Қазақстандықтардың көбі елдегі ресми орташа жалақыдан аз табыс табады. Сонымен қатар әрбір бесінші азамат 200 мың мен 300 мың теңге аралығында жалақы алады, деп хабарлайды astana24.com.
Қазақстандағы орташа номиналды жалақы – 486 388 теңге, алайда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, жұмыскерлердің басым бөлігі мұндай жалақы алмайды.
Талдауға барлығы 3 378 668 адам ілінді, олардың жалақысы нақты диапазондарға бөлінді. Анықталғандай, азаматтардың шамамен 60 пайызға жуығының (2 млн-нан астам адам) табысы 400 мың теңгеден төмен.
Бұл ретте 200 мың мен 300 мың теңге аралығындағы жалақы диапазонына енгендер көп болып шықты. Мұндай жалақыны 677 652 қазақстандық (20,2 пайыз) алады, яғни елдегі әрбір бесінші жұмыскер.
Тағы 649 174 азамат (19,2 пайыз) айына 100 мың мен 200 мың теңге аралығында табыс табады. 300-400 мың теңге аралығындағы жалақыны шамамен 622 127 адам (18,4 пайыз) алады. Сонымен қатар 75 972 азамат ресми түрде 100 мың теңгеден аспайтын жалақы алады.
Айына 1 млн теңгеден асатын табысқа тек 187 994 қазақстандық қол жеткізген, яғни жұмыскерлердің жалпы санының шамамен 5,6 пайызы.
Осылайша, "орташа жалақы" көрсеткіші азаматтардың басым бөлігінің нақты қаржылық жағдайын толық көрсете алмайды деп айтуға болады.
Іс жүзінде елдегі жалдамалы жұмыскерлердің жартысынан көбі ресми орташа жалақыдан аз алады, ал медиандық табыс 300-350 мың теңге деңгейінде қалып отыр.
Ал аса жоғары табыс – сирек кездесетін жағдай. 1 млн теңгеден жоғары жалақыны 18 жұмыскердің тек біреуі ғана алады, ал 3 млн теңгеден жоғары табыс табатындар өте аз – жалпы санның шамамен 0,4 пайызы.
