in

Цифрлық тұтастық – дамудың жаңа даңғылы

Керісінше, оның алдыңғы шебінде болуға ұмтылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында өткен Еуразиялық экономикалық форумдағы мәлімдемесінде бұл бағыттағы батыл бастамалар айқын көрініс тапты. Жасанды интеллект, жоғары өнімді суперкомпьютерлер, Alem.AI халықаралық орталығы, CryptoCity сияқты жобалар – еліміздің цифрлық болашаққа нық қадам басқанын білдіретін нақты дәлел. Бұл тек ішкі реформа емес, Еуразиялық экономикалық одақпен бірлескен серпінді серіктестікке бастайтын стратегиялық бағдар болмақ. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті мүлт жібермей, жаңа технологиялар мен бірегей жобалар арқылы Қазақстанды өңірлік цифрлық көшбасшыға айналдыру.

Президент форум интеграциялық бір­лестік қызметінің өзекті мәселелері жө­нін­де мазмұнды диалог өрбітетін маңызды алаң­ға айналғанын айта отырып, ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттық үдерісіндегі цифр­лық технологиялардың перс­пек­тива­сына тоқталып өтті. Мемлекет бас­шы­сы жа­санды интеллекттің өндіріс, кө­лік, энер­гетика, білім беру сияқты көп­теген салада кеңі­нен қолданылып жат­қанын, алдағы жыл­дары ол жаһандық эко­номикаға трил­лион­даған табыс әке­ліп, жаңа маман­дық­тар­­дың пайда болуы­на жол ашатынын атап өтті. Сонымен қа­тар Қазақстан бұл салада белсенді қа­дам­дар жасап жатқанын  супер­ком­пьютер іске қосылып, Alem.AI халықара­лық ор­та­лы­ғы мен CryptoCity жобалары жү­зеге аса­тынын жеткізді. Пре­зи­дент ЕАЭО-ны бұл үдерістен қалыс қалмай, цифр­­лық бә­­­се­­кеде алдыңғы қатарда болуға ша­қырды.

– Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, дүниежүзін­де жасанды интеллект саласындағы бә­секелестік күшейіп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек.

– Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды. Әрине, кез келген технологиялық революция сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни, дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның келесі жылғы Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңеске төрағалығы аясында жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы стратегиялық маңызды саладағы әлеуетті нығайту үшін елімізде атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

– Қазақстан ынтымақтастыққа ашық. ЕАЭО-ға мүше елдерді инновациялық кластерлерді, технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесе іске қосуға ша­қырамыз. Ондағы ғылыми ізденістер мен технологиялар кейін табысты ком­мерция­лық жобаға айналуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, озық цифрлық технологиялар өзара сауда-экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін бере алады. Сондай-ақ ол цифрлық транс­фор­мацияны еуразиялық интеграцияның негізгі қозғаушы күші ретінде атап өтті. ҚР Пре­зиденті жанындағы ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің айтуынша, одақтың болашағы осындай технологияларға инвестиция са­луға тікелей байланысты.

– ЕАЭО – ауқымды нарық. Оның болашағы цифрлық дәуірге бейімделу, проактивті әрекет ету және білім мен тех­нологияға инвестиция салуға байланысты. Президент e-commerce, электронды құжат айналымы мен автоматтандырылған логистиканы ЕАЭО-ның негізгі элементтері ретінде атап өтті. Сонымен қатар ЖИ-ді интеграциялау одақты модернизациялауда маңызды қадам болатынын айтты. Өйткені ЖИ-ді негізгі салаларға енгізу арқылы өнімділік пен инновация артады, бұл жа­һандық нарықтарда бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді. Біртұтас цифрлық экономикалық кеңістік ЕАЭО елдерінің орнықты дамуына жол ашады, – дейді ол.

Сарапшы сөзіне сүйенсек, Қазақстан цифрландыруда елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Ел БҰҰ-ның электронды үкімет рейтингінде – 24-орында, IMD World Digital Competitiveness-2024 тізімінде – 34-орында, ал онлайн қызметтер бойынша әлемнің үздік ондығына енген. Қазақстандық IT қызметтер бүгінде 90 елге экспортталады. Бұл – саланың жаһандық нарықта табысты бәсекелесе алатынын көрсетеді. Сол себепті маман еліміздің ЕАЭО-ның цифрлық ке­ңістігін дамытуға салмақты үлес қоса ала­тынына сенім білдірді. 

Ал Қазақстан ЕАЭО-ға мүше болған соңғы 10 жылда қандай нақты экономика­лық пайда көрді деген сауалға ол еліміздің ЕАЭО мүше мемлекеттермен өзара сауда көлемі 87,1%-ға артқанын атап өтті.

