Сала лидері! Тіпті, өзін посткеңестік кеңістіктің көшбасшысы санаған Ресей цифрлық рублін толыққанды іске қосуды келесі жылға жылжытуға мәжбүр: мемлекет те, бизнесі де, жүйелері де дайын емес. Республикамыз болса, қазірдің өзінде 257,5 миллиард цифрлық теңгені айналымға жіберіп үлгерді. Аяқ алысы ғаламат. Осы орайда ұлттық валютаның жаңа түрінің қашан толыққанды әрі кең айналымға шығатыны жария етілді.
Бұл белеске жету оңайға соққан жоқ. Цифрлық теңгені енгізу ұзаққа, онжылдыққа созылып кетті. Оған коронавирус серпін берді. Мысалы, пандемия заманында Қазақстанда үйіне қамалған адамдарға қызмет көрсету үшін түрлі салалар қарқынды түрде электронды форматқа көшірілді, цифрландыру шырқау шегіне жетті. Сонда 2021 жылғы 9 желтоқсанда, Үкімет отырысында Ұлттық банк ұлттық цифрлық валютаны енгізу жөніндегі пилоттық жобаны қолға алғанын сенімді мәлімдеді.
Ұлттық банктің сол тұстағы төрағасы Ерболат Досаев айтқандай, «Цифрлық теңге» жобасы отандық қаржы секторының цифрлық инфрақұрылымын дамытады және осы салаға қаржылық инновацияларды енгізу бағдарламасының ұстынына айналады.
– Ұлттық цифрлық валюта – цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жоба биылғы жылдың негізгі бастамаларының бірі. Жоба қаржы нарығының қатысушыларымен және халықаралық әріптестермен бірлесіп қолға алынды. Қазіргі уақытта цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу аяқталды. Президент тапсырмасымен Ұлттық банк 2022 жылғы 1 шілдеге дейін пайда мен шығындарды бағалап, цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделін әзірлейді. 2022 жылғы желтоқсанда цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы қорытынды шешім әзірленеді, – деді Е.Досаев.
Алайда цифрлық теңгені енгізу 2022 жылы емес, тек 2024 жылы қарқынды жүргізілді. Соның алдында Мемлекет басшысы бюджет қаражатының жұмсалуын айқын ету, ашықтығын арттыру үшін бюджеттік саясатқа цифрлық теңгені интеграциялауды қайта тапсырған болатын. Мұның сыртында Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қаржы жүйесін цифрлық трансформациялау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін озық технологияларды енгізу жөнінде міндеттер қойды.
Былтырдан бері не істелді?
Ұлттық банктің қазіргі төрағасы Тимур Сүлейменов айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылғанын хабарлады. Платформа қазір тәжірибелік-өнеркәсіптік эксплуатациялау кезеңінде екен. Елдің бас банкирі ұлттық валютаның осы жаңа түрін 2025 жылғы желтоқсан айында толыққанды іске қосуға уәде етті.
Ұлттық банктің цифрлық трансформациялау жетекшісі Бинұр Жаленовтің айтуынша, цифрлық теңге 10-нан астам бағыт бойынша сыналып үлгерді. Атап айтқанда, қосылған құн салығын (ҚҚС) кәсіпкерлер мен компаниялардың цифрлық теңге көмегімен төлеуі арқасында отандық тауарларды шетелге экспорттаушыларға ҚҚС-ті сол цифрлық теңгемен кері қайтару мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқарған.
Салыстырар болсақ, қарапайым теңгемен, яғни ҚҚС-ті қолма-қолсыз электронды түрде қайтаруға кем дегенде 75 күн кетеді. Тіпті, бюджеттен жыл басынан бері ҚҚС-ін кері ала алмай жүрген компаниялар жетерлік.
