BBC News материалына сүйенген Aikyn.kz екі ірі экономика арасындағы келісімнің көлеңкелі тұстарын түсіндіреді.
Президент Дональд Трамп Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен Шотландияда өткен шешуші келіссөздерден кейін Еуроодақтан әкелінетін барлық тауарларға 15% кедендік тариф енгізуге келісті. Бұл Трамп жұмада (1 тамыз) енгізуді жоспарлаған 30%-дық импорттық тариф мөлшерінің жартысына тең. Америкалық президент сондай-ақ Еуроодақтың 27 мемлекеттен тұратын блогы АҚШ экспорттаушылары үшін өз нарықтарын ашып, кейбір тауарларға нөлдік баж салығы енгізетінін жариялады.
Урсула фон дер Ляйен бұл келісімді қолдап, оның әлемдік сауданың үштен біріне жуығына тең екі одақтас үшін тұрақтылық әкелетінін мәлімдеді. Трамп болса бұл тарифтерді жаһандық экономиканы қайта құрылымдау және АҚШ-тың сауда тапшылығын қысқарту мақсатында негізгі сауда серіктестеріне қарсы қолдануда.
Еуроодақтан бөлек, ол Ұлыбританиямен, Жапониямен, Индонезиямен, Филиппинмен және Вьетнаммен де тарифтік келісімдерге қол қойды. Дегенмен бастапқы «90 күнде 90 келісім» мақсатына жете алмады.
Францияның Еуропа істері жөніндегі министрі Бенжамин Хаддад келісімнің кейбір артықшылықтары бар екенін (мысалы, француз бизнесінің алкоголь өнімдері үшін жеңілдіктер), бірақ оны теңгерімсіз деп санайтынын айтады.
«Еуропалық комиссия мен АҚШ арасындағы бұл сауда келісімі америкалық тарифтердің күшею қаупіне ұшыраған экономикалық субъектілерге уақытша тұрақтылық сыйлайды. Алайда бұл келісім теңгерімсіз», – деп жазды Хаддад X желісінде.
Жексенбі күні (27 шілде) Дональд Трамп пен фон дер Ляйен арасында Шотландияның Оңтүстік Эйршир аймағындағы Тернберри гольф клубында өткен жеке кездесуден кейін бұл келісім ресми түрде жарияланды.
Шотландияға бес күндік сапармен келген АҚШ басшысы қысқа кездесуден соң: «Біз келісімге қол жеткіздік. Бұл барлық тарап үшін тиімді келісім. Бұл бізді бір-бірімізге жақындата түседі», – деп мәлімдеді.
Фон дер Ляйен келісімді «қатаң келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген ірі мәміле» деп бағалаған. Трамп сонымен қатар Еуроодақ АҚШ экономикасына 600 миллиард доллар инвестиция құйып (оның ішінде америкалық әскери техника да бар), энергетика саласына 750 миллиард доллар жұмсайтынын мәлімдеді.
Фон дер Ляйеннің айтуынша, алдағы үш жыл ішінде америкалық сұйытылған табиғи газға, мұнайға және ядролық отынға салынатын инвестициялар Еуропаның ресейлік энергия көздеріне тәуелділігін азайтуға көмектеседі.
Кейбір тауарларға кедендік баж салығы салынбайды. Олардың қатарында ұшақтар мен олардың бөлшектері, кейбір химиялық заттар мен кейбір ауыл шаруашылығы өнімдері бар. Жақын арада жартылай өткізгіштерге қатысты келісім де жариялануы мүмкін. Алайда Дональд Трамп енгізген болат пен алюминийге қатысты 50%-дық кедендік тариф әлемнің барлық елдері үшін өзгеріссіз, өз күшінде қалатыны белгілі болды.
«Президент Трампқа бұл серпіліске қол жеткізуге мүмкіндік берген жеке табандылығы мен көшбасшылық қабілеті үшін жеке алғысымды білдіргім келеді. Ол – қатаң келіссөз жүргізуші, бірақ сонымен қатар келісімдер жасай алатын адам», – деді фон дер Ляйен.
