешуге көбірек басымдық бере бастағаны байқалады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.