Сарапшылар мұның бірнеше факторын атады және бағаның қазіргі белесте қалмайтынын, әрі қарай өрістейтінін ескертті. Ауыл шаруашылығы ведомствосы мұнша қымбаттауға еш себеп жоқ, тапшылық та тіркелмеді деген сенімде. Қымбатшылыққа тосқауыл қою үшін не істелмек?
Жалақы жеңсік асқа жетпей тұр
Биылғы бірінші жартыжылдықта инфляцияға, бағаның құнсыздануына серпін берген 4 әлеуметтік маңызды тауар анықталды. Олар – күнбағыс майы, сиыр еті, қой еті және картоп. Қазір соның ішінде сиыр етінен басқасының бағасы қалыпқа келтірілді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, таза кесек ет емес, сүйегі бар сиыр етінің келісінің құны 2025 жылғы шілдеде орта есеппен 3,2 мың теңгеге жеткен. Статистика мамандарының мұндай арзан бағаларды қайдан табатынына депутаттар да аң-таң болып жүр. Өйткені қалаларда мұндай бағамен ет табу қиын.
Үлкен қалалар арасында ең жоғарғы баға Өскеменде, Ақтауда және Шымкентте тіркелген: 1 келісі үшін 3,5 мың теңге деп тұр. Ең арзан баға Орал мен Ақтөбеде (әрқайсысында 1 келісінің орташа бағасы 2,8 мың теңгеден), сондай-ақ Атырауда – 2,9 мың теңге. Осыған қарап, Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары Қазақстанда орташа айлық жалақыға немесе 407 мың теңгеге орта есеппен 127,2 келі сиыр етін сатып алуға болатыны туралы тоқтамға келді.
– Өңірлік бөліністе бұл көрсеткіш бойынша Атырау (217,4 келі), Жезқазған (165,8 келі) және Ақтау (163,9 келі) көшбасшы саналады. Атаулы айлық жалақыға сиыр етін өте аз сатып алатындар қатарына Шымкент (90,5 келі), Петропавл (92,2 келі) және Қонаев (94,6 келі) тұрғындары қосылды. Астанада бұл көрсеткіш 158,8 келіні, Алматыда 162,3 келіні құрайды, – деп хабарлады агенттік.
Халықаралық Numbeo сервисінің ақпараты басқа. Ол да ресми статистиканы басшылыққа алған. Әйткенмен, орташа айлық атаулы жалақыдан барлық алым-салықты алып тастап, қазақстандықтардың қолына алатын орташа «таза» жалақысын есепке алыпты. Сондай-ақ 1-сұрыпқа жататын етті – сиырдың сан етін мысалға келтірген. Сол арқылы жаһандық сервис 2025 жылғы 13 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың таза жалақыға небәрі 78 келі сиыр етін ала алатынын көрсетіп отыр.
Бұл көрсеткішпен Қазақстан ірі қара етінің халыққа қолжетімділігі жөнінен 127 мемлекеттің ішінде небәрі 63-орынға тұрақтады. ТМД-да бұл жөнінен Беларусь (ет арзан), Ресей (орташа жалақы жоғары) тұрғындарының жағдайы жақсырақ көрінеді. Бұлардың тұрғыны бір жалақыға тиісінше, 93,8 келі және 79,3 келі сиыр етін сатып ала алады. Әлемдік рейтингте Қатар (348,2 келі) мен Кувейт (312,6 келі) көш бастады. Олардың азаматтарының бір айлық еңбекақыға қазақстандықтарға қарағанда 4,5 еседей көп ет алуға мүмкіндігі бар.
Бұл мәліметтерді Үкімет ішінара растайды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, Еуразиялық одақ елдерінің ішінде ең төмен нарықтық бағалар – Қазақстанда. Мысалы, сиыр еті бойынша Қазақстан тек Беларусьтан кейін тұр, құс еті бойынша Беларусь пен Ресейден, ал сары май бойынша Қырғызстаннан кейін орналасқан. Бірақ ол мұның маусымдағы бағалар екенін ескертті. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2025 жылғы маусым айында 1 доллардың бағасы 514,7 теңге деп алыныпты.
