in

«Қарызсыз қоғам»: алты тағдыр, бір үміт

Бір отбасы үшін – төленбеген коммуналдық төлем, екіншісі үшін – ұйқысыз түндер мен үздіксіз қоңыраулар. Қарыз тек экономикалық көрсеткіш емес, ол – қоғамның әлеуметтік күйін айнадай көрсететін құбылыс.

Кейінгі жылдары осындай күйзеліс жағдайына тап болған мыңдаған азамат үшін «Amanat» партиясының  «Қарызсыз қоғам» жобасы үміт отын жақты. Бұл бастама 2023 жылы іске қосы­лып, екі жыл ішінде қарапайым кеңес пен құқықтық сүйемелден бастап, банкроттық рәсіміне де­йін­гі нақты көмек көрсететін ұлт­тық ауқымдағы әлеуметтік бағдар­ламаға айналды.

Жоба тек қарызды азайтумен шектелмейді. Ол адамдарға қар­жылық мәдениетті қайта қалып­тас­тыруға, өз өміріне бақылау мен сенімді қайтаруға көмектеседі. Көпшілігі үшін бұл бағдарлама – жаңа өмір бастау мүмкіндігі.

Төмендегі алты оқиға – заң тетіктерінен гөрі, адам тағдыры­ның, үміт пен қайта тірілудің айнасы.

Ана және сенімнің құны

Ол ұлын аман алып қалу үшін бәрін сатты. Тіпті, пәтерін де. Су ішсе, денесі бөртіп кететін ауыр ал­лер­гиясы бар баласының жағ­дайын жеңілдету үшін Еуразиялық банк арқылы 5,6 миллион теңге несие алды. Сол сәтте әріптесі сенімді жүзбен: «Түркияда жоғары пайызбен депозит ашып берем, ай сайын табыс түседі», – деді.

Ал ана сенді. Баласының еміне ақша көбейеді деген үмітпен қолындағы 8 миллион теңгені сол әйелге табыстады. Бірақ уәде берген адам ертеңіне-ақ жоғалып кетті. Артында ауыр диагнозы бар науқас бала мен мойнында бір­неше несие қалды.

Қатты соққыдан кейін ол жаңа займдарға жүгінуге мәжбүр бол­ған: дәрі-дәрмек алу керек, пәтер жалдау керек, ал табыс жоқ. Күн­дердің бірінде Instagram-нан «Қа­рызсыз қоғам» жобасының жар­намасын көріп қалған. Ал­ғашқы кездесуде көзіне жас алып отырып: «Мені алдады… Енді мен балама не қалдырдым?» – деген.

Жоба заңгерлері істі нөлден бастап қолға алды. Барлық құжат жиналып, банкроттық рәсімі басталды. Сот шешімі шыққанда ол алғаш рет жеңіл демалды. Бірақ бұл жай ғана қаржылық шешім емес еді – жоба алаяқтық фактісін құқықтық арнаға түсіріп, ананың заң алдындағы қорғанысын қам­тамасыз етті. Қазір ол – банкрот емес, бала үшін қайта күресіп жатқан ана. Ол үшін бұл сот шешімі тек қарыздан құтылу емес, қайта өмір сүруге берілген мүм­кіндік болды.

Даниярдың үнсіз күресі

33 жастағы Данияр Каденов – Орал қаласының маңындағы шағын үйде анасымен бірге тұрады. Бұрын табыс көзі болған, бірақ кейінгі жылдары жұмыссыз қалыпты. Ал қарыздар күн сайын көбейген. Банктерден, микро­кредиттік ұйымдардан және бір­неше коллекторлық агенттіктен алған берешегі 2,8 миллион теңгеден асып, төлем мерзімі екі жарым жылдан артық уақытқа кешіккен.

Телефон қоңыраулары толас­сыз. Кейде таңғы сегізде, кейде түн ортасында. «Бір күні бәрін өшіріп тастайын» деген ой да кел­ген. Бірақ бір сәтте ол шешім қа­былдап, «Қарызсыз қоғам» жоба­сына жүгінді.

