The Telegraph материалына сүйенген Aikyn.kz нарықтағы ЖИ айналасындағы қаржылық дүрбелеңнің неліктен негізсіз болуы мүмкін екенін талдайды.
Генеративті ЖИ-ге 30-40 млрд АҚШ доллар салғанына қарамастан, компаниялардың 95%-ы ешқандай қайтарым көрмеген. Иллюстрация bluechipdigital.co.za сайтынан алынды
«Интернет көпіршігі қашан жарылмақ?», – деген Barron’s журналының 2000 жылғы 20 наурыздағы сұрағынан кейін сол күні-ақ сол кезеңнің ең танымал технологиялық компанияларының бірінің акциялары 60%-ға құлдырағанын белгілі. Бұдан кейін триллиондарын жоғалтқан басқа да компаниялардың құлдырауы басталған еді. Енді Wall Street сарапшылары жасанды интеллект (ЖИ) жарысынан кейін дәл сондай көпіршіктің жарылуынан қауіптеніп отыр.
Сейсенбі күні (19 тамыз) технологиялық компаниялардың акциялары MIT (Массачусетс технолгиялық институты) зерттеушілері жариялаған есептен кейін күрт құнсызданған. Есепте кәсіпорындардың ЖИ-ге құйып жатқан қомақты қаржылары бизнеске «нөлдік пайда» әкеліп жатқаны көрсетілген.
«Компаниялардың генеративті ЖИ-ге 30–40 млрд АҚШ долларын салғанына қарамастан, таңғаларлық нәтиже болмаған. Ұйымдардың 95%-ы ешқандай қайтарым көрмеген», – деп жазады Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары.
4 трлн долларлық нарықтық құнымен ЖИ бумының негізгі қозғаушы күшін айналған Nvidia акциялары 3,5%-ға арзандаған. Деректер алпауыты Palantir-дің құнды қағаздары 9%-ға құлаған.
MIT зерттеуі АҚШ акцияларының құнын триллиондарға өсірген технологиялық нарық көпіршігін жарып жіберетін «ине» болуы ықтимал.
OpenAI-дің CEO-сы Сэм Альтман: «Кейбір адамдар орасан зор қаржыларын жоғалтуы мүмкін». Фото telegraph.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Mark Schiefelbein
2022 жылы ChatGPT іске қосылғаннан бері Кремний алабы ЖИ-боттар экономиканы өзгертеді деп сендірген болатын. Нәтижесінде менеджерлер миллиардтаған қаржыны ЖИ құралдарына жұмсап, үнемділік күткен еді. Алайда MIT есебінде айтылғандай, уәде етілген ЖИ революциясы тұйыққа тірелген.
150 кәсіпорын басшысы мен 350 қызметкер арасында жүргізілген сауалнама «ЖИ енгізілген пилоттық жобалардың тек 5%-ы ғана миллиондаған пайда әкелгенін, ал басым көпшілігінің кіріс-шығысқа елеулі әсер етпегенін» көрсеткен.
JP Morgan-ның бұрынғы зерттеу жетекшісі Марко Коланович: «Бұл кәдімгі көпіршіктің сипаттамасына ұқсайды», – дейді.
Зерттеуде көптеген қызметкерлер қымбат әрі күрделі корпоративтік құралдардан гөрі ChatGPT сияқты тұтынушылық өнімдерді өз қаражатына қолданатыны айтылған.
«ЖИ жұмысты қазірдің өзінде өзгертуде, бірақ ресми арналар арқылы емес», – деп түйіндейді MIT ғалымдары. Кәсіпорындардың инвестицияларының басым бөлігі зая кетіп жатқанын көрсету технологиялық нарық үшін ең қолайсыз сәтте жарияланды.
ЖИ дүрбелеңінің ең ірі бенефициарларының бірі OpenAI-дің негізін қалаушы Сэм Альтман да өткен демалыста техкомпаниялардың акциялары көпіршік жағдайында деген алаңдаушылықты жоққа шығармаған. Қазір инвесторлар OpenAI стартапын 500 млрд долларға бағалауда. MIT есебі бұл бағаны едәуір төмендетуі мүмкін.
JP Morgan-ның бұрынғы зерттеу жетекшісі Марко Коланович: «Бұл кәдімгі көпіршіктің сипаттамасына ұқсайды». Иллюстрация informationweek.com сайтынан алынды. Авторлығы: Alamy Stock Photo
«Инвесторлар тым қатты толқып отыр ма? Менің ойымша, иә. Кейбір адамдар орасан зор қаржыларын жоғалтуы мүмкін», – дейді ChatGPT бас директоры.
Жапондық SoftBank да OpenAI-ге миллиардтаған доллар құйған техногигант. Оның акциялары да сейсенбі күні 7%-ға төмендеген.
Бұған дейін OpenAI көп жарнамаланған GPT-5 моделін іске қосқанымен, ол көптеген қолданушылардың күткеніндей болмаған. Көпшіліктің көңілінен шықпаған. Олар компанияға бұрынғы модельдерді қайтаруды ұсынуда. Олардың пікірінше, жаңа боттың артықшылықтары тіпті мардымсыз.
Meta ЖИ инженерлерін тарту үшін жүздеген миллиондар жұмсап, нарықты «қыздыруда». Иллюстрация informationweek.com сайтынан алынды. Авторлығы: Alamy Stock Photo
Біздің түйін
ЖИ нарығындағы аса жылдам өсу қаржы нарығындағы алыпсатарлықпен байланысты болады. Көптеген инвесторлар технологияның нақты пайдасынан бұрын оның «болашақтағы уәдесін» сатып алады. Сондықтан да, Nvidia, Palantir, SoftBank сияқты акциялардың бағасы қысқа мерзімде алыпсатарлық көңіл-күйге қатты тәуелді.
Бұл жерде ашкөздік (greed) те байқалады. Morgan Stanley мәліметтеріне сәйкес, 3 трлн долларлық жаңа деректер орталықтарына инвестиция күтіліп отыр. Бірақ бұл шығындардың көп бөлігі қарыз есебінен.
Кәсіпорындардың өздері де «арзан жұмыс күші», «еңбек шығындарын 40%-ға қысқарту» сияқты агрессивті болжамдарға сүйенуде. Meta мен басқа алпауыттар инженерлерді тарту үшін жүздеген миллиондар жұмсап, нарықты «қыздыруда».
Нарықтағы қорқыныш пен ашкөздік заңдылығы мұнда да айқын көрінеді. Бір жағынан, инвесторлар жаңашылдықтан қалып қоюдан қорқады. Екінші жағынан, тез табыс табуға деген ашкөздік бағаны жасанды түрде өсіреді.
Беделді саналатын MIT-тің зерттеушілері «нақты пайда аз» екенін дәлелдегенімен, қаржы нарығындағы алыпсатарлық пен ашкөздік ЖИ көпіршігін ұлғайтып жіберді. Сондықтан бұл жерде жай ғана технологиялық сәтсіздіктер емес, нарықтық спекуляция мен адамдардың психологиялық реакциясы да маңызды рөл ойнауда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.