in

Бұл кәсіпкер миллиард доллар табу әдісін үйретеді. Бірақ оны Қазақстанға Президент шақыруы керек

Quartz сайты жариялаған хабарламаның негізінде Aikyn.kz жылдам байыған Nvidia-ның құпиясын түсіндіреді.

Бейсенбі күні (10 шілде) Nvidia – нарықтық капитализациясы 4 триллион долларға жеткен алғашқы америкалық компания болды. Осы орасан жетістікпен бірге Дженсен Хуангтың байлығы да күрт өсті. Қазір оның байлығы 145,4 миллиард долларға бағаланып отыр, бұл аңызға айналған Уоррен Баффеттің 142 миллиард долларлық байлығынан асып түсті.

Баффеттің байлығы биыл Berkshire Hathaway компаниясының тұрақты қаржылық нәтижелерінің арқасында біртіндеп өссе, Хуанг керемет жылдамдықпен алға жылжып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде оның байлығы Nvidia акцияларының жыл басынан бері 20%-ға өсуі есебінен шамамен 28 миллиард долларға артқан. Forbes мәліметінше, бейсенбі күні Хуангтың байлығы тағы 2,5 миллиард долларға көбейген.

Бұның себебің неде? Nvidia чиптері – жасанды интеллектің өзегіне айналды, ал Хуанг бұдан зор пайда көріп отыр. Компанияның графикалық процессорлары бүгінде жасанды интеллекті дамытудағы басты инфрақұрылымға айналды. Сондықтан Nvidia әлемдік технологиялық индустрияда ең құнды компаниялардың біріне айналды. Дженсен Хуанг мұны тиімді пайдаланып отыр. Ол жазда SEC-ке алдын ала берілген 10b5-1 сауда жоспарына сәйкес акцияларын сата бастады. Маусым айында ғана ол 40 миллион доллардан астам сомаға акция сатқан. Жыл соңына дейін тағы 6 млн акциясын сатса, қазіргі бағаммен 850 миллион доллар табыс табуы мүмкін.

Соған қарамастан, Хуанг Nvidia-дағы өз үлесінің басым бөлігін сақтап қалады. Бас директор тікелей 75,7 миллион акцияға иелік етеді, ал жүздеген миллион долларлық акцияларды сенімгерлік қорлар мен серіктестіктер арқылы жанама түрде бақылайды. Соңғы бір жылда Nvidia басшылары мен директорлар кеңесінің мүшелері бірлесіп 1 миллиард доллардан астам сомаға акцияларын сатқан.Дженсен Хуанг екі серігімен бірге Nvidia-ның 1993 жылы негізін қалап, оны жай ғана видеокарта шығаратын фирмадан жасанды интеллектің негізгі ойыншысына айналдырды. Фото entrepreneur.com сайтынан алынды. Автолығы: AFP / Patrick T. Fallon

Хуангтың байлығының жылдам өсуі – бұл бұрын тек Кремний алқабында ғана танымал болған адамның жаһандық миллиардерлер қатарына қосылуының таңғажайып дәлелі. Ол екі серігімен бірге Nvidia-ның 1993 жылы негізін қалап, оны жай ғана видеокарта шығаратын фирмадан жасанды интеллектің негізгі ойыншысына айналдырды. Қазір компанияның чиптері OpenAI-дың үлкен тілдік модельдерінен бастап Meta-ның дата-орталықтарына дейін барлық жерде қолданылады.

Forbes-тің миллиардерлер рейтингінде Хуанг қазір әлемдегі ең бай адамдар тізімінде жетінші орында тұр. Ол Баффетті, Стив Балмерді және Сергей Бринді артта қалдырды. Оның алдында – Ларри Пейдж (№6), ал оған жақын маңда – сән және люкс индустриясының магнаты Бернар Арно мен оның отбасы (№5) тұр. Тізімнің басында Илон Маск, Ларри Эллисон, Марк Цукерберг және Джефф Безос орналасқан. Алайда Хуангты есептен шығаруға болмайды. Ол қазіргі және болашақ ЖИ-дің инфрақұрылымын құрып отыр, оның байлығы да соған байланысты өсе беруі мүмкін.

Уоррен Баффеттің байлығы болса биылғы жылы бірнеше миллиард долларға ғана өсті. Бұл Berkshire Hathaway-дің әртараптандырылған активтері мен Баффеттің қайырымдылыққа көп қаржы бөлу дәстүріне байланысты. Мәселен, маусым айында ол Berkshire B акциялары түрінде бес қорға 6 миллиард доллар көлемінде қайырымдылық жасады. Бұл – оның байлығының 99%-ын қайырымдылыққа беруге уәде еткен бастамасының бір бөлігі.Уоррен Баффет 3 жасар ұлын инвестиция жасауға осылай үйреткен. Иллюстрация ВКонтакте әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: Рифмы и Панчи аккаунты

Дженсен Хуангтың өрлеуі жай ғана сәттілік емес. Nvidia-ның ЖИ саласындағы басымдығы ғылыми зерттеулер мен құрылымдық артықшылықтарға негізделген. Оның H100 және Blackwell чиптері – жасанды интеллекті оқытудағы алтын стандарт. Сонымен қатар, Хуанг Nvidia-ны тек чип шығарушы ретінде емес, толыққанды ЖИ платформасын әзірлеуші компания ретінде дамытуда. Қазір компания бағдарламалық қамту, желілік шешімдер мен дата-орталықтардың сызбасына дейін әзірлейді. 

Бұл туралы Aikyn.kz  сайтында «Миллиардтаған роботтар жұмыс істейтін болашақ» деген материалда жазған болатынбыз.

Сарапшылар Nvidia-ның болашақта одан әрі өсу әлеуетін жоғары бағалайды. Wedbush сарапшысы Дэн Айвс алдағы 12–18 айда компанияның нарықтық құны 5–6 триллион долларға жетуі мүмкін деп болжайды.

Баффетт ұзақ жылдар бойы америкалық байлықтың эталоны болып келсе, Дженсен Хуангтың өрлеуі жаңа дәуірді көрсетіп отыр. Цифрлық дәуірде – байлық жасанды интеллект көмегімен көзді ашып-жұмғанша жасалады. Сондықтан біздің билікке де әлемді шарлаған триллиондаған капиталдың бір бөлігін ел экономикасына бұру қиындық туғызбауы керек. Nvidia-ның СЕО-сы Дженсен Хуанг бізге қалай миллиардтар табуға болатынын үйретер еді. Бірақ оны Президент шақыруы керек, министрдің шақыруына келмейді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.