Сондай-ақ ішкі нарықты ұнмен қамтамасыз етуге 9 млн тонна жұмсалса, 12-13 млн тонна экспортқа шығарылады. Соның 20 млн тоннасы бидай, арпа мен сұлы 4,2 млн тонна, жүгері 830 мың және майлы дақылдар 4 млн тонна, ал күріш 470 мың тонна жиналды. Астық мол болса да, елде азық-түлік бағасы тұрақтанбай, агроөнеркәсіп бірізділенбей тұр.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіпті барынша қолдап, өндірушіден өңдеуші өнеркәсіпке көңіл бөлуді тапсырды.
– Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек… Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап, оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн. Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Біздің елде делдалдарға тұсау болмай тұр. Делдалдар «жұмыртқадан жүн қырқу» әдісінің неше түрлісіне машықтанған. Бидай, күріш, арпа сияқты дақылдардың үстіне ақша қосып сатып өздері оңай пайдаға кенелгенімен, қарапайым халық зиян шегуде. Соның салдарынан, дүкен мен базардағы баға шарықтап барады. Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, «Қазақтелекоммен» бірлесіп, өндірушілерді, сауда желілерін және ӘКК-ні тікелей байланыстыратын, делдалдарды алып тастайтын агромаркетплейсті іске қосу қарастырылып жатыр екен. Дәп осындай кешенді іс-шара қолға алынбаса, астық экспорты ұлғайып, агроөнеркәсіп күш алып кетуі екіталай.
Өңдеп сатсақ, ұтарымыз көп
Астық өндіруді қолға алу – күн тәртібінде тұрған мәселе. Өзімізде арпа, бидай, күріш т.б. дәнді-дақылдар болса да, азық-түлік өнімдері қалтаны қағады. Бірақ Қазақстан фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Акпар Мәуленовтің пайымдауынша, астықты өңдеймін деген адамға ешқандай кедергі жоқ көрінеді. Маман саладағы мәселелерге тоқталды.
– Астыққа кім қалай баға ұсынады, шаруа солай сатады. Егер диірменшілер жақсы баға берсе диірменге, басқа сатып алушы жақсы баға берсе, соған сатады. Оның ешқандай әбестігі жоқ. Әрине, қайта өңдеп сатқан, жәй бидай ретінде сатқаннан көбірек. Шетелдің астықты өңдеп экспорттауға мүмкіндігі жоғары болатын болса, сол елде қолдау жоғары деген сөз. Іргедегі Ресейден ұн, макарон өнімдері Қазақстан нарығына кіріп жатыр. Өйткені Ресейде астықты өңдейтін кәсіпорындар көп, қолдау зор. Сондықтан біздің нарықта Қазақстан өніміне қарағанда арзан сатылады. Ал қарапайым халық азық-түліктің қайсысы арзан, соған ұмтылады. Бізде астықты өңдеймін деген кәсіпкерді ешкім тұсап тұрған жоқ. Сонымен қатар кейбіреулер «астық сақтайтын қойма жоқ» дейді. Қойма жеткілікті, ең бастысы, ескілерін жөндеуден өткізу керек. Осы аталған мәселелерге көңіл бөлінсе, ұтарымыз көп, – деді ҚФҚ өкілі.
Ашық дереккөздерге сенсек, елде сыйымдылығы 29,3 млн тонна болатын астық сақтау қоймалары бар. Демек, расында да, қойма жағынан аса бір қажеттілік байқалмайды.
ҚТЖ ұлттық компаниясының мәліметінше, биылғы қыркүйек-қазан айлары аралығында Қазақстаннан жаңа өнімді астықтың 2 миллион тоннасы экспортталды. Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1,8 миллион тонна болған. Бұл – экспорт көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Нақтырақ, Өзбекстанға экспорт көлемі 42%-ға артып, 738 мың тоннадан 1 049 мың тоннаға дейін артты. Қырғызстанға жеткізілім көлемі 2,6 есеге, 24 мыңнан 64 мың тоннаға дейін, Әзербайжанға 3,1 есеге (18 мыңнан 56 мың тоннаға дейін), Ауғанстанға 42,5%-ға (73 мыңнан 104 мың тоннаға дейін), ал Түрікменстанға 2,3 есеге (3 мыңнан 7 мың тоннаға дейін) өсті.
