in

Зейнетақы жинағын алу: неліктен 20 жастағы қазақстандықтар үшін жеткіліктілік шегі 6 млн теңгеден асады

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдаланудың ең төменгі жеткіліктілік шегі екі есеге артты. Мысалы, 20 жастағы азаматтар үшін ол 3 720 000 теңгеден 6 670 000 теңгеге дейін өсті. БЖЗҚ бұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com.

БЖЗҚ-ның мәліметінше, еңбек жолының бастапқы кезінде аударылатын зейнетақы жарналары уақыт өте ұзақ мерзім бойы инвестицияланады және "күрделі пайыздың" есептелуі арқасында ең жоғары инвестициялық кірісті құрайды. Сол себепті жинақтарды жас кезде алу зейнеткерлік жасқа жеткендегі болашақ жинақтардың көлемін айтарлықтай азайтады.

Ал ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу салымшының қазіргі табысына емес, оның болашақта алуға тиіс нысаналы зейнетақысының көлеміне негізделеді. Ол үшін тиісті жаста зейнетақы шотында болуы керек және тіпті болашақта жарналар аударылмаған күннің өзінде қарттық шақта зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасын қамтамасыз ете алатын ең төменгі жинақ сомасы есептеледі.

Мысалы, егер салымшы 20 жаста болса, оның зейнетке шығуына әлі 40 жылға жуық уақыт бар. Осы кезеңде оның жинақтары инвестицияланып, инвестициялық кіріс әкелуге және болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге тиіс.

"Егер қандай да бір себептермен жас азамат зейнетақы жарналарын аударуды тоқтатса да, шотта 6 млн теңгеден астам қаражаттың болуы инвестициялық кіріс есебінен зейнеткерлік жасқа қарай зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі стандартына сәйкес келетін мақсатты деңгейден төмен емес мөлшерде төлемдер алуға қажетті жинақты қамтамасыз етеді.

Мәселен, салымшыға өмір бойы төленетін төлемдерге кепілдік беретін зейнетақы аннуитетінің құны есептік шамадан төмен болуы мүмкін емес. Сақтандыру компаниясы бұл құнды тек салымшының жас екендігіне немесе аннуитетті сатып алу үшін табысының жеткіліксіз болғанына сүйеніп қана төмендете алмайды. Дәл сол сияқты, ТЖШ шамасы да болашақта зейнетақы төлемдерінің мақсатты мөлшерін қамтамасыз ету үшін қажетті есептік деңгейден төмен болмауға тиіс.

Сондықтан жастар үшін ТЖШ-ның жоғары мәндері олардың болашақта қандай мақсатты зейнетақы алуы керек екендігімен анықталады", – деп түсіндірді қор өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, жақында БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін 2026 жылға арналған жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегін жариялады.