Telegraph жариялаған материалға сүйенген Aikyn.kz , америкалық саясаттың қандай бағытта өзгеруі мүмкін екенін талдайды.
АҚШ-тың Ресейге қатысты стратегиясы «таза қатаңдықтан» жұмсарып, «ұдайы қысым көрсетуге» өзгеруі мүмкін. Дүйсенбі күні (7 шілде) Трамп Украинаға қару-жарақпен көмек беруден толық бас тартпайтынын айтты. Сейсенбі күні (8 шілде) ол Владимир Путинді сынға алып, оның АҚШ туралы айтқандарын «ұшқары» деп мәлімдеді. Трамп өзінің әріптесінің көп сөзінің «мағынасы» болмағанын айтады.
Трамп осындай мәлімдемелері арқылы Путиннің әрекеттерін жақсы түсіне бастағанын көрсеткісі келетін сияқты. Өткен аптада (3 шілде) Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Трамп: «Путиннің мақсаты – «соңына дейін бару және соғысты тоқтатпау» еді» дейді. Сонымен бірге Ресей бейбіт келіссөздердің орнына, жазғы шабуылға шамамен 695 000 сарбаз жинап, Украинаның әскери нысандарын бомбалауын күшейткенін мәлімдеді.
Бұған дейін ірі коммуникация құралдары таратқан ескі аудио жазбада Трамптың Путинді «Мәскеуді бомбалау» туралы ескерткені белгілі болған. Бұл Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде болғаны айтылуда. Осылайша, америкалық президент Ресейдің Украинаға соғыс ашуына қарсылығын білдіріп, Путинге ескерту жасаған сияқты көрінеді.
АҚШ Украинаға көмек көрсетуді толық тоқтатуға дайын екені де біліне бастады. Фото theins.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
Бұндай жағдайда Ресей президенті америкалық араағайындық нәтижесіз болады деп санап, өзінің мақсатына жетуді тоқтатпаса, онда тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін соғыста АҚШ Украинаға көмек көрсетуді толық тоқтатуға дайын екені де біліне бастады. Бұған дейін Трамп та, Джей Ди Вэнс пен Марко Рубио да Ресей-Украин келіссөздері оң нәтиже бермесе, екі тарап америкалық ұсыныстардан бас тартса, онда АҚШ араағайындық миссиясын доғаратынын ескерткен. Мәселенің осылай жалғасуы Ресейден гөрі, Украина жағына ауыр тиетіні белгілі.
Алайда бұдан былай Трамп әскери қарумен емес, экономикалық қысым арқылы Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға көндіргісі келетін секілді. Жексенбі күні (6 шілде) Трамп Ресей мен БРИКС елдеріне қосымша 10%-дық баж салығын енгізуді ұсынды.
«БРИКС елдерінің антиамерикалық саясатын қолдайтын мемлекеттерге 10% қосымша баж салығы салынады. Бұл саяси шешімде ешқандай шегініске орын жоқ», – дейді ол.
Мамыр айында Трамп тағы да Ресейді «ауқымды зардаптар» күтіп тұрғанын ескерткен болатын:
«Мен болмасам Ресейде көп ТӨТЕНШЕ ЖАМАН жағдайлар болатынын Путин түсінбей отыр. Ол өртпен ойнап отыр», – деген еді.
Ресейге қарсы қандай күш қолданылмақшы?
АҚШ пен Еуроодақ Ресейге қарсы 16 000-нан астам санкция енгізді. Ресей банктері SWIFT-тен шығарылды, орталық банктің халықаралық активтері бұғатталды. Ресейдің стратегиялық секторларына тағы да қаржылық шектеулер салынды. Бірақ бұл шаралар Путиннің шешіміне әсер еткен жоқ. Алайда Трамптың Ресейге қатысты жаңа стратегиясында құпия «қаруы» болуы мүмкін.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент – дәстүрлі көзқарастарды бұзатын, стандарттан тыс ойлайтын тұлға. Уолл-стритте тәжірибесі мол бұл маман Трамптың Қытаймен жүргізген сауда соғысының басты стратегтерінің бірі болған. Сәуірде ол Трамппен Қытайға қарсы экономикалық стратегия жасағанын айтып, бұл қақтығыстың «Америкамен салыстырғанда Қытайға әлдеқайда ауыр тиетініне» сенімді екенін мәлімдеген.
Бессент оппоненттердің әлсіз тұстарын пайдалану арқылы тәуекелге барудан қашпайды. Ол кәсіби мансабын Джордж Сороспен бастап, 1992 жылы Англия банкін әлсіреткен қаржылық шабуылға қатысқан. Бұл әрекет Сорос қорына 1 миллиард доллардан астам табыс әкелген. 2013 жылы Скотт Бессент тағы 1,2 миллиард доллар пайда тапқан, бұл жолы – жапон иенасына қарсы алыпсатарлық ойын арқылы.
Қазіргі таңда Ресей экономикасы соғыс салдарынан едәуір қысымға ұшырап отыр: инфляция жоғары, тұтынушылық сұраныс төмендеп, өндіріс қиындық көріп жатыр. Ресей Орталық банкінің басшысы Эльвира Набиуллина маусымда «алдағы кезең тыныш болмайтынын» мойындаған.
Трамптың Ресейге нақты экономикалық қысым жасау ниеті бары анық. Журналист сұрағына жауап бергенде, ол Путинді жаңа санкциялармен қорқытқанын растады.
«Біз санкциялар туралы көп нәрсе айттық. Ол олардың енгізілуі мүмкін екенін түсінеді», – дейді президент Трамп.
Сенатор Линдси Грэм ұсынған жаңа санкциялық заң жобасы да қаралуда. Бұл заңға сәйкес, Ресеймен жұмыс істейтін кез келген ел АҚШ-қа экспорттайтын барлық тауарлар мен қызметтерге 500% баж салығын төлеуі тиіс. Бұл іс жүзінде Кремль серіктестеріне толық сауда эмбаргосы болмақшы.
Путин соғыс басталар алдында экономикасын санкциялардан қорғау шараларын қабылдап, мұнай экспортын және қажетті тауарларды жеткізуді айналып өтуге күш салды. Алайда Трамп пен Бессент экономикалық «қысымды» барынша күшейтсе, Ресей экономикалық күйреуден құтыла ала ма? Өзінің батыстағы шекарасының қауіпсіз болуын қисынды мақсат еткен Ресейдің саясатын өзгерте ала ма? Украинаның соғыс алаңында жеңілгенін мойындап, бейбіт келіссөздер жүргізуіне кім кедергі болуда? «Соңғы украиндық қалғанша соғысу» кімге қажет? Сұрақтар көп. Өкінішке қарай, жауап жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.