Премьер-министрдің сайтында, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту мақсатында АӨК-тің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жалпы сомасы 3,4 трлн теңге болатын жол картасы әзірленді. 2025 жылы жалпы сомасы 614,3 млрд теңге болатын 285 жоба қарастырылған. Бұдан бөлек, Үкімет тарапынан астық өндірушілер мен экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау шаралары 2026 жылдың қыркүйек айына дейін ұзартты. Бұл жобалар агроөнеркәсіптің дамуына, астықты өңдеп, азық-түлік өнімдерін сыртқа шығаруға септігін тигізері анық. Бірақ мемлекеттен қыруар қаржы бөлінсе де, нарықтағы ұн, макарон, нан өнімдерінің бағасы күн санап артуда. Сондықтан әлі де мәселеге терең үңілу қажет-ақ.
АШМ дерегінше, Алматы облысында құны 15 млрд теңгеге «Қапшағай Бидай Өнімдері» атты дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеуге маманданған жаңа агрококешен іске қосылды. ҰСБ мәліметінше, Ақмола, Қарағанды өңірлерінде де Өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы басты бағыттар – астық өңдеу 28 пайыз, нан-тоқаш өнімдері өндірісі 20,1 пайыздан асып астық өңдеу, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамту бағытына ден қоя бастаған. Сондай-ақ Қызылорда облысында бірнеше күріш өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіштерге тоқмейілсімей, бұдан әрі қозғалу – басты міндет.
Жерден өнім өндіретін – ол диқан
Мемлекет басшысы Жолдауда 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылып, соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге берілгендігін, жермен айналысатын өз маманына беру керек екенін атап өткен болатын. Игі бастаманы экономист Сапарбай Жұбаев та қоштап, байыптайды.
– Біз дербестік алған шақта жерді оңды-солды тараттық. Бүгінде құнарлы, шұрайлы жерді иемденіп отырған шаруа емес, қалталылар. Латифундистерден жерді алып, диқанның игеруіне бермей, іс өнбейді. Жерді аукционға шығарып сатып жіберу әбестік. Сонымен қатар 99 жыл, 49 жыл сияқты ұзақ мерзімге беру тиімсіз. Бұл – еңбек істеймін деген адамның бір ғұмырына бара-бар мерзім. Әрі кетсе 20-25 жыл уақыт жеткілікті. Егер ол нағыз жерге жаны ашып, құнарын арттырып, өнім алатын адам болса, осы уақыт аралығында игереді. Мониторинг жасау арқасында шын кәсіпкерге айналса, уақытын тағы созуға мүмкіндік берейік. Біз жерді атқамінерлерге бергеннен гөрі, диқанға тапсырып, қолдау білдірейік. Сонда астық өндірісі артып, арпа, бидай, күрішті өңдейтін, зауыт-фабрикалар пайда болады. Өз нарығымызды бірінші қамтымай, астықты шетелге экспорттау әбестік, – деді экономист.
Тоқетері, агроөнеркәсіптік кешенде аса мол әлеуетке ие біздің елдің 27,1 млн гектар егістік жерді құрайды. Қазақ халқының даналығында «арпа, бидай ас екен, алтын күміс тас екен» деп текке тәмсілдемеген. Қазақстанға астықты өңдеп сататын кез келді. Сондықтан халық та, билік те астықты өңдеп сатуға мүдделі болып тұр. Ал өңдеуші өнеркәсіпті қолға алу – уақыт талабы!
Олжас ЖОЛДЫБАЙ