– 2015 жылы бұл көрсеткіш 16,3 млрд доллар болса,  былтыр 30,5 млрд долларға жетті. Үшінші елдермен сауда көлемі де 84,4%-ға өсіп, 60,2 млрд доллардан 111 млрд долларға дейін көбейді. Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты екі еседен астам өсіп, 5,1 млрд доллардан 11 млрд долларға жетті. Тауар номенклатурасы кеңейіп, логистикалық байланыстар нығая түсті. Одаққа мүше елдерден тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де айтар­лықтай өскен: 2015 жылғы 0,6 млрд доллардан 2024 жылы 4 млрд долларға дейін жетіп, алты есеге артқан. Одақ аясындағы еркін сауда келісімі қазақстандық бизнес үшін тиімді жағдайлар туғызды. Бірыңғай кеден­дік реттеу қағидалары арқасында құжат рәсімдеу жеңілдеді, брокерлік және уақытша сақтау қызметтеріне сұраныс азайды. Одақ елдерінің бірінде рәсімделген құжаттар бүкіл аумақта жарамды. Бірыңғай көлік кеңістігі жүктердің еркін қозғалысына жол ашты. Сонымен қатар ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін қалып­тастыруда еліміз шешуші рөл атқаратын мемлекет. Өйткені Қазақстан аумағы ар­қылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді – оның бесеуі теміржол, сегізі автожол. Солтүстік және Еуразиялық бағыттар, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий халықаралық көлік бағыты маңызды рөл атқарады. Бұл мар­шруттардың маңызы артып келеді. Елде жол-көлік және теміржол инфра­құрылымы жаңартылып, мультимодальды хабтар құрылуда. Мұның бәрі ЕАЭО елдерін Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия на­рықтарымен байланыс­тырады, – дейді ҚСЗИ сарапшысы.

Сөз барысында маман санкциялық қысым мен жаһандық жеткізу тізбектерінің өзгеруі аясында еліміздің инвестициялар мен өндірістік қуатты тарту орталығына айнала алатынын жасырмады.

– Саяси тұрақтылық пен геосаяси бейтараптық елді сенімді юрисдикция ретінде көрсетеді. Бар инфрақұрылым мен арнайы экономикалық аймақтар, индустриялық парктер, салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвестицияларды қорғау туралы келісімдер – мұның бәрі инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалып­тастырады. Сонымен қатар инвестиция­лық климатты жақсарту бойынша да жұмыс жүргізілуде: әкімшілік рәсімдер жеңіл­деп, цифрлық сүйемелдеу енгізілуде, меншік пен келісімшарттар қорғалуда. 2024 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 17,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның 4 миллиарды – ЕАЭО елдерінен. БҰҰ-ның ЭСКАТО агент­тігі мәліметінше, Қазақстан 2024 жы­лы Солтүстік және Орталық Азияда жаңа жобаларға инвестиция тарту бойынша көш бастады – 15,7 млрд доллар. Алайда 2024 жылы жалпы инвестициялар көлемі 28%-ға қысқарды. Бұл – пайдалы қазбалар, әсіресе мұнай-газ саласындағы инвести­циялардың азаюымен байланысты. Деген­мен сауда және IT салаларында өсім бай­қал­ды, – деді Әсел ханым.

Сарапшы сөзін қорытындылай келе инновациялық және өнеркәсіптік коопера­ция­ны күшейту маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ ол үшінші елдермен және интеграциялық блоктармен келісімдер желісін қалыптастыру қажеттігін әрі бұл жаңа өткізу нарықтарын және инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

Жиыннан соң CryptoCity жобасына көпшілік тарапынан қызығушылық туғыз­ған болатын. Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, болашақта бұл ерекше жоба Алатау жаңа қаласының аумағында жүзеге асуы мүмкін. Министр бұл бастаманы Қазақстан Президентінің стратегиялық жобаларының бірі деп атап өтті. Расымен де, бұл – тек экономикалық емес, технологиялық өрлеудің де жаңа парағы болуы мүмкін.

«CryptoCity – бұл жай ғана қала емес. Бұл жерде криптовалюта өмірдің бір бөл­шегіне айналады. Адамдар мейрамханаларда тамақтанып, үйлер сатып алып немесе инвестицияларын криптовалюта арқылы жүзеге асыратын болады. Бұл – елімізді цифрлық экономикада алдыңғы қатарға шығаратын маңызды қадам», – деді БАҚ өкілдеріне пікір білдірген министр.

Ж.Мәдиевтің пікірінше, мұндай қаланың пайда болуы елге шетелдік ин­вес­торлармен қатар талантты ІТ-маман­дар мен әзір­леушілерді тартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экономикалық өсім мен инно­вациялық серпінге жол ашады. Алайда мұндай бастама  инфра­құрылыммен ғана шектелмейді. Ең ал­дымен заңнамалық және нормативтік негізді қалыптастыру қажет. CryptoCity аумағында криптовалюта ашық айналым­да болуы үшін, оған ыңғайлы құқықтық орта жасалып, заманауи цифрлық ережелер бекітілуі керек. Сондықтан Пре­зидент бастамасы – бұл болашаққа батыл қадам. Егер жоба сәтті жүзеге асса, CryptoCity Қазақстанды Орталық Азиядағы блок­чейн мен криптоэкономиканың басты орталығына айналдырып, елдің цифрлық мәртебесін әлемдік деңгейге шығарары сөзсіз.

 

Кәмила ДҮЙСЕН