in

Енді бес күн бойы ақша аудара алмайсыз: себебін біліңіз!

2026 жылдан бастап Қазақстанда банктер, төлем жүйелері және байланыс операторлары алаяқтық белгілері байқалған қаржылық операцияларды бес жұмыс күніне дейін тоқтата алады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа тәртіп қалай жұмыс істейді?

Қазіргі таңда қаржылық транзакциялар ең көп дегенде үш күнге ғана бұғатталса, енді бұл мерзім ұзартылады. Digital Business таратқан ақпаратқа сүйенсек, күмән тудыратын кез келген ақша аударымы уақытша тоқтатылып, клиенттен растаушы құжат немесе түсініктеме талап етіледі.

Заң жүзінде бекітілген

Мұндай өзгерістер «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» заңға енгізілген түзетулер негізінде жүзеге асады. 2025 жылдың 30 маусымында қабылданған жаңа заң редакциясында егер транзакция күдікті деп танылса, банктер мен басқа да ұйымдар клиентке қаражатты пайдалануға уақытша тыйым салып, тексеріс жүргізуге құқылы екені көрсетілген.

Не күтеміз?

Егер тексеру нәтижесінде операция заңды әрі қауіпсіз деп танылса, бұғаттауға негіз болмайды және клиент өз қаражатына толық қол жеткізе алады. Ал егер транзакция шынымен алаяқтық сипатта болғаны дәлелденсе, бұл дерек құқық қорғау органдарына жолданып, клиент күмәнді операциялар тізіміне енгізілуі мүмкін.

Бұл өзгеріс елдегі қаржылық қауіпсіздікті күшейтуді көздегенімен, кей клиенттер үшін ыңғайсыздық тудыруы ықтимал. Сондықтан азаматтар өз транзакциялары мен қаржылық операцияларына мұқият болғаны жөн.