Цифрлық теңге сыбайлас жемқорлықпен күресуге жәрдемдеседі. Ал ең ірі коррупциялық схемалар жолдар құрылысында екені жасырын емес. Жолдарды жөндеуге арналған қаражатты таңбалау, яғни оған республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаны цифрлық теңге түрінде беру «Павлодар – Атырау» және «Мұқыр – Құлсары» жобаларында сыналды.
2025 жылғы маусым айының соңында Қазақстанда – Павлодар облысында, пилоттық бағдарлама аясында цифрлық теңге қолданылған алғашқы жол ел игілігіне тапсырылды. Цифрлық теңгемен қаржыландырылған жол құрылысы жұмыстары «РФ шекарасы (Омбыға қарай) – Майқапшағай» автожолының 383–390 шақырым аралығындағы 7 шақырымдық учаскені қамтыды. Аталған автожол I техникалық санатқа жатады. Бұл учаскеде соңғы жөндеу жұмыстары 2015 жылы жүргізілген болатын.
– Сондай-ақ «Достық – Мойынты» теміржолының және «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры учаскесінің құрылысы да цифрлық теңге пилоттық жобасы арқылы жүзеге асырылды. Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін де цифрлық теңге пайдаланылады. Алдағы уақытта тағы бірнеше ірі жобаны, нақтыласам, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын, Газ бөлу кешенін және «Бақты – Аягөз» теміржол телімін салу сияқты жобаларды осылай іске асыру жоспарда тұр, – деді Бинұр Жаленов.
Өрісі он есе ұлғаймақ
Елде «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғаны белгілі. Ауыл тұрғындарының табысын арттырудың осы бағдарламасы кез келген ауылдыққа өз бизнесін ашуға, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етеді. Осы мақсатта ауыл тұрғындарына 2,5%-бен арзан шағын несиелер үлестіріледі. Бұл салада да жемқорлық фактілері анықталып жатыр.
«Ауыл аманаты» аясында 8 мың АЕК-ке (2025 жылы 31 456 000 теңгеге) дейінгі сомаға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдікті кредит беру де көзделген. Биыл бағдарламаға 50 миллиард теңге бөлініпті. Осы миллиардтар талан-тараж етілмей, нысаналы жеріне жұмсалуы үшін «Ауыл аманаты» аясында қаражатты уақытша бұғаттау тетігі сынақтан өтіпті.
Жалпы, цифрлық теңгенің әлеуеті зор, мүмкіндіктері мол. Енді Ұлттық банктің дерегінше, цифрлық теңгені сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен автокөлікке қатысты мәмілелер жасау, мектептегі тамақтану, қымбат тауарларды сатып алу, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік несиелеу құралдары сияқты басқа да бағыттарда енгізу мәселелері пысықталып жатыр.
Цифрлық теңгені заңдастыру бағытына да ерекше екпін түсіріледі. Бұл мақсатта бүгінде нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп жатыр. Осы туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті. Оның айтуынша, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға, цифрлық шот ұғымын және басқа да ілеспе нормаларды енгізуді қоса алғанда, бірқатар заңнамалық түзетулер дайындалған.
Премьер-министр цифрлық теңгенің негізгі артықшылықтарын атап өтті. Оған оның бағдарламалауға және таңбалауға икемдігілігі жатады. Мысалы, Теңге сарайынан шығатын қарапайым банкноттардың бір бөлігі жеке және заңды тұлғалардың қолына түскеннен кейін ғайып болады. Өйткені азаматтардың бір бөлігі жинағын үйінде жасырып ұстайды. Тағы бір бөлігі шынымен де жоғалып қалады.
Қолма-қолсыз электронды теңгені де бақылау күрделі. Белгілі бір буындарында ізі қалмайды. Ал дәп бір шынжыр сияқты тоқтаусыз тізбектелетін цифрлық теңгенің әрбір тізбегі, кімнің қолынан кімге көшкені арнайы жүйеде жазылып тұрады. Бұл қаражаттың қозғалысын қадағалауға және мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, «ақшаның» әрбір партиясын жеке таңбалауға болады. Мәселен, «ҚҚС қайтаруға арналған ЦТ», «әлеуметтік жәрдемақы үшін ЦТ» деген сияқты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатты пайдалануда толық ашықтықты және жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Ақшаны таңбалауды кеңейтуді тиімді жүзеге асыру үшін ақпараттық жүйелердің «Цифрлық теңге» платформасымен уақытылы интеграциялануын қамтамасыз ету қажет, – деді Олжас Бектенов.
