in

Бас-басына банк болған өңкей «көке»…

Биыл Президент жаңа Жолдауында тиісті заң жобасын пысықтауды тездетіп аяқтауды және оны жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды. Жаңа заң экономикалық процестерді жандандыруға, банк жүйесін ашық және тұрақты етуге, сондай-ақ қаржы технология­лық (FinTech) сектордың дамуын қолдауға тиіс. 

65 триллионның игілігі қайда?

Мемлекет басшысы Жолдауында бан­кир­лерді сынға алды. Ол жаңа инвес­ти­ция­лық кезеңді ойдағыдай бастау маңыз­ды екенін нықтады. Бұл жағдайда ішкі ре­сурстарды барынша жұмылдырған жөн. Алайда отандық банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салудан, инвестиция құю­дан аяқ тартып отыр. 

Қаржыгерлер оларды осыған заң жү­зін­де міндеттеуді ұсынады. Көрші Ресей со­­ның арқасында соғысқа және жойқын санк­цияларға қарамастан, экономикасын да­мытып отыр. Ал Қазақстанда жыл, ай, күн емес, секунд сайын байыған банк сек­­­­торы күрделі шақта мемлекетке кө­мек­тескені байқалмайды. Үкімет амалсыз сырт­тан қаптатып қарыз алу үстінде. Осы орай­да Президент банктердің негізсіз байып жатқанын ескертті. 

– Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу тал­қыланып жатыр. Осы жұмысты көп созбай қолға алу қажет. Қазақстандағы банк­тердің активтері мен қаражаты да­мыған елдерге қарағанда орта есеппен бір­неше есе көп пайда әкеледі! Себебі біз­дің банктер экономикаға несие бер­ген­нен гөрі қаржылық тәуекелі төмен ба­ғыт­тарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мә­селені депутаттар, сарапшылар үнемі кө­теріп жүр. Ұлттық банк пен Үкімет банк­­­тердің ақшасын экономикаға ба­рын­ша тартудың тиімді тәсілдерін тапсын! Ен­ді бұл мәселені созуға болмайды, шұ­ғыл шешу қажет, – деп тапсырма берді Қ.Тоқаев.

Ол банктер туралы жаңа заңды қабыл­дау да ұзап бара жатқанын айтты. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қаты­су­шы­ларды тарту, қаржы жүйесіндегі тех­но­логияларды ілгерілету және цифрлық ак­­­тивтер айналымын ырықтандыру мә­селелері қамтылғаны маңызды. Сон­дық­тан Президент Үкіметке Қаржы нарығын рет­теу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауды, ал депутаттарға оны жыл соңына дейін қабылдауды жүк­теді. 

Былтыр даяр болғанымен, банктер ту­ралы жаңа заң жобасы өткен аптада ға­на, 15 қыркүйекте Мәжілісте таныс­ты­рыл­ды. Заңды әзірлеуші Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі Мәжіліс пен Се­натты қиын жағдайда қалдырып, тал­қы­лауды асықтыруға мәжбүр етті. Бұл ве­домствоның дерегіне жүгінсек, Қазақ­стан­ның банк секторында бүгінде екінші дең­гейдегі 22 банк бар, оның 14-і – ше-т­елдік капиталдың қатысумен істейді. 

Банктер байыған үстіне байып жатыр де­генге келсек, 2025 жылғы 1 та­­мыздағы жағ­дай бойынша банк секторының ак­тивтері 65,1 трлн теңгеге жетті. Нәти­же­сін­де, тек бір ғана айда, шілдеден бері 246 млрд теңгеге артқан. 2025 жылдың басы­нан бері бірден 3,5 трлн теңгеге өсті. Мұ­най болмаса, мұнша ұшан-теңіз байлық әке­летін басқа бизнесті табу қиын. Банк­терде босқа жатқан 65 триллионнан астам қар­жыны экономиканы дамытуға тиімді жұм­саса, елдің өркендеуі сұрапыл қарқын алар ма еді. 

Қаржылық ұйымдар бос қаржыға отан­дық биржадан долларды молынан са­тып алып, девальвациядан табыс таба­ты­нын қаржыгерлер бұрыннан айтып ке­леді. Содан несиелендіруге нұқсан ке­ле­ді. Банктердің бизнес субъектілеріне бер­ген бүкіл кредиті 14,1 трлн теңгені ғана құ­райды.

