in

Илон Маск АҚШ-тың саяси жүйесін тас-талқан еткісі келеді

Aikyn.kz америкалық саясаттағы оқиғалар тізбегін gizmodo.com сайтының материалына сүйеніп талдайды.

Илон Маск саяси іс-қимылдар конференциясында (CPAC) «Бостандық жасасын, сайтан алғыр!» деген жазуы бар ара ұстап тұр. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Saul Loeb / AFP / Getty Images

Tesla мен SpaceX компанияларының бас директоры, миллиардер Илон Маск 5 маусымда президент Дональд Трамппен басталған жанжалдан кейін саяси аренада біраз уақыт көрінбей кеткен еді. Алайда ол енді америкалық ішкі саясатты жарып жіберердей мәлімдемелер жасай бастады. Ол республикашылдар мен демократтарға қарсы тұратын жаңа саяси партия құруға уәде беріп отыр.

Илон Масктың бұл әрекеті оның соңғы апталардағы саяси үнсіздігі кезінде ойластырылған сыңайлы. Осы үш аптада ол X (бұрынғы Twitter) желісінде тек өзінің бизнес жобаларын – Tesla, жасанды интеллектке негізделген Grok чат-боты және Neuralink ми импланттары компаниясын насихаттап келді. Бірақ енді бұл тыныштықтың шеті сөгілді. Соңғы 80 сағатта Маск президент Трамптың One Big Beautiful Bill деп аталатын салық заң жобасына қарсы ашулы шабуылдарын бастаған.

Ол бұл заң жобасын мұнай алпауыттарының мүддесін көздейтін, ел қарызын қауіпті деңгейге көтеретін бастама деп бағалап отыр. Осыған дейін Трамп әкімшілігінде үнемділік департаментін (DOGE) басқарған Маск үкімет шығындарын қысқартуды басты басымдық санайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша ашуын жасырмай отыр.

«Мемлекеттік шығындарды қысқартамыз деп уәде беріп, артынан тарихтағы ең үлкен қарызды қабылдаған әрбір конгресмен басын төмен түсіріп ұялуы керек!», – деп жазды миллиардер 30 маусым күні X желісінде. Ол сонымен қатар саяси кек алатынын да ашық айтты: «Егер бұл менің жер бетіндегі соңғы әрекетім болса да, олар келесі жылы праймеризде жеңіледі».

Скриншот Илон Масктің Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан алынды

Маск мұнымен де тоқтамайтынын айтып қалды. Ол АҚШ-тағы қазіргі екі партиялы жүйені ыдырату үшін жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Масктің партия құратыны туралы алғашқы мәлімдемесін Aikyn.kz 7 маусымда «Миллиардер президентке импичмент жариялап, жаңа саяси партия құруға шақырды» атты мақалада жазған болатын.

«Бұл ақылға қонымсыз бес триллион долларлық қарыз шегін көтеретін заң жобамен біз бір партиялы елде өмір сүріп жатырмыз – бұл ШОШҚАЛАР ПАРТИЯСЫ! Адамдарға шын мәнінде қамқорлық жасайтын жаңа саяси партияның уақыты келді», – деп ашулануда Маск.

Скриншот Илон Масктің Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан алынды

Ол бұл жаңа ұлттық партияны қалай атайтынын да ашық айтты:

«Егер бұл ессіз шығындар туралы заң жобасы қабылданатын болса, келесі күні «Америкалық партия» құрылады. Бізге шын мәнінде ХАЛЫҚТЫҢ ДАУЫСЫН еститін альтернатива керек».

Скриншот Илон Масктің Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан алынды

Gallup ұйымының 2024 жылғы зерттеуіне сүйенсек, америкалықтардың 43%-ы өздерін тәуелсіз ретінде сипаттаса, тек 28%-ы ғана демократ не республикашыл екенін айтқан. Маск бұл қоғамдық көңіл күйдің жаңа қозғалыс үшін жақсы негіз екенін меңзеп отыр. Ол заң жобасын қолдаған конгресмендерді тікелей нысанаға алды:

«Шығынды қысқартуға уәде беріп, тарихтағы ЕҢ ҮЛКЕН ҚАРЫЗ ШЕГІН ҚАБЫЛДАҒАНДАР келесі жылғы праймеризге арналған плакатта «ӨТІРІКШІ» деген жазумен тұратын болады», – деп жазды ол.

Скриншот Илон Масктің Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан алынды

Bloomberg Billionaire Index дерегіне сай, Масктың байлығы 363 млрд долларды құрайды. Бұл оған жаңа саяси партия құруда қаржылық мүмкіндік беретін қуатты ресурс. 2024 жылғы сайлау циклінде ол Трамп пен өзге республикашылдарға 290 миллион доллар жұмсаған.

Масктың Трамппен арасы суып кеткені анық. Ол енді Кентукки өкілі, заң жобасына қарсы дауыс берген Томас Мэссиді ашық қолдай бастады. Мэсси Конгрестің мақұлдауынсыз Иранды бомбалауға болмайтынын айтқаннан кейін Трамптың ашуына тиген.

«MAGA бұл әлсіз ЖЕҢІЛГЕН ТОМ МЭССИДЕН құтылуы керек!», – деп жазды Трамп. Президент бұл округте жаңа үміткерге қолдау көрсететінін де мәлімдеді.

Ал бұрынғы конгрессмен, либертариан Джастин Амаштың Мэссиді қолдау туралы жазбасына Маск: «Мен қолдаймын», – деп қысқа, бірақ нақты жауап берді.

Айта кетсек, Илон Маск 2022 жылы да үшінші партия туралы идеяны ұсынған. Ол кезде ол: «Егер демократтар мен республикашылдардан қалыптырақ партия болса, бұл мінсіз болар еді. Көпшілік дәл осындай баламаны қалайды, бірақ бұл әзірге нақтылықтан алыс», – деген еді. Алайда қазір Вашингтонда болған дағдарыс пен Трамппен араздасқаннан кейін, ол бір шешімге келген сияқты. Қазіргі таңда Трамп Масктың мәлімдемелеріне жауап берген жоқ. Ал енді сұрақ туындайды: президент қашанға дейін миллиардердің «еркелігін» көтереді?

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.