in

«Достық – Мойынты» – тоғыз жолдың торабына айналады

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында Қазақстанның транспорттық әлеуетін көтеріп, ел қазынасын ұлғайтуды тапсырған болатын. Соның ішінде «Достық – Мойынты» теміржолының табысты боларына аса мән беріліп келеді. Өйткені бұл – ең ауқымды әрі бірегей стратегиялық жоба.  Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы, еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызы бар жоба болып есептеледі.

– «Достық – Мойынты» жолы – шын мәнінде аса маңызды инфрақұрылым жобасы. Бұл жоба Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға айрықша серпін беретіні сөзсіз. Мен халыққа Жолдауымда, көлік-логистика саласы – экономиканың қозғаушы күші, халықаралық байланысты нығайтатын негізгі фактордың бірі деп атап өттім. Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті зор. Ұлы Жібек жолы Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өткен. Қазақ жері ежелден Қытай мен Еуропа арасындағы алтын көпір саналады, – деді Президент.

Байимын десең, жол сал

Қазақ жері әу бастан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біздің сахара Ұлы Жібек жолының кіндігінде қоныс теуіп, батыс пен шығысқа керуен жолдары арқылы көпестер сауда-саттық жасаған. Қазіргі заманауи теңіз жолдары ХV ғасырда пайда болып, сауда-саттық тасымалдау тәсілі өзгерген-тұғын. Ал бүгінгі таңда қайтадан Ұлы Жібек жолы жаңғыра түскендей. Қазіргі ең тиімді һәм әлеуеті зор тасымал құралы теміржол, тасжол бола бастады. Бұл теңізге тікелей шыға алмайтын біздің ел үшін логистиканы жаңғырту өте тиімді болып тұр. 

Қазақстан бюджетін еселейтін мұндай ауқымды жоба жұртшылықты сүйсіндіріп, сарапшылардың оң бағасын алып отыр. Белгілі экономист Мақсат Халық көлік-логистика инфрақұрылымның орасан зор пайда әкелетінін айтып, сонымен қатар мұнай мен газға деген тәуелділіктен арылтатын бірден-бір жол деп сараптайды.

– Мемлекет басшысы Жолдауда транспорттық логистикаға аса мән беріп, экономиканы әртараптандыруды тапсыр­ды. Әсіресе, «Достық – Мойынты» жобасының іске асқандығы – қуан­тарлық жағдай. Себебі, осыған дейін Қазақстан қазынасына түсімнің 40 %-ы мұнай мен газдан түседі. Ел бюджеті мұнай секторына байланысты бірде көтеріліп, бірде түсіп тұратын. Кейінгі жылдары нәтижелі жұмыстың арқасында тұралау деген жоқ. Қайта ақырындап қазақ экономикасы өсіп келеді. Бүгінде транспорттық-логистика үлесі 22 %-ға жетті. Осылайша, келер жылы ЖІӨ көрсеткіші 6 % болады. Бұл дегеніміз – өте жақсы көрсеткіш. Егер осы қарқынмен дами беретін болсақ, онда мұның игілігін Қазақ елі көреді.

Сонымен қатар Қазақстан – Еуразия құрлығында орналасқан батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпір. Орталық Азиядан шыққан жүк тасымалы Батыс Еуропа аумағына жетем дегенше сапалы жол керек. Ал мұндай мүмкіндікті ұсынып отырған бірден бір мемлекет – Қазақ елі! Дана халқымыз «байимын десең, жол сал» деп бекер айтпаған.

Экспорттық әлеует артады

Қазақ жері логистикалық инфрақұрылым жағынан өте тиімді аймақта қоныс тепкен. Қытайдан шыққан жүк тасымалы Еуропаға, одан Орталық Азия­ға қатынай алады. Ал біздің ел Еуропа мен Азия ортасында алтын көпір болып саналады. Осы негізді пайдаланып өз өнімдерімізді сыртқа экспорттауға мол мүмкіндік бар. 

Осы жолғы Жолдауда ауыл шаруа­шылығын өркендетуге, агрохаб құруға, логистикалық мүмкіндіктерді қолдануға, өндірілген өнімдерді шетелге жөнелтуге аса ден қойылды. Отандық өнімдер, соның ішінде түрлі-түсті метал, бидай, күріш сияқты дәнді-дақылдарды, жеңіл өнеркәсіп саласындағы өнімдерді экспорттауға мән беріліп келеді. Қаржы сарапшыларының пікірінше, «Достық – Мойынты» сияқты ұлттық жобаларды барынша қолдау, өзіміздің тауарларды сыртқа пұлдау аса кәделі болатын көрінеді. Жалпы, логистика мен аграрлық саланы қатар дамыту уақыт талабы екендігін қаржыгер Бексұлтан Ысқақов пайымдап отыр.

– «Достық – Мойынты» теміржол құрылысының қолданысқа берілуі егемендік жылдарындағы ең үлкен тиімді мегажобалардың бірі болды. Ендігі мезетте Орталық Азияға, одан әрі Таяу Шығысқа қарай дәліз құру жоспарын да ойластырсақ, ұтарымыз көп. Агрохабтар мен логистикалық орталықтарды дамыту – бұл ауылдан агроөнеркәсіптік экономиканың іргетасын құра алатын күшті механизм. Бұл жолда Ел басшысы цифрландыру арқылы бос жатқан жерді тиімді пайдалану мысалын келтірді. Қазақстан былтыр 73 мың тонна ет экспорттады. 29,3 мың тонна сүт өнімдері шетелдерге сатылды. Жалпы, агросектордың экспорты 16,1 млн тоннаны құрап, 5,1 млрд доллар кіріс әкелді. 

Осы көрсеткіштер аграрлық логис­тиканың маңызын, мал өсіру мен өңдеуді арттырудың стратегиялық қажетін дәлелдейді. Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорт қарқыны артып, ұлттық қауіпсіздікті нығайтамыз. Бірақ өңдеу деңгейін арттырмаса, экспорттық мүмкіндіктер толық жүзеге аспайды – дәл осыны назарға алу қажет, – дейді ол.

«Достық – Мойынты» – ауқымды жоба. Мұндай ұлттық стратегиялық маңызы бар жобалар мемлекет бақылауында болары айқын. Десе де, әрбір жөнелтілетін жүк бақыланып, кеденнен түсетін әрбір тиын ел қазынасына тура құйылуы үшін цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып жасалғаны абзал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,  бұл біз бен сіздің тұрмыс жағдайымызды жақсартудағы ортақ игі іс. 

Олжас ЖОЛДЫБАЙ