Сондықтан сиыр етінің 1 келісінің маусымдағы орташа құны Беларусьте – 2 440, Қазақстанда – 3 129, Қырғызстанда – 3 907, Ресейде – 4 216, Арменияда 4 931 теңгені құрайды деп есептеледі. Алайда содан бері ЕАЭО-ға мүше өзге елдерде АҚШ валютасы арзандады, ал Қазақстанда жоғарылады. ҚР ҰБ ресми бағамына жүгінсек, 2025 жылғы 27 тамызда 1 америкалық доллар 533,87 теңге тұрады. Астаналық айырбастау бекеттерінде оны 540 теңгеге дейін сатып жатыр. Олай болса, тамыз айының қорытындысында республиканың одақ бойынша орналасу орны да өзгерері сөзсіз.
Қымбатшылыққа не себеп?
Сарапшылар сиыр етінің мынадай қарқынмен қымбаттауының бірнеше себебін атады. Біріншіден, валюта бағамының шарықтауына байланысты енді етті ел ішінде емес, сыртқы нарыққа сату әлдеқайда тиімді. Бұл ретте жаһандық нарықта барлық ет түрі арасындағы ең жеңсік ас сиыр еті саналады, оған сұраныс жоғары. Қазақстан Үкіметі сиыр етінің экспортына толық тыйым салмады. Ел Үкіметі 2025 жылғы мамырда тек бұқалардың шетелге экспортына 3 ай мерзімге тыйым салды. Бұған сиыр еті бағасының өсуі себеп болғаны мәлімделді. Десек те, бұл шара салмақты тиімділік әкелмей, баға жоғарылады. Сондықтан 7 тамызда бұл тыйым 2025 жылғы 30 қазанға дейін ұзартылды.
Екіншіден, халықтың өсуіне ірі қара басының көбею деңгейі сәйкес болмай тұр. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, ел егемендік алғанда, 1990 жылы Қазақстанда 9,7 миллион сиыр болыпты. Республика бұл деңгейге әлі күнге жете алмай келеді.
Тағы бір салыстыру: 2021 жылы Қазақстан халқының саны 19 009 600 адамға жеткен. Сонда елде 8 миллион 192,4 мың сиыр болған. 2025 жылғы 1 шілдеде Қазақстан тұрғындарының саны 20 387 811 адамға жетті, яғни содан бері 1,37 миллион адамға көбейді. Алайда 2025 жылғы шілдеде елде 8 миллион 699,6 ірі қара мал ғана бар.
Үшіншіден, сойылған мал мен құс көлемі азайып кеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың І-жартысында республикада тірі салмақта 352,5 мың тонна төрт түлік сойылып, сатылған. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 1,4% кем. Былтырғы жылдың алты айында тірі салмақта 357,4 мың тонна мал сойылып, сауда орындарына жөнелтілген. Сонымен бірге пышаққа «жығылған» осы малдан 2025 жылғы қаңтар-маусымда 182,3 мың тонна таза ет қана алынған, бұл былтырғыдан (184,3 мың тоннадан) 1,1% аз.
Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Төлеутай Рахымбеков елде бұл еттің қымбаттауының тағы бір себебін атады: қыста азықжемді аз жейтін қойға және тіпті қарда тебіндеп өз бетімен жайылатын жылқыға қарағанда бүгінде шығыны көптеу сиыр өсірумен айналысуды қалайтын ауылдықтар саны азайып бара жатыр.
