Қазақстанда тұрғын үй бағасы 2026 жылдың соңына қарай қымбаттауы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығының Telegram-арнасы мәлімдеді. Сарапшылар тұрғын үй нарығын зерттеп, қазіргі баға динамикасын, сатып алу-сату белсенділігін және алдағы кезеңге арналған болжамдарын ұсынды.
Halyk Research деректеріне сүйенсек, елімізде баспана бағасы біртіндеп өсіп келеді. Алайда сарапшылар 2025 жылдың соңына қарай, яғни тұрғын үй нарығында белсенді маусым басталғанда, баға өсімі күшейе түсетінін ескертеді.
2025 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін жаңа тұрғын үй нарығында баға орта есеппен 7,1%-ға артқан. Ең жоғары өсім Павлодарда (+18,9%), Қызылордада (+14,6%), Алматыда (+12,3%) және Шымкентте (+10%) тіркелді. Алайда 17 өңірде шілде айында жаңа пәтер бағасы өзгеріссіз қалған.
Екінші нарықтағы (қолданыстағы пәтерлер мен жеке үйлер) баға өсімі шамалы – 6,3%. Бұл сегментте Алматы көш бастап тұр – мұнда баға 17%-ға өскен. Ал Қарағандыда бағалар сәл төмендеп, 0,1%-ға азайса, Қонаевта 1%-ға түскен.
Пәтер жалдау ақысы ел бойынша орташа есеппен 2,3%-ға өскен. Алайда кейбір қалаларда жалдау ақысы едәуір көтерілген: Ақтөбеде – 22,5%-ға, Өскеменде – 12%-ға. Ал Алматыда керісінше, маусымдық сұраныстың төмендеуіне байланысты 0,8%-ға азайған.
2025 жылдың шілде айында елімізде тұрғын үй сатып алу бойынша 40 мыңға жуық мәміле жасалған. Бұл көрсеткіш маусыммен салыстырғанда 19,4%-ға көп. Мәміленің 79%-ы пәтерлерге, 21%-ы жеке үйлерге тиесілі. Ең көп келісімшарт жасалған қалалар – Астана (21,7%), Алматы (21,2%) және Қарағанды облысы (6,9%).
Halyk Research және Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығының сарапшылары шілде айының тұрғын үй нарығында дәстүрлі түрде белсенді кезең екенін атап өтті. Сұраныс маусымдық циклге сай өсіп отыр. Баға өсімі инфляция деңгейінен аса қоймағандықтан, көптеген отбасы үшін баспана қолжетімділігін сақтап тұр. Дегенмен, жыл соңына қарай ұсыныс шектеулі болып, сұраныс артқан жағдайда баға өсімі айтарлықтай үдеуі мүмкін. Сарапшылар дәл қазір – тиімді бағада баспана сатып алуға қолайлы уақыт екенін, ал сатушылар үшін алдағы маусым табысты болатынын атап өтті.