Екі тарап та бұл келісімді өз жеңісі ретінде бағалауда. Еуроодақ үшін тарифтер бұдан да жаман болуы мүмкін еді. Олар Ұлыбританиямен жасалған 10%-дық мөлшерден жоғары, бірақ Жапония өткен аптада келіскен 15%-дық мөлшермен тең. АҚШ үшін кедендік баж түрінде қосымша 90 миллиард доллар кіріс түседі дегенді білдіреді. Бұған қоса, енді елге жүздеген миллиард долларлық инвестициялар келетін болады.
Бір нәрсе анық. Дональд Трамп тарихтағы ең ірі сауда келісімін жасады. АҚШ үшін бұл келісімнің көптеген артықшылықтары болса да, Еуроодақ не ұтып отырғаны бізге түсініксіз. Біздің ойымызша, Еуропа үшін америкалық президент басқаша ешқандай мүмкіндік қалдырмаған сияқты.
Фон дер Ляйен сауда қатынастарын «қайта теңестіру» жайында айтқаны ерекше назар аударарлық. Бұған дейін Еуроодақ бұл қарым-қатынасты теңгерімсіз деп есептемеген. Себебі Еуропаның АҚШ-тан сатып алатын қызметтер көлемі экспорттайтын тауарлардан әлдеқайда көп болатын.
Фон дер Ляйен Трамппен келісімге келу үшін әдейі оның тілімен сөйлегендей әсер қалдырды. Кездесу АҚШ президенті Тернберридегі курортта қонақтарымен және отбасы мүшелерімен бірге жаңбыр астында 18 шұңқырлы гольф ойынын аяқтағаннан кейін болған.
Урсула фон дер Ляйен президент Трамппен келісімге келу үшін әдейі оның тілімен сөйлегендей әсер қалдырды (Turnberry, Scotland, Britain. 27 шілде 2025 жыл). Фото france24.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Evelyn Hockstein
Өткен жылы Еуроодақ пен АҚШ арасындағы тауар айналымы шамамен 976 миллиард долларды құрады. 2024 жылы АҚШ Еуроодақтан-тан 606 миллиард долларға тауар импорттап, 370 миллиард долларға экспорттаған. Осы сауда тапшылығы Трамп үшін басты мәселе болып келді. Ол мұндай сауда қатынастары АҚШ-тың «ұтылып жатқанын» білдіреді деп санайды.
Егер ол Еуропаға қарсы алғашында айтылған 30%-дық тариф енгізген болса, онда испан фармацевтикалық өнімдеріне, итальян былғарысына, неміс электроникасына және француз ірімшігіне кедендік баж салығы енгізілетін еді. Бұған қарсы Еуроодақ жауап ретінде АҚШ-та өндірілетін автокөлік бөлшектеріне, Boeing ұшақтары мен сиыр етіне қарсы баж салығын енгізуге дайын екенін мәлімдеген.
Еуропалық көшбасшылар бұл келісімді аса сақтықпен қарсы алуда. Ирландия премьер-министрі Михеил Мартин тарифтер бұрынғыдан жоғары болып қала беретінін, бұл сауданы «қымбат әрі күрделі» ететінін атап өткен. Еуроодақ елдері арасында Ирландия – АҚШ-қа экспорт жағынан ең тәуелді мемлекет.
Германия канцлері Фридрих Мерц X желісінде сауда қақтығысы Германияға қатты әсер етуі мүмкін екенін жазды.
«Нарыққа қолжетімділік пен тұрақты, болжамды сауда қатынастары Атлант мұхитының екі жағындағы барлық кәсіпорындар мен тұтынушылар үшін пайдалы», – дейді канцлер.
Италия премьер-министрі Джорджия Мелони келісімді құптағанымен, егжей-тегжейімен танысып шығуы қажет екенін мәлімдеген.
Ұлыбритания премьері Кир Стармер бүгін (28 шілде) Трамппен Тернберриде кездесуді жоспарлап отыр. Ертең (29 шілде) АҚШ президенті Абердинге барады, онда оның отбасының тағы бір гольф алаңы бар. Президент пен оның ұлдары жаңа гольф алаңының ашылу рәсімінде таспа қию салтанатына қатысуды жоспарлап отыр. Келесі айда үшінші алаң ашылады деп күтілуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.