Жобаның мамандары Дамир­мен бірге әр қадамды түсіндіріп, ЭЦҚ алуға көмектесті, несие та­рихын қарап, құжаттардың толық пакетін жинап берді. Банкроттық рәсімін сотқа дейінгі тәртіпте өткізу ұсынылды. Барлығы заңды жолмен жасалды.

19 мамыр күні Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер департаменті шешім шығарды: Данияр Темірбекұлы Каденов соттан тыс банкрот деп танылды. Бұл шешім – жай ғана қағаз емес, жаңа өмірдің бастамасы еді. «Менің өмірімде бірінші рет ешкім мені кінәламай, тыңдады», – деді ол.

Орынайдың тыныштығы

58 жастағы Орынай Өтеуова екі жылдан астам уақыт бойы телефон қоңырауынан шошып өмір сүрді. Kaspi Bank-тен келген әрбір хабарлама оның жүйкесін тоздырып, тыныштығын бұзатын. 2 миллион теңге қарыз, табыс көзі жоқ, ал үйдегі үнсіздік көбіне ұят пен қорқынышқа толы еді. «Түнде телефон шырылдаса, жүрегім тоқтап қала жаздайтын», – дейді ол сол кездерді еске алып.

Жылдар бойы қорқыныш пен кінә сезімін арқалап келген әйелге «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандары көмек қолын созды. Олар оның несиелік тарихын көтеріп, ЭЦҚ алудан бастап өтініш беруге дейінгі барлық рә­сімді бірге өткізді.

Орынайдың Kaspi Bank-ке берешегі 2,1 миллион теңгеге жеткен, ал төлем кешігу мерзімі 669 күннен асқан еді. Қазір ол соттан тыс банкроттық процесінен өтуде. Бұл оның өміріндегі шешу­ші кезең – «ертең айыппұл тағы өседі» деген қорқыныштан «ертең ресми жұмысқа тұрамын» деген үмітке көшу.

Жарақаттан кейінгі өмір

Ақмолалық Мағжан Түсіп­беков – өмір бойы еңбекпен өскен адам. Құрылыс алаңындағы бір ғана сәт бәрін өзгертті. Қатты жа­рақат алған ол жұмысынан айы­рылып, кейін мүгедектікке шық­ты. Сол күннен бастап табыс тоқтап, өмірдің қарқыны бір сәтте баяулады.

Бастапқыда алған 400 мың теңгелік несие оған уақытша дем болғандай көрінген. Бірақ ай сайынғы төлем енді тауға айналған асу секілді еді. Қолда бар қаржы дәрі-дәрмек пен күнделікті тұрмыс­қа ғана жетті. Сол кезде ол «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы естіп, банкроттық рәсімін бастауға шешім қабылдады. Мамандар оған құжаттарды жинауға көмек­тесіп, заңдық процесті толық түсіндірді.

Қазір ол нәтижесін күтіп жүр. «Бұрын «тағы қанша қоңырау шалады?» деп уайымдайтынмын», – дейді ол күліп.

Айнұрдың екінші тынысы

Астана тұрғыны Айнұр Сейіл­бек – алты баланың анасы. Бір кезде ол отбасы үшін бәріне дайын еді. Күйеуі «жұмысты кеңейту керек» деп, 10 миллион теңге кө­ле­мінде несие алуды өтінді. Ай­да­на сенді, несиені өз атына рәсім­деді. Бірақ көп ұзамай күйеуі от­басын тастап кетті.

Сол сәттен бастап ауыр жылдар басталды. Қарыз көбейді, табыс болмады, ал балалардың көзіндегі қорқыныш пен мұң – оның ең үлкен жазасы. Кейін тағдыр оны тағы сынады: Айдананың өзі де заңмен байланысқа түсіп, сотта­лып, қазір шартты түрде бостан­дықта. Әйтеуір, ол қорғаншылық ұйымның қамқорлығында, бала­ларының жанында. «Ең қиыны – балаларымның көзіне қарау еді. Енді сол көздерде қорқыныш емес, сенім бар», – дейді ол күлім­сіреп.

