Жалпы, Сыр өңірінде 2024 жылы экономиканы әртараптандыруда 31 млрд теңгеге 21 инвестициялық жобасы іске қосылыпты. Негізгі, капиталға 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құрады деген ақпарат таратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. Мұның 70.5 пайызы – жеке инвестиция болып табылады. Негізінен, 2025-2029жылдары аймақта құны 1 трлн 900 млрд теңге болатын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде екен.
Биыл да өңірдің өрісін кеңейтетін өміршең жобаларды жүзеге асыруға баса мән беріліп отыр. Соның бірі де, бірегейі – санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауыттың құрылысы басталатын болды. Аталмыш зауыт өндіріс саласында өзіндік тәжірибесі қалыптасқан Испаниялық Roca Group компаниясының ықпалымен жүзеге асырылмақшы. Бұл жайында қос тараптың байланысы негізінде Қызылорда қаласында өткен кездесуде мәлім болды. Ең бастысы, тиісті сала мамандары зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге жол ашады деп отыр.
«Биыл Қызылорда облысы үшін маңызды қадам жасалды. Әлемдік деңгейдегі Roca Group компаниясымен бірлесіп, еліміздегі алғашқы санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісін іске қосу бойынша Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, облыс әкімдігі және компания арасында негіздемелік келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір зауыт салуға 20 гектар жер телімі белгіленген. Зауыт Орталық Азиядағы құрылыс саласындағы ең ірі жобалардың біріне айналады. Бұл – өңіріміздің табиғи ресурстары мен инвестициялық әлеуетінің нақты көрінісі. Біздің басты міндетіміз – инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап, жобаны сапалы әрі уақытылы іске асыру. Жоба тек облыс үшін емес, тұтас Қазақстанның өндірістік әлеуеті үшін маңызды бастама, – деп мәлімдеді бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров.
Жалпы, жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыттың болашағынан үміт зор. Зауыт Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында орналаспақшы. Жалпы құны 70 млн еуроны құрайтын бірегей жобаға арнайы жер телімі белгіленген. Келешекте осының негізінде аймақта 300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруға бағытталған. Ең бастысы, өндіріске қажетті негізгі бес компоненттің үшеуі Қызылорда облысының өзінен қамтамасыз етіледі екен.
Сонымен қатар аймақта қытайлық инвесторлардың қатысуымен 2 ірі зауыт та іске қосылатын болады. Нақты айтқанда, Үкімет тарапынан шыны зауытына көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларына байланысты қытайлық инвестор құны 55 млн АҚШ доллары болатын қосымша 2 жаңа инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлауда. Яғни, кварц құмын байыту және фотогальваникалық күн шынысын өндіру цехтары жұмысын бастайды деп күтілуде.
Негізінен, Қытай Халық Республикасы – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі болып саналады. Былтырғы жылдың қорытындысымен өзара тауар айналымының көлемі 489 млн АҚШ долларына жеткені мәлім болды.
Бұған дейін де аймақта қытайлық инвесторлардың қатысуымен 2 ірі зауыт іске қосылған. Атап айтқанда, жылына 1 млн тонна цемент өндіретін кәсіпорын мен 197 мың тонна шыны өндіретін зауыт қарқынды жұмысын бастады.
Жыл басында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының Қытай мемлекетіне барған сапары да көптеген ауқымды жобаның жүзеге асырылуына мүмкіндік болып тұр. Оның ішінде, көрші елдің 4 өңірінде болып, 34 компания басшысымен келіссөздер жүргізгені мәлім. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына озық технологияларды енгізу бойынша құны 10,8 млрд теңге болатын 9 келісімшартқа қол қойылды.
Осы орайда биыл Қытай технологиясын пайдаланатын 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 397 жұмыс орны ашылмақ. Атап айтқанда, кірпіш зауыты, қағаз және картон шығару, айна өндірісі, жалпы қуаттылығы 90 мегаваттық 3 күн-электр стансасы іске қосылмақ. Сондай-ақ нан-тоқаш, кондитерлік және макарон, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, күріш және ас тұзын өндіру зауыттары да бар. Оның ішінде, түйе сүтінен дайындалатын құрғақ ұнтақ өнімдер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісіміне сәйкес 100 пайыз Қытайға экспортталады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, аймақта жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған бірлескен жобалардың әрбірінің өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру ықпалы зор.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы