Aikyn.kz компанияның төтенше қымбаттау себептерін cnbc.com материалына сүйеніп талдайды.
Әлемде Nvidia алғаш болып 5 триллион доллар тұратын компанияға айналды. Күнде құбылып тұратын қаржы нарығына қарамастан, бұл – тарихи меже. Енді бірнеше жылда 1 триллион, 5 триллион, тіпті, 10 триллион тұратын компаниялар пайда болады. Бұл қаржы нарығындағы доллардың қаншалық мол екенін де, америкалық валютаның құнының төмендеуін де көрсететін құбылыс.
Сәрсенбі күні (29 қазан) Nvidia компаниясының акциялары 3%-дан астам өсті. Нәтижесінде, осы технологиялық алып нарықтық капитализациясы 5 трлн долларлық межені алғаш бағындырған әлемдік компания атанды. Бұл – ерекше көрсеткіш. Бірнеше жыл бұрын, жасанды интеллект бумы басталмай тұрып, видео-ойындарға арналған процессорлар жасайтын қарапайым компаниядан ЖИ нарығында негізгі ойыншыға, технологиялық алпауытқа айналған компанияның өсуі нарықты таңғалдыруда.
Aikyn.kz шілде айында Nvidia-ның нарықтық капитализациясы 4 трлн болғанын жазды. Оны мына жерден оқи аласыздар: «Дональд Трамп құны 4 триллион доллардан асқан Nvidia-ның СЕО-сын қабылдады» .
Құны 4 айдың ішінде 1 трлн долларға қымбаттаған адамзат тарихындағы компанияны білесіз бе?
Бүгінде Nvidia тек әлемдік қаржы нарығы ғана емес, тұтастай жасанды интеллект нарығының да индикаторына айналды. Сарапшылар дабыл қаға бастаған ЖИ «көпіршігі» жарылса, ең ауыр зардап шегетін де осы компания болады. Өйткені оның табысы осы сегменттің дамуына тәуелді.
Nvidia акциялары сейсенбі күні (28 қазан) 5%-дан жоғары көтерілді. Ал жылдың басынан бері оның бағасы 50%-дан астам өскен. Соңғы серпіліс компания СЕО-сы Дженсен Хуанг (Jensen Huang) жасанды интеллект чиптеріне 500 миллиард долларлық тапсырыс күтіледі деп жариялағаннан кейін болды. Тағы бір себеп – Nvidia АҚШ үкіметі үшін 7 жаңа суперкомпьютер салып бермекші.
Сонымен бірге сейсенбі күні (28 қазан) Nvidia 6G байланыс технологиясын әзірлеу үшін 1 миллиард долларға Nokia акцияларын сатып алғанын хабарлады. АҚШ акциялары, жасанды интеллект нарығындағы сауданың әсерімен, сейсенбі күні (28 қазан) рекордтық деңгейде өскен. Негізгі индекстер технологиялық сектордағы өсімнің арқасында көтерілген. Атап айтқанда, Apple пен Microsoft акциялары да 4 триллион доллардан астам рыноктық құнға жетті.
АҚШ акцияларының осындай лезде көтерілуі «көпіршік» қауіптеріне қарамастан жүріп жатыр. Әсіресе, жасанды интеллектке негізделген шығындар рекордтық мәмілелер мен бағалау көрсеткіштеріне алып келуде. Бұған дейін International Monetary Fund пен Bank of England жасанды интеллектке деген инвестор қызығушылығы төмендеген жағдайда әлемдік қор нарығы қиындыққа тап болуы мүмкін екенін ескерткен.
Мына фильмнің эпизоды қаржы нарығының қалай жұмыс істейтінін көрсетеді:
Қысқаша түйін
Nvidia акцияларының тез өсуіне бірнеше фактор әсер етуде. Видео ойындарға арналған процессорлар жасаудан бастаған компания жасанды интеллектінің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Жүздеген миллиард долларлық тапсырыстар мен қуатты суперкомпьютерлер салу жоспарын жариялады. Сондай-ақ қызметін диверсификациялап, 6G технологиясына инвестиция салды. Дегенмен бұндай жылдам өсу «инвестициялық көпіршік» қаупін де тудырады. «Көпіршік» туралы Aikyn.kz «Кремний аңғарында «көпіршік» жарылу қаупі туды», «Жасанды интеллектінің «көпіршіктері» жарылса, қорықпаңыз» атты материалдарында айтылды.
Сарапшылардың пікірінше, егер жасанды интеллектке қатысты болжамдар асыра бағаланса немесе өсім қарқыны баяуласа, нарықта түзету (коррекция – төмендеу) болуы мүмкін. Көпіршік бірнеше жағдай бір мезгілде орын алғанда «жарылуы» мүмкін. Технологиялық алпауыттардың қаржылық нәтижелері мен кірістері төмендесе, реттеу қатайып, шектеулер енгізілсе немесе макроэкономикалық өзгерістер болған жағдайда. Бұның бәрі бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтін процестер. Сондықтан қаржы әлемінің көпшіліктен жасырылған көрсеткіштерін бақылау сарапшылар үшін ғана емес, саясаткерлер үшін де маңызды болып тұр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
