in

Арзан сынапты алтынға айналдыратын тәсіл табылды

Aikyn.kz арзан сынапты алтынға айналдыру тәсілін gizmodo.com сайтының материалына сүйеніп түсіндіреді.

Қуаты 1 ГВт термоядролық станса жылына шамамен 5 000 келі алтын өндіре алады. Иллюстрация zmescience.com сайтынан алынды. Авторлығы: Midjourney генеративті ЖИ

Алтын бағасына үнемі көз тігіп жүріңіз. Ғалымдар бұл қымбат металға қатысты жаңа жаңалықтармен бөлісуде. Энергетика саласындағы бір стартап қазіргі заманғы алхимияның формуласын ұсынды. Marathon Fusion атты энергетикалық стартап арзан сынапты термоядролық реакторда алтынға айналдыру тәсілін тапқанын жариялады. 

Сан-Францискода орналасқан Marathon Fusion стартапы өткен аптада алтын бөлшектерін ядролық трансмутация арқылы синтездеудің егжей-тегжейлі жоспары сипатталған препринт (ғылыми мақаланың алдын ала ұсынылған нұсқасы) жариялады.

Ядролық трансмутация – бір элементті екіншісіне айналдыру үшін оның ядросын өзгерту процесі. Мақалада авторлар ұсынған тәсіл жаңа алтын өндірісі арқылы табыс көзіне айналып, қосымша экономикалық және технологиялық артықшылықтар береді деп күтілуде.

Нақты айтқанда, ұсынылған әдіс сынап-198 изотопын термоядролық реакторға енгізіп, оны нейтрондармен атқылауды көздейді. Осы әрекет арқылы сынап әлдеқайда тұрақсыз сынап-197 изотопына айналады. Бұл изотоп өз кезегінде ыдырап, алтын-197-ге, яғни алтынның жалғыз тұрақты изотопына айналады. Аталған процесс шамамен 64 сағат уақыт алады және сутектің изотоптары (дейтерий мен тритий) арасындағы синтез кезінде пайда болатын жоғары энергиялы нейтрондардың үздіксіз бөлінуіне негізделеді.

Термоядролық реакторда таза әрі мол энергия алумен бірге сынапты алтынға айналдыруға да болады. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: National Ignition Facility

Зерттеу авторларының айтуынша, токамак деп аталатын бәліш (пончик) тәрізді құрылғыда қолданылатын арнайы «бланкет конфигурациясы» плазманы ұстап тұру үшін магнит өрісін пайдалана отырып, алтын өндірісін энергия өндіру процесінен бөлек жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни, термоядролық реакторда таза әрі мол энергия алумен бірге сынапты алтынға айналдыруға да болады. Бұл термоядролық реактордың негізгі функциясы – энергия өндіруге кедергі келтірмейді. 

Авторлар мақалаларында: «Мұндай конфигурация термоядролық синтездің дейтерий-тритий отын циклінің талаптарын қанағаттандыра отырып, экономикалық тұрғыдан тиімді алтын өндіруге мүмкіндік береді», – деп жазады.

Егер бұл теориялық болжам іс жүзінде жүзеге асатын болса, онда қуаты 1 ГВт станса жылына шамамен 5 000 келі алтын өндіре алады. Marathon Fusion компаниясының бас директоры Кайл Шиллер мен бас технологиялық директоры Адам Рутковски Financial Times газетіне берген сұхбатында алтынды «қосымша өнім» ретінде пайдалану электр энергиясын өндіретін стансаның табысын екі есе арттыруы мүмкін екенін айтады.

Алайда бұл процестің нәтижесінде тұрақсыз әрі радиациялық тұрғыдан қауіпті алтын изотоптары пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты Рутковски бұл алтынды радиациялық тұрғыда қауіпсіз деп тану үшін оны 14-18 жыл бойы сақтау қажет екенін мойындаған.Зерттеумен бейресми түрде таныс болған кейбір сарапшылар ұсыныстың кейбір бөліктері қызығушылық тудыратынын, ары қарай талқылауға тұрарлық екенін айтуда.

«Қағаз жүзінде бәрі өте жақсы көрінеді және мен сөйлескен әріптестерім де бұл идеяға қызығушылық танытып отыр», – дейді Financial Times басылымына АҚШ энергетика министрлігінің Принстондағы Ұлттық зертханасының плазма физигі Ахмед Диалло. Ол бұл зерттеуге тікелей қатыспаған.

Әрине, жылтырағанның бәрі алтын емес. Алайда Marathon Fusion компаниясының болжамы іске асырылса, онда сынаптан алтын жасайтын заманауи алхимияға қол жеткізуіміз мүмкін. 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.