in

Жасанды интеллектінің «көпіршіктері» жарылса, қорықпаңыз

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz  ЖИ-дің жұмыс істеуіне қажетті деректер орталықтарының болашағын түсіндіреді.

Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безос жұма күні (3 қыркүйек) алдағы 10-20 жылда алып деректер орталықтарын салу ғарышта тиімді болатынын мәлімдеді. Италияның Турин қаласында өткен Italian Tech Week апталығында сөйлеген Безос жасанды интеллектінің жедел дамуын 2000 жылдардың басындағы интернет бумымен салыстырған. Бүгінде сарапшылар айтып жүрген алыпсатарлық «көпіршіктердің» пайда болу қаупіне қарамастан, ЖИ-дің болашағына оптимизммен қарауға шақырған.

Соңғы жылдары ғарыштағы деректер орталықтары идеясы технологиялық алпауыттар арасында талқылана бастады. Себебі Жер бетінде серверлерді салқындату үшін электр энергиясы мен су тұтыну көлемі күрт өсуде.

«Мұндай алып есептеу кластерлерін ғарышта салу тиімді. Өйткені онда тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін күн энергиясы бар. Онда бұлт та, жаңбыр да, қолайсыз ауа райы да жоқ. Алдағы онжылдықтарда ғарыштағы деректер орталықтарының құны Жердегіден арзан болуы әбден мүмкін», – деген Безос Ferrari мен Stellantis компанияларының төрағасы Джон Элканға берген сұхбатында.

Безостың айтуынша, ғарыш инфрақұрылымына көшу – Жердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған кең ауқымды үрдістің бір бөлігі.

«Бұл үрдіс ауа райын болжау мен байланыс спутниктерінен басталды. Келесі кезең – деректерді өңдеу орталықтары, одан кейін басқа өндіріс түрлері», – дейді ол.

Алайда ғарыштағы мұндай жобалардың өзіндік қиындықтары бар. Техникалық қызмет көрсету мен жаңарту күрделі, зымыран ұшыру қымбат, ал сәтсіз ұшыру қаупі жоғары.

Amazon төрағасы жасанды интеллект дамуының қазіргі толқынын 2000 жылдардағы dot-com дәуірімен салыстырады. Ол кезде интернетке деген жаппай қызығушылықтан кейін, көпіршіктер жарылып, нарық құлдыраған болатын.

«Біз оптимист болуымыз керек және жасанды интеллектінің әлеуметтік әрі пайдалы әсері, интернет секілді, шынайы және ұзақмерзімді екеніне сенуіміз қажет», – дейді Безос.

Оның айтуынша, «нарықтағы көпіршіктер мен олардың жарылу салдарын» технологияның нақты әлеуетінен ажырата білу маңызды. Миллиардер жасанды интеллектінің пайдасы кеңінен таралып, адам өмірінің барлық саласына енетінін сенеді.

Ғарышта деректер орталықтарын салу – технологияның энергетикалық тиімділігін арттыру мен экологиялық жүктемені азайтудағы жаңа бағытты көрсетеді. Бұл идеяның жүзеге асуы жасанды интеллект пен үлкен деректерді өңдеуге арналған қуатты инфрақұрылымның дамуына жол ашады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.