Бұған облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясында өңір әкімі Асхат Шахаров ұсынған әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары айқын дәлел бола алады. Әкімнің мәліметінше, 2024 жылы облыс экономикасының өсімі 106,3%-ға жетіп, жоспарлы межеден де, республикалық орташа көрсеткіштен де жоғары болды. Мұндай нәтижеге өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау сияқты негізгі салалардың тұрақты дамуы ықпал еткен.
Әкім атап өткендей, оң нәтижелер мемлекеттік құрылымдар, бизнес пен халықтың бірлескен еңбегінің жемісі болып отыр. Алдағы міндет – осы қарқыннан айырылмай, өңірдің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеру. Тұрғын үй құрылысы мен инвестиция көлемінде аздаған кідіріс болғанымен, жалпы даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Керісінше, 2025 жылдың алғашқы жеті айында да аймақ экономикалық өрлеуін жалғастыруда.
Статистикаға сүйенсек, биыл алғашқы жеті айының қорытындысынан да оң динамика көреміз. Атап айтар болсақ, өңірдің негізгі салалары биыл да оң нәтижеге қол жеткізген: өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі – 101,1%, ауыл шаруашылығы 1,9%-ға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 25,6%-ға артып, 176,7 млрд теңгеге жетті. Тұрғын үйді пайдалануға беру 436 мың шаршы метрді құрап, былтырғы жылдан 2,3%-ға жоғары болды. Көлік және қоймалау саласы – 11,2%-ға, көтерме және бөлшек сауда көлемі 4,6%-ға артқан. Әсіресе, құрылыс саласының 25%-дан астам, көлік және қоймалау саласының 11%-дан жоғары өсімі ерекше атап өтуге тұрарлық.
Сондай-ақ құрылыс саласы ерекше қарқын көрсетіп, 25%-дан астам өсімге қол жеткізді. Тұрғын үй құрылысы да артқан, ал көлік пен қоймалау саласы 11%-дан жоғары өсім көрсетіп отыр. Мұның бәрі Ақтөбе облысының инвестицияға тартымды, кәсіпкерлікке қолайлы аймақ екенін білдіреді.
«Біз өңір экономикасының тұрақты әрі жүйелі дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Барлық оң нәтиже – мемлекеттік басқару деңгейлерінің, бизнес пен халықтың белсенді еңбегінің жемісі. Алдымызда жаңа міндеттер тұр, біз оларды жүзеге асыру үшін жобаларға басымдық беруді жалғастырамыз. Бұл жобалар халықтың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамыту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған», – деп түйіндеді әкім.
Ақтөбе облысы баспасөз қызметі ұсынған дерекке сәйкес, былтыр өңір экономикасына 901 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде, 800 жұмыс орны құрылып, 400 млрд теңгеге жуық жеке инвестициялық жобалар іске асырылды.
Ақтөбе өңірінің былтырғы даму қарқынын айқын көрсеткен маңызды жобалардың бірі – «Ақтөбе мыс компаниясының» «Авангард» кен орнын ашуы мен «АҚМЭЗ» майлы дақылдарды өңдеу қоймасының іске қосылуы болды. Бұл қадамдар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделуін тереңдетуге жол ашты.
Ал биыл алғашқы жеті айдың өзінде-ақ Ақтөбе облысына тартылған инвестиция көлемі 590 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 152,7%-ға өсті. Бұл – инвесторлардың өңірге деген сенімінің нақты көрінісі.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Үкіметтің арнайы қаулысымен Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай аумағында жалпы көлемі 858 гектарды құрайтын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Мұнда құны 1,2 трлн теңгені құрайтын 40-тан астам ірі жоба жүзеге асырылмақ.
Сонымен бірг Хромтау қаласында республикалық маңызы бар индустриалдық аймақ ашылды. Жалпы аумағы 150 гектарды қамтитын бұл аймақта шамамен мыңға жуық жұмыс орны құрылып, 20-ға жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Өңір дамуындағы маңызды мәселелердің бірі – басқа елдермен экономикалық қарым-қатынас орнату. Осы мақсатта сәуір-мамыр айларында Қытай Халық Республикасына іссапар ұйымдастырылды. Іссапар нәтижесінде 5 ірі жобаны іске асыру мақсатында, өңірімізге 1 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тарту келісімдеріне қол қойылды.
Бұдан бөлек, биыл 440 млрд теңгеге 1,8 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Бүгінде 3 жоба іске қосылды: MKR Plus компаниясының «Агрохимикаттар өндіретін зауыты», «Строй-max» Алтын Орда ықшам ауданындағы «Бизнес-орталық», сондай-ақ «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ қуаттылығы жылына 150 МВт құрайтын «Хромтау 1» жел электр стансасы. Қалған 7 жоба жыл соңына дейін аяқталатын болады.
Кәмила ДҮЙСЕН