«Қарызсыз қоғам» жобасының мамандары оның жағдайын ерекше ескеріп, банкроттық рә­сіміне өтінішін дайындап, барлық заңдық құжаттарын реттеп берді. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау және құқықтық қолдау тетіктерін түсіндірді.

Айдана үшін бұл – тек қарыз­дан босау емес, балаларымен бірге жаңа өмірді бастау мүмкіндігі. Бүгінде ол балаларының бола­шағына жоспар құрып, шағын кәсіп ашуды армандайды. «Мен бұрын тек қарыз туралы ойлай­тынмын, енді тек өмір туралы ойлаймын», – дейді ол сеніммен.

Светлана және онлайн-алаяқтар

Қостанайлық 44 жастағы Светлана TEMU интернет-дүкен сайтынан киімге тапсырыс беріп, күтпеген жерден алаяқтардың құрбанына айналды. Тапсырыстан кейін оған өзін «полиция тергеушісіміз» деп таныстырған адамдар хабарласты.

Олар WhatsApp арқылы байланысып, «сіздің атыңызға күмәнді операция тіркелді, бәрін бақылауда ұстаймыз» деп бір ай бойы алдап, сеніміне кірген. Сол аралықта Светлананың атынан бірнеше несие рәсімделген:

• микрокредиттік ұйымдарда – 400 мың теңге,

• Forte Bank-те – 2 миллион теңге,

• KASPI-де – 1,45 миллион теңге.

Бірақ бұл басы ғана еді. Алаяқтар оның банктік депозитіне де қол жеткізіп, 6 миллион теңгені шешіп алған. Жалпы шығын – 9,8 миллион теңгеден астам.

Осы жағдайда «Қарызсыз қоғам» жобасы оның басты тірегіне айналды. Заңгерлер істі «алаяқтық фактісі» бойынша қайта қарауға көмектесіп, мате­риал­дарды құқық қорғау орган­дарына жолдады. Қазір Светлана заңгерлік қолдау алып, несиелік дауларды тоқтату және несиелік тарихын қалпына келтіру бағы­тында жұмыс істеп жатыр. Ол үшін бұл тек қаржы емес, сенім мен қа­уіпсіздікті қайтару күресі. Ол енді банктер мен экрандарға қор­қынышпен емес, сақтықпен қарайды.

Бір ортақ сабақ

Бұл алты оқиғаның барлығы бір шындықты көрсетеді: қарыз – тек сандар емес, адамның тағ­дыры мен ішкі тыныштығы. «Қа­рыз­сыз қоғам» жобасы осы ты­ныш­тықты қайтарушы. Біреуге банкроттық арқылы жаңа бет ашуға, екіншісіне – аресттен босау мен қайта құрылымдауға, үшін­шісіне – алаяқтықтан қорғануға көмектеседі. Ең бастысы, адамға «сен жалғыз емессің» деген сенім сыйлайды.

Жоба тәсілі қарапайым, бірақ пәрменді: алдымен әр адамның нақты жағдайын талдап, табыс пен шығын теңгерімін жасайды; қажет болса, төлем кестесін қайта құра­ды немесе реструктуризация жа­сай­ды; заңбұзушылық байқалса, аресттер мен айыппұлдарды дау­лауға көмектеседі; ал төлем қабі­леті қалпына келмейтін деңгейде болса, банкроттық рәсімін жүр­гізеді. Бұл – жай қарызды азайту емес, адамның қаржылық және құқықтық мәртебесін қалпына келтіретін толық экожүйе.

Қарыздың көлеңкесі ұзын: ол адамның жұмысын, отбасын, тіпті сенімін де көлегейлейді. Сол кө­лең­кені сейілтудің жолы – білім, құқық және жүйелі сүйемел. «Қа­рыз­сыз қоғам» осы үш тірек арқылы дәлелдеп отыр: қарыз – тағдыр емес, дұрыс жол көрсетілсе, кез келген адам қайта тұра алады.

Гүлнұр КАКИМЖАН