in

Саладағы жаңа серпіліс

Әрине, бұл үдеріс ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект жүйелерін қолдану арқылы жүзеге асады. Өйткені олар шаруашылыққа қатысты орасан зор деректерді жинап, талдайды. Сонымен қатар соңғы уақытта алқаптарда дрондар мен роботтар жұмыс істей бастады. Мемлекеттік деңгейде ауыл шаруашылығын цифрландыруды қолдау жобалары іске қосылып, жаңа технологиялық мамандықтарға оқыту бағдарламалары қолға алынып жатыр. Бүгінде бұл ауқымды өзгерістер агросектордың бет-бейнесін жаңартып, оны инвесторлар үшін тартымды салаға айналдырып келеді. 

Отандық агроөнеркәсіп кешені де цифрлық жаңғырудың жаңа сатысына қадам басып отыр. Себебі соңғы уақытта елімізде егістік алқаптарды дронмен бақылау, GPS-навигация, агродеректермен жұмыс, автоматтандырылған суару жүйелері мен мал шаруашылығын басқарудың жаңа цифрлық құралдарын кеңінен қолдану үрдіске айналды. Жақында өткен Үкімет отырысында да мал шаруашылығы мен ветеринария саласын цифрландыру мәселесі қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің сөзіне сүйенсек, АӨК жаңғырту шеңберінде мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті кеңейту қолға алынған. Ведомство басшысы Astana Hub экожүйесінде ветеринария мен мал шаруашылығы үшін цифрлық шешімдер әзірлейтін стартаптар мен компаниялар дамып келе жатқанын сөз етті. Олар ауыл шаруашылығы жануарларының басын есепке алуды, олардың денсаулық жағда-йын мониторингілеуді қамтамасыз ететін жүйелер мен аппараттық-бағдарламалық кешендерді, сондай-ақ агроөнімдерді сату және сатып алу платформаларын әзірлеуде.

Агроөнеркәсіптік кешен саласына цифр­лық технологияларды енгізудің бір мысалы – ауыл шаруашылығы жануарларының жай-күйін бақылауға арналған отандық смарт-трекер мен мониторинг жүйесі болып отыр. Бұл шешім фермерлер мен аграрлық компанияларға жануарлардың жағдайын онлайн режимде қадағалауға және ауру салдарынан өлім-жітімді дер кезінде алдын алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, халықаралық деңгейде ветеринариялық дәрілік заттарды, вакцинацияларды және аурулар ошақтарын есепке алуға арналған кешенді цифрлық жүйелер енгізілуде. 

Аграрлық секторды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мал шаруашылығы мен ветеринария бойынша деректерді бірыңғай ақпараттық жүйеде шоғырландыру да тиімді шешім болмақ. Себебі бұл шара фермерлік шаруа­шылықтардан бастап салалық ведомстволарға дейін барлық деңгейде үздіксіз есеп жүргізуді, кешенді талдауды және жедел басқарушылық шешімдер қабылдауды қамтамасыз етеді.

Смарт-фермалар тұжырымдамасын енгізуге және үдерістерді автоматтандыруға да ерекше назар аударылған. Нәтижесінде, қазір шаруалар тарапынан автоматтандырылған сауу, азықтандыру, климатты басқару, бейнебақылау жүйелері мен жануарлардың денсаулығын бақылауға арналған датчиктер сияқты роботтандырылған шешімдерді пайдалануға деген қызығушылық артып келеді. 

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, елімізде жалпы саны 2243 ферма тіркелген. Соның ішінде 200-ден астамы цифрлық форматта жұмыс істейтін заманауи шаруашылықтар. Мұндай фермалар нақты егіншілік технологияларын, дрондарды, түрлі датчиктер мен GPS жүйелерін қолдана отырып, топырақ пен өсімдіктердің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, тұқым себу, тыңайтқыш енгізу және суару үдерістерін оңтайландырады.

Өңірлер де заманының алдына айналған аталмыш технологиялардан кенде емес. Мысалы, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында спутниктік мониторинг, агрохимиялық талдау мен тыңайтқышты нүктелі енгізу әдісі белсенді түрде қолданылады. Ал Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында мал шаруашылығына жасанды интеллектпен басқарылатын сауу роботтары, автоматтандырылған азықтандыру жүйелері және микроклиматты бақылау құрылғылары енгізілген. Павлодар өңірінде су үнемдеу мен автоматтандырылған суару технологиялары іске асуда.

Соңғы жылдары фермерлер заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – GPS және автопилотпен жабдықталған John Deere мен Claas секілді алпауыт брендтердің тракторлары мен комбайндарын жиі қолдана бастады. Қазірдің өзінде жүргізушісіз тракторлар іске қосылды. Бұл техника нақты егіншілікті дамытуға жол ашып, шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға сеп болуда. Цифрлық технологияларды енгізу әсіресе елдің солтүстік өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр.

Малды нақты уақытта бақылау, күтпеген жағдайға дереу әрекет ету – мұның бәрі дрондар арқылы мүмкін болып отыр. Мұндай тәжірибе Маңғыстау, Батыс Қазақ­стан және Жамбыл облыстарында жүзеге асуда.

Жетісу облысының Балпық ауылында өңірдегі жалғыз цифрлық сүт фермасы жұ­мыс істейді. Аталған фермада сауын сиырларға роботтар күтім жасайды. Бұл – жа­нуарларға ең жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Әрбір сиырдың денсаулығы тәулік бойы бақылауда, ал сүттің сапасы мен көлемі автоматты түрде есепке алынады.

Сиырлар еркін қозғалып, сауу қондырғысына өз еркімен жақындайды. Робот-дояр олардың физиологиялық жағдайын анықтап, мониторда барлық деректерді – сауылған сүттің көлемінен бастап сапасына дейін – көрсетеді. Тіпті, сиырды сауу қажет пе, жоқ па – соны да робот өзі шешеді. Мұнда 10 автоматтандырылған робот жұмыс істейді, және әрбір сауыннан кейін міндетті түрде залалсыз­дандыру жүргізіледі.

2024 жылы аграрлық салада жалпы құны 280,3 млрд теңгеге 287 инвестиция­лық жоба жүзеге асырылды. Ал биыл 284 жоба 614,5 млрд теңгеге жоспарланған.

Су үнемдеу технологияларын қолданатын жерлердің көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді. 2025 жылы мұндай жер көлемі 612 мың гектарға жетпек. Осылайша, ауыл шаруашылығын цифрландыру – кешеннің тұрақты дамуына жол ашатын негізгі бағыттардың бірі болуға тиіс.

 

Кәмила ДҮЙСЕН