in

Қарыздан құтылудың жолы бар: несиені тез жабудың 7 тәсілі

Қаржы институттарына қарыз болу бүгінгі қазақстандықтардың күнделікті шындығына айналды. Бірі – тұтынушылық несие алған, бірі – ипотека арқалап жүр, енді бірі – картадағы лимитті тауысып қойған. Несиеден шаршаған жұрт көп. «Қашан құтылам?», «Ай сайын төлеймін, бірақ қарыз азаймайды» дейтіндер одан да көп. Шын мәнінде, несиеден құтылудың жолы жоқ емес. Ең бастысы,  дұрыс жолды таңдап, тәртіппен әрекет ету керек.

1. Қарызыңыздың толық көрінісін ашыңыз

Қанша несиеңіз бар екенін нақты білмейінше, құтылу жоспары құр болмайды. Әуелі барлық қарызыңызды жазып шығыңыз. Қай банкке қанша қарызсыз, оның пайызы қанша, ай сайын қанша төлейсіз – бәрін ашық етіңіз. Бұл – сіздің бірінші картаңыз, соғыс басталмас бұрын карта керек.

2. Төлемді көбейту – ең қысқа жол

Көп адам тек «минимал төлеммен» құтылуға тырысады. Бұл – ең баяу әрі қымбат жол. Ай сайын мүмкіндігінше көбірек төлеңіз. Айына 20 мың төлеудің орнына 30 мың төлесеңіз, пайызды азайтып, негізгі қарызды жылдамырақ жоясыз.

3. Алдымен ең қымбат несиені жабыңыз

Егер бірнеше несиеңіз болса, олардың ішіндегі пайызы ең жоғары несиеге шоғырланыңыз. Қалғандарын уақытында төлеңіз, ал ең үлкен пайызды бірінші жабыңыз. Бұл – «қарыздан қашу» емес, оны стратегиялық жою.

4. Қосымша табыс табыңыз – тек жабуға жұмсаңыз

Бүгінде қосымша табыс табудың жолы көп: онлайн қызмет, фриланс, жеткізу, курьер, репетиторлық, қолдан жасалған бұйым сату… Артық табыстың бәрін бірден несиені жабуға бағыттаңыз. Бұл уақытша қиындық – ертеңгі еркіндік үшін.

5. Шығындарды қысқарту – нәтиже береді

Шынайы үнем – ауыр, бірақ тиімді қадам. Уақытша сәнді киім, кофе, такси, шетелдік демалыс, тіпті бір ай үйлену тойына бармау да – нақты нәтиже береді. Әрбір қысқарған шығын – қарызға қарсы соғылған бір соққы.

6. Банктермен сөйлесуден қорықпаңыз

Егер нақты қиындыққа тап болсаңыз, банкке шығыңыз. Қайта құрылымдау, төлемді уақытша кейінге шегеру немесе ай сайынғы төлемді азайту – бәрі келіссөз арқылы шешіледі. Қазіргі банктер клиент жоғалтқысы келмейді. Ашық айтыңыз – олар тыңдайды.

7. Психологиялық тұрақтылық маңызды

Несиені ойлап, күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Қарыз – шешілетін мәселе. Ең бастысы, әрекет ету. Әр апта сайын бір қадам жасасаңыз, бір айда айқын өзгеріс, бір жылда үлкен нәтиже көресіз. Өзіңізді кінәламаңыз. Тек жұмыс істеңіз.

Несиеден құтылу – бір түнде болатын сиқыр емес. Ол үшін нақты жоспар, тәртіп және шыдам қажет. Бұл жолда басты қарсылас – өзіңіздегі салғырттық, басты көмекші – өзіңіздің ерік-жігеріңіз.

Бірнеше жыл бойы ай сайынғы табыстың жартысын банкке беріп келе жатқандар үшін өмірді қайта басқаруға мүмкіндік бар. Тек осы күннен бастау керек. Бір шешім, бір жоспар, бір қадам. Солай ғана қарыз тарих болады.