Бұл жерде тағы бір мәселе бар: банктер беруін бергенімен, есесіне өте көп сыйақы сұ­райды. Қаржылық реттеушінің мәлі­ме­тін­ше, бизнес субъектілеріне ұлттық валю­­­тада берілген кредиттер бойынша сыйа­қының орташа ставкасы 21,8%-ды құра­ды. Дара кәсіпкерлерді қан-қақсатуда екен: ірі бизнеске теңгедегі кредитін орта­ша 18,9%-бен берсе, жеке кәсіпкерлерден бірден 31,5% сыйақы талап етеді. Жалпы, де­путаттардың айтуынша, Мәжіліске ен­гізілген банктер туралы жаңа заңда эко­но­миканы мол әрі арзандау несиелендіруге мәж­бүрлейтін баптар да, тетіктер де жоқ. Пре­зидент назар аудартқан соң, мұны пар­ламентшілер енгізсе, құба-құп.

Күйзеліс болса, қайсысын құтқарады?

Қазақстан қаржылық-экономикалық дағ­дарыстар кезінде бұрынғыдай банк­тер­ді бюджет, Ұлттық қор, «Самұрық-Қа­зы­на» қоры есебінен құтқару тәжіри­бе­сінен то­лық бас тартпағанымен, оны шектеуі мүм­кін. Қаржы нарығын реттеу агент­тігі­нің төрағасы М.Әбілқасымованың мә­лім­деуінше, баяғы дағдарыстар кезінде алған қар­жысын қайтармаған банктер бар. Қа­рызы 1,3 трлн теңгені құрайды: Еура­зия­лық банкте – 150 млрд, РБК банкінде – 176,8 мдрд, Alatau City Bank-те – 950,2 млрд, Nur Bank-те – 46,8 млрд теңге. 

Жаңа заңда банкрот болуы мүмкін банк­терді реттеу үшін жаңа тетік енгі­зіл­мек. «Қолданыстағы тәсілден негізгі айыр­машылық – дағдарысқа қарсы ре­жим­дердің айқын жүйесіне көшу. Ол әр­бір банктің қаржылық жағдайының на­шарлау дәрежесіне қарай дәйекті, ны­са­на­лы түрде қолданылады. Реттеу тетігі 3 антикризистік режимнен тұрады: бірін­шісі – күшейтілген қадағалау, екіншісі – қаржылық орнықтылықты қалпына кел­тіру, үшіншісі – төлемге қабілетсіз банкті рет­теу не жабу. Режимдердің өзгеруі ал­дын ала белгіленген триггер бойынша жү­зеге асырылады. Бұл реттеушінің уақ­тылы әрекет етуін қамтамасыз етеді», – деді М.Әбілқасымова.

Бұл тәсілдің мәнісі неде? Тіпті, дәуір­леп тұрған банктің өзі ауыр, банкроттық жағ­дайға түсіп қалса, не істейтінін нақты көр­сетіп, егжей-тегжейлі өзіндік «Жол кар­тасын» түзеді. Бұл құжатын банктер жыл сайын өзектілендіріп отыруға міндет­теледі. 

– Мұнда банктердің қаржылық жағ­дайы­ның нашарлауын болдырмау үшін банк­тердің «қалпына келтіру жос­пар­ла­рын» және «реттеу жоспарларын» әзір­леу­ді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі. Қал­пына келтіру жоспары банкті дағ­да­рыстан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шара­ларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және оны жыл сайын жаңарту банк­тердің міндетіне айналады, – деді агент­тік төрайымы.

Сондай-ақ жүйе құраушы банктердің «шы­ғындарды сіңіру қабілетінің жет­кі­лікті деңгейін қолдау талабы» деген енгі­зі­леді. Осы тетік алпауыт қаржылық ұйым­ның төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, оның міндеттемелерін, қарызын ка­пи­талға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау қажеттілігін азайтады.

Әйткенмен, осыдан кейін де жағдай оңал­маса, мемлекет бұрынғыдай бәрібір кө­мекке келеді. М.Әбілқасымованың ай­туын­ша, мемлекеттің коммерциялық банк­терді қолдауға қатысуы тек шектен тыс, шетін шара ретінде және жүйе құрай­тын маңызы бар банктерге ғана қол­да­ны­латын болады. Мұндай жағдайда ком­мер­циялық банк толығымен немесе жартылай мемлекеттік банкке айналады. Яғни, мем­лекеттен қанша млрд теңге көмек ал­са, соған тең көлемде акциясын мем­ле­кет­ке табыстауы керек. Ал қаржылық ор­­­­нықтылығы қалпына келген соң банк ин­весторға сатылады, ал ел қаражаты бюд­жетке қайтарылады.