Оның пайымдауынша, бұл іс сондай-ақ тиісті нормативтік құқықтық базаны пысықтау талап етіледі. Соның ішінде «Боялған ақша» тетігін енгізу сапалы және толық көлемде жүзеге асырылуға тиіс. Сондықтан Премьер-министр жедел арада Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны «цифрлық теңге» форматына ауыстыруды тапсырды.
Яғни, 2024 жыл бойы цифрлық теңге оншақты жобада қолданылса, енді бұл сан бірден он есеге ұлғаяды. Демек, жауапты тұлғалар да күш-жігерін, қарым-қарекетін еселеп арттырғаны жөн. О.Бектенов мемлекеттік органдарға Ұлттық банкпен және мүдделі ұйымдармен, бизнеспен бірлесіп, экономиканың жекелеген секторларына цифрлық теңгені кең көлемде жедел интеграциялау жөніндегі Жол картасын әзірлеуді жүктеді.
Мемлекет қамқорлығы діттеген жеріне жетеді
Цифрлық теңгенің бір жақсы жері, оны мемлекет қалаған көлемде шығара алады. Инфляцияға қысым жасамайтын көрінеді. Осыған байланысты цифрлық теңгенің аса қажет бір саласы бар, ол – халықты әлеуметтік қамсыздандыру. Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратынша, республикалық және жергілікті бюджет шығыстарының жартысынан көбі – 18 триллион теңгеден астам сома әлеуметтік салаға бағытталыпты. Оның ішінде зейнетақы, түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлем, атаулы әлеуметтік көмек, басқасы бар. Ал бұл шығындардың тиімділігіне қатысты үлкен сұрақтар туындап тұрады.
Үкімет, мысалы 9 орталық мемлекеттік орган және барлық жергілікті атқарушы орган әлеуметтік шығыстардың әкімшілері болып табылатынын атап өтті. Бұл осы шығыстардың бөлшектеніп және оған бақылаудың босаңсып кетуіне алып келеді екен. Қаржы тасқынына жолай қауға салып, қарпып қалуға тырысатын шенеуніктер табылады.
Ал цифрлық құралдардың пайдаланылуы арқасында, Олжас Бектеновтың пікірінше, әлеуметтік мақсаттарға жұмсалатын бюджет қаржысын бақылау да күшейтіледі. Пилоттық режимде Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында балабақшаларды қаржыландырудың ашық цифрлық тетігі енгізілді.
Бұл жалған мәліметтерді, қосып жазуды жою есебінен 4 қаланың өзінде ғана 20 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір бұл тәжірибе елордада енгізілу үстінде. Жыл соңына дейін бүкіл ел аумағына таратылатын болады.
Цифрлық теңге қолданылатын «Әлеуметтік әмиян» да атаулы-адресті мемлекеттік қолдауды күшейту және айқын ету құралына айнала бастады. Сол арқылы балалардың тамақтануы мен мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек алу үшін ақы төленеді. Бақылауды күшейту мақсатында тегін берілетін дәрі-дәрмектерді таңбалау аяқталды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, Әлеуметтік әмиянда пилоттық режимде «ақшаны бояу» функционалы бар цифрлық теңге енгізілді. Ол бюджеттен бөлінген әлеуметтік қолдау қаражатының әрбір теңгесін кімдердің алғанын көрсетеді. Сөйтіп, қаржы қозғалысын түпкі алушыға дейін қадағалап, барлық шығынның тізбегін онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
Елдос СЕНБАЙ