in

Президент кәсіпкерге ренжіп, электромобильдерге берілетін субсидияны жойды

Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz президент пен миллиардер арасындағы шиеленістің себебін талдайды.

Илон Маск: «SpaceX NASA-мен келісімшартты жеңіп алды. Өйткені ол жұмысты жақсы әрі арзан орындады». Фото carscoops.com сайтынан алынды

Илон Маск пен президент Дональд Трамп арасындағы күрделі қарым-қатынастар бейсенбі күні (24 шілде) қайта шиеленісті. Бұған Трамптың Маск компанияларына пайда әкелетін «субсидияларды» жоймайтыны және Tesla мен SpaceX секілді компаниялардың «бұрын-соңды болмаған деңгейде өркендеуін» қалайтыны жөніндегі мәлімдемесі себеп болды.

Илон Маск болса Трамптың «субсидиялар» туралы пікіріне қарсы уәж келтіріп, өзінің NASA-мен жасасқан келісімшарттары салық төлеушілердің ақшасын үнемдейтінін мәлімдеді.

Миллиардер: «Ол айтып отырған субсидиялар жоқ. DJT (Дональд Джон Трамп) тұрақты энергияны қолдаудың барлық түрлерін жойды немесе мерзімін шектеді. Бірақ мұнай мен газ саласындағы орасан субсидиялар сол қалпында сақталып қалды», – деп жауап берді.

Өз жазбасында Илон Маск үкіметтен келетін қаржы оның компанияларының бәсекелестік арқылы тапқан табысы екенін, ешқандай тегін көмек болмағанын алға тартты.

«SpaceX NASA-мен келісімшартты жеңіп алды. Өйткені ол жұмысты жақсырақ әрі арзанырақ орындады», – дейді ол. Сонымен қатар бұл міндет басқа аэроғарыш компанияларына тапсырылған жағдайда «астронавтар қиындыққа тап болып, салық төлеушілер екі есе артық төлеуге мәжбүр болар еді», –  деген пікірін қосты.

Дональд Трамптың ең белсенді қолдаушысы болған Илон Маск енді президентке қарсы шықты. Фото usatoday.com сайтынан алынды

Бұл сөздер Маск пен Трамп арасындағы қақтығыстың күрт өзгергенін көрсетеді. Маск 2024 жылғы президент сайлауында Трамптың басты қолдаушыларының бірі болды. Миллиардер оның сайлауалды науқанына кемінде 277 миллион доллар қаржы бөлген. Кейіннен ол Трамп әкімшілігіндегі Мемлекеттік басқарудың тиімділігі жөніндегі департаменттің (DOGE) басшылығына тағайындалды.

Алайда бұл жазда олардың қарым-қатынасы бұзылды. Маусым айында Маск Трамптың ауқымды шығындар туралы заң жобасын «жиіркенішті, таудай шошқа еті» деп сынап, Трамптың жеңісіне өз үлесін тигізгенін айтты. Бұған жауап ретінде Трамп Масктың компанияларымен жасалған мемлекеттік келісімшарттарды бұзатынын айтып сес көрсеткен. Осы жанжалдың салдарынан сол кезде Tesla акциялары 5%-ға құлдырады.

Шілде айында Tesla компаниясының бас директоры «Америкалық партия» деп аталатын тәуелсіз саяси қозғалыс құратынын жариялады. Бұл партия Конгрестегі аз орындарды иеленіп, Вашингтонда ықпалды саяси күшке ие болуға бағытталған.

Трамп та өз кезегінде қатаң жауап қайтарды: «Илон Масктың ақыры «рельстен шығып», АПАТҚА айналғанын көру – қайғылы жағдай», – деп жазды ол Truth Social платформасында.

Tesla компаниясы Трамп саясатының қысымын сезіне бастады. Апталық қаржылық есеп беру кезінде қаржы директоры Вайбхав Танеджа 7 500 доллар көлеміндегі федералдық салық жеңілдігінің жойылуы АҚШ-тағы сатып алушылар үшін көлік ұсынысын шектеулі еткенін айтқан.

Илон Маск инвесторларға «ынталандырудың жоғалуына байланысты Tesla «түсініксіз өтпелі кезеңге аяқ басты» деп ескертті. «Бірнеше қиын тоқсан болуы мүмкін бе? Иә», – деді ол. Tesla акциялары биылғы жылы 24%-ға төмендеді.

Маск субсидиялар өткен шақта қалғанын алға тартқанымен, оның компаниялары әлі де федералды қаржыландыруға тәуелді. Washington Post-тың биыл жүргізген зерттеуіне сәйкес, Tesla, SpaceX және Масктың басқа да кәсіпорындары соңғы 20 жылда келісімшарттар, несиелер мен салықтық жеңілдіктер түрінде кемінде 38 миллиард доллар алған.

Тек SpaceX 2008 жылдан бері мемлекеттік келісімшарттар бойынша 22 миллиард доллардан астам қаржының қызметтерін көрсеткен. Ал Tesla өзге автокөлік өндірушілеріне экологиялық кредиттерді сату арқылы 12 миллиард доллардан астам табыс тапқан.

SpaceX 2008 жылдан бері мемлекеттік келісімшарттар бойынша NASA-ға 22 млрд  доллардан асатын қызметтер көрсеткен. Фото zahranicni.hn.cz сайтынан алынды

Қысқаша анықтама

Экологиялық кредиттерді сату АҚШ заңнамасына негізделіп жұмыс істейтін жүйе. Электромобиль өндірушілеріне берілуі тиіс  regulatory credits  (реттеу кредиттері) АҚШ-тың федералдық және штаттық CAFE (автомобильдер үшін орташа отын экономия стандарты) және Zero Emission Vehicle (ZEV) бағдарламалары аясында беріледі.

Tesla бұл жүйеден пайда табады. Экологиялық таза көліктер шығару арқылы Tesla бұл кредиттерді жинап, таза шығарындылар стандартын орындамаған басқа автокөлік компанияларына сатады. Бұл табыс Tesla-ның жалпы табысының 10–30%-ын құрайды және электромобиль өндіруші 2024 жылы ғана осылайша $2,8 млрд табыс тапқан.

Қазіргі саясаттағы өзгерістер Tesla үшін қатер тудырып отыр. Дональд Трамп әкімшілігінің бастамалары бойынша, EPA реттеулерін жеңілдету – осындай субсидиялардың жойылуына және Tesla үшін негізгі табыс көзі саналатын regulatory credits сатылымының азаюына әкелуі мүмкін.

Илон Маск өзінің компанияларының табысы – бұл субсидия емес, керісінше, АҚШ заңы аясында, нарықтық бәсекелестік арқылы алынған реттеу кредиттерін сату арқылы жүзеге асатын ресми табыс көзі екенін алға тартады. Бұл жүйе АҚШ заңнамасының экология мен автомобиль саласын реттейтін нақты нормаларына негізделген.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.