– Бұл да еттің тапшылығына әкелді және биыл сиыр еті бағасының өсуінің бір факторына айналды. Малдың 80%-дайы ауыл тұрғындарының, ұсақ шаруа қожалықтарының қолында шоғырланған. Оның бәрі сиыр өсіруден бас тартса, таршылықтың көкесі сонда болар?! Мемлекет сиыр бағатын қарапайым ауылдықтарға көмектесуге ықыласты емес. Салдарынан арзандатылған кредиттер мен субсидиялар олар үшін қолжетімсіз. Мұның сыртында азықжем бағасы тоқтаусыз қымбаттайды, – деді Т.Рахымбеков.
АШМ Үкіметтен көмек алғысы келетін ауылдықтарды кооперативтерге бірігуге мәжбүрлейді, онсыз жәрдемдеспейді. Ал кооператив деген – біреуге тәуелді болып қалу деген сөз. Бұған қоса, кооперативке бірігу қосымша алымдар мен шығындарға соқтырады. Сондай-ақ кооператив алған қарыздар оның мүшелеріне тең артылуы мүмкін.
Мысалы, 2016 жылы 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ол бойынша 5 жылда 1 200 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланды. Ештеңе шықпады, жоспар орындалмай, бағдарлама мерзімінен бұрын күшін жойды. Бұрынғы колхоз сияқты кооперативке бірігуге ауылдықтар қызығушылық танытпаған.
Бірақ бұл тұтынушылық кооперативтердің қажетсіздігін білдірмейді, оны елге қызықты, тартымды ету үшін тетіктері жетілдірілуге тиіс. Төлеутай Рахымбековтің тұжырымдауынша, кооператив құру ісін пилоттық жоба түрінде қайта жүзеге асыру және ауылдықтарға оның барлық пайдасын паш ету керек. Сонда ғана оны бүкіл елге таратуға болады. Бұл үшін біріншіден, кооперативке біріккен ауылдықтарға арзан бағамен, жеңіл несиеге мал таратып берген жөн.
Екіншіден, оларға қажетті көлемде жайылым ұсынған маңызды. Үшіншіден, олардың алған өнімін – сиырдың етін, сүтін, терісін, сондай-ақ асылтұқымды ұрығын, эмбриондарын, ішкі органдары, қаны, желіні, басы, тұяқтары, құйрығы сияқты субөнімдерін бастапқы өңдеу, сақтау, орталықтандырылған түрде сатып алу және жан-жақты өңдеу жүйесі жолға қойылуға тиіс. Мұны дамыған елдер түгіл Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан сияқты көршілер жасай алды, демек мән берсе, Қазақстанның да қолынан келеді.
Төртіншіден, кооперативке біріккен ауылдықтарды техникамен, жабдықтармен, азықжеммен, асылтұқымды бұқамен және басқасымен қамтамасыз етіп, материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Бесіншіден, аудандарда ветеринарияның, жануарларды жасанды ұрықтандырудың тұтас қызметтерін қалпына келтірген абзал.
Алтыншыдан, аудандарда сервистік-дайындау орталықтарын құру керек. Оның негізінде ауыл шаруашылығы өнімдерін бастапқы өңдеу цехтарын ашуға болады. Жетіншіден, екі жыл бұрын Мәжіліс депутаттары да елдің бірнеше өңірін жұт жайлағаны туралы мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Бұдан бөлек, мал өсірудің ебі мен қырын білмей, оны қырып алған фермер бар. Сондықтан сарапшының пайымдауынша, ауылдықтарды, әсіресе, онда қалған жастарды қазіргідей қаладағы колледжге сабылтқызбай, ауыл шаруашылығын жүргізудің машығына сол жерде үйрету, тұрақты түрде онлайн және офлайн кеңес беру жүйесі жолға қойылғаны маңызды.
Бағаны тыюда не тірлік бар?
– Кейде шенеуніктер телеарнадан сөйлегенде, ауыл тұрғындарының шетінен жалқау болып кеткенін, мал баққысы келмейтінін мәлімдеп, босқа күстәналап жатады. Мұны олар ауылдағы жағдайдан, ауылдықтардың психологиясынан мүлдем бейхабар болғандықтан айтады. Ауыл тұрғындарының 90%-ының жалғыз табыс көзі – қорасындағы малы. Ауылда тұратын ағайын әрқашан ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісімен айналысуға мәжбүр болады. Тарихтан солай қалыптасқан, – деді Т.Рахымбеков.