Банктер «сортқа» бөлінеді

Жаңа заң жобаларының тағы бір жаңа­лығы – Қазақстанда шартты түрде айтқанда «бірінші» және «екінші сортты» банктер пайда болады. Осы мақсатта ли­цензияның 2 түрі енгізіледі: базалық және әм­бебап. Мұның әрқайсысына арнап, рұқсат етілген операцияларының көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бөлек-бө­лек бекітіледі. Мысалы, базалық лицен­зиясы ғана бар банк тартымды пайыз­дары­мен халықтан мол депозит тартса жә­не орасан зор несие таратса, сол арқы­лы өз активінің ауқымын шамамен жарты трлн теңгеден асырып алса, қаржылық рет­теуші одан енді әмбебап лицензия алуын талап етеді. 

– Базалық банктік лицензиясы бар банк­тер үшін активтердің ең жоғары мөл­шері мен меншікті капиталдың ең аз мөл­шеріне шектеулер белгіленеді. Бұл рет­те нақты шекті мәндер заңға тәуелді ак­ті­лерде айқындалады. Қазір активтердің мөл­шерін 500 млрд теңгеге дейін және ка­питалдың ең аз мөлшерін 10 млрд тең­ге­ге дейін шектеу жоспарлануда, – деп ха­­­барлады Мәдина Әбілқасымова. 

Сонымен бір мезгілде осы шағын банк­терге бақылау әлсіретіледі. Агенттік төрағасының сөзінше, пруденциялық нор­мативтер мен қадағалау талаптары бөлі­гінде төмендетілген пруденциялық нор­мативтер белгіленеді. Базалық лицен­зиясы бар банктерді қадағалау жеңіл­де­тіледі. Жыл сайын жасалатын «Қадағалап тек­серу және бағалау процесі» бұларға жеңіл­детілген түрде қолданылады. Инс­пек­ция жүргізу кезеңділігі және берілетін есептілік қысқартылады.

Мұндай жеңілдік беруге шенеуніктер неге барды? Бүгінде банк секторы шектел­ген, олигополияландырылған. 20,4 млн тұ­тынушысы бар қазақстандық нарықта небәрі 22 банк жұмыс істейді, оның үшеуі – мемлекеттік (Отбасы банкі, Қа­зақ­стан даму банкі және ауыл-аймаққа қар­жылық қызмет көрсететін Қазпошта). Са­лыстырғанда, үш еседей аз, 7,3 млн ғана ха­лық тұратын Қырғызстанда 21 ком­мерциялық банк қызмет етеді. Сондықтан агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл жеңіл­дік нарыққа жаңа банктердің келуіне жол ашуға тиіс.

Қаржылық реттеуші әмбебап банк­тер­де «исламдық терезелерді» ашу жоспар­лан­ғанын жария етті. Жаңа заңдар ислам­дық қаржыландыруды дамытуға жағдай жасауға бағытталған. Қолданыстағы ескі заңнама бойынша Қазақстанда исламдық банкингті жүзеге асыруға жеке Ислам бан­кін құру арқылы ғана жол беріледі. Сала дами алмады, елде бар-жоғы екі ис­лам банкі жұмыс істейді – шетелдік «Абу-Даби коммерциялық банкі» және қазақ­стандық Заман банкі. Олардың банк жүйе­сінің активтері мен кредиттік порт­феліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан аз. Ал «Исламдық терезелер» моделі банктерге же­ке банкті құрмай, өз құрылымында ар­найы бөлімшелер ашу арқылы исламдық өнім­дерді ұсынуға мүмкіндік бермек.

Жалпы алғанда, банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті кү­шейту және нарыққа жаңа қатысушы­ларды тарту, сондай-ақ қаржы техноло­гия­ларын ілгерілету, цифрлық теңгенің құ­қықтық мәртебесін бекіту, цифрлық ак­тивтердің айналымына қойылып кел­ген біраз тыйым мен шектеуді жою мә­се­лелері ескеріледі. Парламентте талқылау ба­рысында депутаттар құжаттарды қа­жет­ті жаңа баптармен, тегеурінді тетіктермен толықтырса игі.

Елдос СЕНБАЙ