Aikyn.kz құлпынай өсірудегі жаңа технологияны newatlas.com сайты жариялаған материалға сүйеніп талдайды.
Dyson компаниясы өзінің ерекше вертикалды тік фермасын жаңа видеороликте көрсетті. 1 225 000 түп құлпынай өсірілетін фермада компания өзінің технологиялық тәжірибесін пайдаланған.
Англияның Линкольншир графтығында орналасқан, аумағы шамамен 10,5 гектарды қамтитын жылыжай кешенін Dyson компаниясы салған. Жылыжай ішінде салмағы 500 келіге жуық алып дөңгелектер құлпынай өсімдіктерін ұстап тұрады. Олар баяу айналып, жемістерге күн сәулесін біркелкі түсіріп отырады. Ультракүлгін сәулелендіруші роботтар дәліз бойымен жүріп, жапырақтардағы зеңді жояды. Ал тағы бір робот өсімдіктерге пайдалы жәндіктерді жіберіп, зиянды біте мен басқа да зиянкестермен күреседі.
Құлпынай пісе бастаған кезде оны жинаумен 16 роботты қол айналысады. Олар әрбір жидекті абайлап үзіп алуға бейімделген. Джеймс Дайсонның өзі атап өткендей, роботтар бар болғаны бір ай ішінде 200 000 құлпынай жидесін жинаған.
Бұған дейін Aikyn.kz америкалық Plenty Richmond фермасының бар-жоғы 0,4 гектар аумақта 9 метрлік биік мұнараларда 1,8 миллион келі құлпынайды тігінен өсіретін технологиясын жазған болатын. Ол материал «Ауада өсірілген құлпынай жерде өскенмен салыстырғанда өнімді 3 есе көп береді, суды 90%-ға аз қажет етеді» деген атаумен берілді.
Өсімдіктер орналасқан алып дөңгелектердің ұзындығы – 24 метр, биіктігі – 5 метр. Фото mossandfog.com сайтынан алынды
Бұрын шаңсорғыштар мен желдеткіштер жасаумен байыған адам үшін ауыл шаруашылығына бет бұру оғаш көрінуі мүмкін, бірақ Джеймс Дайсон мұны табиғи эволюция деп санайды.
«Зат жасау мен өсімдік өсіру – ұқсас үдерістер. Мен – өндірушімін. Сол себепті мен ауыл шаруашылығына да өндіріс логикасымен келдім. Оны қалай тиімді етуге болады? Қай технологияларды енгізсек, азық-түліктің сапасы мен дәмі жақсарады? Жерді қалай ұтымды пайдалануға болады, ауыл шаруашылығына инвестиция тартып, оны түбегейлі өзгерту үшін не істеу керек?», – дейді ол видеода.
Өсімдіктер орналасқан алып дөңгелектердің ұзындығы – 24 метр, биіктігі – 5 метр. Dyson инженері Роб Кайлдың айтуынша, бұл – компания тарихындағы ең үлкен құрылым.
Dyson жылыжайы бір алаңға көбірек өсімдік отырғызумен қатар, басқа да бірқатар тиімді шешімдерді қолданады. Жылыжайды жергілікті анаэробты реактор қуаттандырады. Бұл реактор астықтан бөлінетін газдар арқылы турбиналарды айналдырады. Процестің артық жылуы жылыжайдың ішкі температурасын сақтау үшін пайдаланылады. Ал реактордан қалған қалдық (дигестат) органикалық тыңайтқыш ретінде егістікке қайта оралады.
Өсімдіктерді суару үшін жылыжайдың 760 метрлік шатырынан жиналған жаңбыр суы пайдаланылады. Бұл ферма жылына 1 250 тонна құлпынай өндіре алады. Өсіру жүйесі табиғи жарықты барынша тиімді қолданады, ал жасанды жарық қажет кезде қосымша көмек ретінде ғана қосылады. Құлпынай Ұлыбританияда өсіріліп, сонда сатылады. Яғни, алыс елдерден импорттауға кететін қаржы мен логистика шығындары үнемделеді. Себебі жылдың көп бөлігінде Британияда құлпынай өсіру қолайсыз.
«Азық-түлік өндірісінің тұрақтылығы, азық қауіпсіздігі мен қоршаған орта – елдің денсаулығы мен экономикасы үшін шешуші факторлар. Ауыл шаруашылығы технологиялық революция жасауға қабілетті. Керісінше, технология да ауыл шаруашылығында революция жасай алады. Жоғары технологиялы, тиімді ауыл шаруашылығы – болашағымыздың кілті. Dyson Farming осы болашақтың алдыңғы шебінде болуға ұмтылады», – деп түйіндейді Дайсон.
Ұлыбритания тұрғындары Dyson құлпынайын кейбір Marks & Spencer желісінен және жергілікті фермерлік дүкендерден сатып ала алады.
Өсімдіктерді суару үшін жылыжайдың 760 метрлік шатырынан жиналған жаңбыр суы пайдаланылады. Ферма жылына 1 250 тонна құлпынай өндіре алады. Фото dailymail.co.uk сайтынан алынды
Ойды ой қозғайды
Технологиялық дәуір – адамзат тарихындағы ең серпінді кезеңдердің бірі. Бір салада табысқа жеткен кәсіпкерлер мен инвесторлар бүгінде өз капиталын батыл түрде басқа салаларға – ғарыш өнеркәсібіне, медицинаға, ауыл шаруашылығына, жасанды интеллектке және т.б. бағыттап, адамзаттың болашағына тікелей әсер етуде.
Мұндай тұлғаларға нақты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Илон Маск – бастапқыда Zip2 және PayPal арқылы байығаннан кейін, өз капиталын SpaceX (ғарыш), Tesla (электромобильдер) мен Neuralink (миды компьютермен байланыстыру технологиясы) сияқты алдыңғы қатарлы технологияларға салды. Ол тек бизнес емес, адамзаттың Марсқа көшу арманына жол ашуда.
Джефф Безос – Amazon компаниясынан тапқан табысын Blue Origin атты жеке ғарыштық компаниясына бағыттап, ғарышты зерттеу мен жолаушылар тасымалын қолжетімді етуді көздеп отыр.
Билл Гейтс – Microsoft-тан түскен байлығын медициналық зерттеулер мен вакцина, денсаулық сақтау, таза су және ауыл шаруашылығы салаларындағы технологияларға салып, адамзаттың өмір сүру сапасын жақсартуға ден қойды.
Ал бүгінгі материалдың кейіпкері Джеймс Дайсон – жаңа үлгідегі шаңсорғыш пен шаш кептіргіштен (фен) табыс тауып, өзінің инженерлік әлеуетін жоғары технологиялы ауыл шаруашылығына бағыттап, фермерлік шаруашылықты жаңа деңгейге көтеруге инвестиция салып отыр.
Технологиялық дәуір – тек байлық емес, жаңа мүмкіндіктер дәуірі. Бір салада жетістікке жеткен жандардың өз капиталын адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге бағыттауы – болашақтың дамуына жол ашады. Бұл құбылыс бізге технологияны тек тұтыну құралы емес, қоғам мен планета үшін өзгеріс тудыратын күш ретінде қарау қажеттігін еске салады.
Осындай жеке бастамалар мен инвестициялар – ғылымның, инженерияның, экология мен медицинаның дамуына серпін беріп, адамзат үшін жаңа көкжиектер ашып отыр. Ал біздің қазақ миллиардерлері осындай үрдістерге ілесуге неге құлықсыз? Әлде заңсыз тапқан қаржыны елдің игілігіне жұмсауға сараңдық таныта ма? Сіз қалай ойлайсыз?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.