Халық енді неге мал ұстаудан бас тартады? Сарапшының пікірінше, бұған азықжемнің жыл сайын қымбаттауы, арзан кредиттердің және субсидиялардың қолжетімсіздігі, жайылымның тапшылығы кесірінен бір жеке қосалқы шаруашылықтың (отбасының) ұстауына болатын мал санына шектеу қойылуы, алынған өнімді орталықтандырылған түрде өткізу желісінің жоқтығы және басқасы итермелейді. Соның кесірінен нарықтағы бағаны өндіруші емес, делдалдар белгілейді.
Сауда бірінші вице-министрі Айжан Бижанова ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін мемлекеттің бордақылау алаңдарын дамытуға, ет кластерін құруға қолдау көрсетіп, өңірлер мен ірі қалаларда фермерлерге тегін сауда орындары ұсынылатын жәрмеңкелер өткізіп жатқанын алға тартты. Осы жылдың басынан 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оларда өнім нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылыпты.
Сонымен қатар отандық өндірісті қолдау және қазақстандық тауарлардың сауда желілеріндегі сөрелерге еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция министрлігі заңнамаға өзгерістер дайындау үстінде. Атап айтқанда, жеткізілімдер үшін төлемді кейінге қалдыру мерзімін 30 күнмен шектеу ұсынылды. Әйтпесе, ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімдерін қаладағы супер-гипермаркеттерге жеткізіп, олар сатылып кеткенімен, сауда ұйымдары мен делдалдар оның ақысын төлеуді қатты кешіктіреді екен. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерін айналымдық қаржыдан айырады, кредит алғызып, қарызға батырады.
Сондай-ақ жаңа заң жобасында отандық өнімдерді сөрелерге орналастыруға қоғамдық бақылау тетігін енгізу ұсынылған. Тұрғындар мәселен, отандық өнімдерді сөреден жаппай алып тастау сияқты заңбұзушылықтарды тіркеп, фото-видеосын уәкілетті органға уақытылы жолдай алады. Ол үшін «Сапалы өнім» жүйесі әзірленіп жатыр.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етінің қымбаттауына объективті себепті байқап отырған жоқ. Ведомствоның ақпаратынша, мал шаруашылығында 2025 жылдың бірінші жартысында барлық мал түрінің басы өскен. Соның ішінде ірі қара мал саны – 8,3%-ға (8,8 млн бас), қой мен ешкі – 0,8%-ға (21,5 млн), жылқы – 4,7%-ға (4,6 млн), құс 2,7%-ға (47,7 млн) көбейді. Бұл өнім өндірудің артуына ықпал етіпті: ет (тірідей салмақта) – 529,9 мың тонна (+1,5%, статорган дерегінен ерекшеленеді), сүт – 1,8 млн тонна (+7%), тауық жұмыртқасы – 2,2 млрд дана (+0,9%).
– Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Ет өңдеу көлемі артты. Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен 80-100% және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – мұның бәрі еліміздің тұрғындарының қажеттілігін толық өтейді, – деп сендірді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Қалай болғанда, еңселі кеңселерден таратылып жатқан көркем есеп пен екпінді көрсеткішті нарықтағы баға бұзады. Сиыр саны, сойылған ет көлемі өссе, еті неге қымбаттайды? Нарық заңы бойынша ұсыныс артса, баға төмендеуге тиіс. «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері. Қымбатшылықтың маусымдық емес, жүйелі сипат алғаны байқалады. Ендеше онымен күресу үшін жүйелі, кешенді іс-шаралар қажет. Оның бірі ауыл шаруашылығы кооперативтерін қарқынды, қаптатып құру идеясына оралу болса керек.
Елдос СЕНБАЙ