in

АҚШ-тағы орташа жалақыға 6 мың литр, Қазақстанда 1 430 литр бензин сатып аласыз

Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz  Құрама Штаттардағы бензин бағасын салыстырады.

Америкада бензиннің орташа бағасы: 1 литр бензин – 429 теңге. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Thomas Northcut

AAA (American Automobile Association) деректері бойынша бензиннің ең арзан және ең қымбат бағалары штаттарда галлонына (1 галон – 3,8 литр) шамамен 2 долларды құрайды екен.

Электромобильдер АҚШ жолдарындағы барлық көліктердің 2%-ын құрайды. Демек, америкалықтардың басым көпшілігіне бензин бағасы әлі де маңызды саналады. Президент Трамптың саясаты да табиғи отынмен жүретін көліктерді қолдануды ынталандыруға арналған. Қазіргі уақытта бензиннің орташа бағасы галлонына 3,162 долларды құрайды. Яғни, 1 литр бензин Америкада – 429 теңге тұрады. 

Алайда бұл орташа баға. Бакты толтыруға кететін шығын штаттарға байланысты едәуір өзгереді.

AAA ұсынған мәліметтер қай штаттарда бензин ең арзан және ең қымбат екенін көрсетеді. Төмендегі тізімнен қай жерде бензин құны жоғары, ал қай жерде төмен екенін біле аласыз.

Ең қымбат бензин Калифорнияда – 620 теңге литріне. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / James O’Neil

Американың бензин ең қымбат штаттарының бестігі мыналар:

1-орын: Калифорния (ең қымбат). Калифорнияда бензин бағасы ең жоғары – литріне 620 теңге.

2-орын: Гавай. Гавайда орташа баға – 610 теңге / литр.

3-орын: Вашингтон. Вашингтон штатында 1 литр бензин 600 теңге.

4-орын: Орегон. Орегон штатында қарапайым бензиннің орташа бағасы – 548 теңге / литр.

5-орын: Невада. AAA деректері бойынша Невада штатында бензиннің орташа бағасы – литріне 512 теңге.

Миссисипиде бензин ең арзан – 369 теңге / литр. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Llarrybraunphotography.com

Бензині ең арзан 5 штат

1-орын: Миссисипи (ең арзан). Миссисипиде бензин ең арзан – 369 теңге / литр.

2-орын: Оклахома. Оклахомада орташа баға – 376 теңге / литр.

3-орын: Луизиана. Луизианада 1 литр бензин – 378 теңге.

4-орын: Алабама. Алабамада – 379 теңге / литр.

5-орын: Техас. Техаста бензиннің орташа бағасы – 383 теңге.

АҚШ-тағы орташа айлық жалақы 5 000 доллар болса, бұл сомаға Америкада 6 000 литр бензин сатып аласыз. Қазақстанда ресми орташа жалақы 300 307 теңге. Бұндай жалақыға 1 430 литр бензин сатып алуға болады. Қай елде бензин мен өмір сүру деңгейі қымбат екенін салыстыра беріңіз. 

Бұл салыстыру тек бензинге ғана қатысты болса да, халықтың нақты сатып алу қабілетін, тұтыну мүмкіндігін және жанама түрде өмір сүру деңгейін сипаттай алады.

АҚШ-та жалақы мен бензин бағасының арақатынасы азаматтарға әлдеқайда көбірек сатып алу мүмкіндігін береді. Бұл тек бір мысал болса да, ол америкалықтардың өмір сүру деңгейінің жоғары екенін білдіреді. 

Ал Қазақстанда жанармай арзан болғанымен, жалақының төмендігі халықтың нақты тұтынушылық қабілетін шектейді. Демек, бензиннің бағасы ғана емес, табыс деңгейі мен оның сатып алу мүмкіндігі – өмір сапасының шынайы көрсеткіші бола алады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.