in

12 елдің азаматтары енді АҚШ-қа кіре алмайды

CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz америкалық виза беру талаптарының қатайғанын талдайды.

Жаңа ереже 9 маусымға дейін АҚШ визасын алмаған және АҚШ аумағынан тыс жердегі шетел азаматтарына қатысты. Фото euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo

4 маусымда Трамп әкімшілігі АҚШ-қа 12 елдің азаматтарының келуіне уақытша тыйым салатын жарлықты жариялады. Олардың қатарында: Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго, Экваториалдық Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен бар. Ұлттық қауіпсіздік мүдделерін негізге алған жарлықта аталған елдерде АҚШ үшін қауіп төндіруі мүмкін шетел азаматтарын анықтайтын тексеру және скрининг рәсімдері жеткіліксіз екендігі айтылған. Сондай-ақ жарлық тағы 7 елдің азаматтары үшін жартылай шектеу енгізеді. Олар: Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түрікменстан және Венесуэла.

Құжатта елдің ақпарат алмасу саясаты; террорлық қауіп деңгейі; визаның мерзімі өтіп кеткен азаматтардың үлесі; депортацияланған азаматтарды елге қайтарудағы ынтымақтастық сияқты факторлар да ескерілуі керектігі айтылған.

Ақ үй жариялаған видеода Дональд Трамп «қауіпті аймақтардағы» қауіпсіздік шараларын қайта қарастыру жөнінде мемлекеттік хатшыға тапсырма бергенін айтқан. Сонымен қатар ол 3 маусымдағы Колорадо штатының Боулдер қаласындағы еврейлерге қарсы шабуылды атап өткен. Бұл шабуылға күдікті ретінде Мысыр азаматы Мохамед Сабри Солиман аталды. Айта кетейік, Мысыр соңғы тізімге енбеген.Бұл саясат Трамптың бірінші мерзімі кезінде, 2017 жылдың қаңтарында қабылданған ұқсас тыйымға ұқсайды. Ол кезде бірнеше мұсылман елдерінің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салынған болатын. Көптеген сынға ұшыраса да, бұндай тыйым 2018 жылы Жоғарғы сот тарапынан мақұлданғанымен, 2021 жылы оны президент Джо Байден жойған болатын.

Демократиялық партияның саясаткерлері жаңа тыйымға наразылық білдіріп, әлеуметтік желілерде өз пікірлерін білдіріп жатыр. Калифорния сенаторы Адам Шифф және Массачусетс сенаторы Эд Марки X (бұрынғы Twitter) платформасында:

«Трамптың саясаты АҚШ-ты қауіпсіз етпейді. Біз Трамп әкімшілігінің америкалық иммиграциялық саясатқа өшпенділік пен төзімсіздік енгізуіне жол бермеуіміз керек», – деп жазған.

Жаңа ереже 9 маусымға дейін АҚШ визасын алмаған және АҚШ аумағынан тыс жердегі шетел азаматтарына қатысты. Құжатта кейбір тұлғалардың бұл тыйымнан босатылатыны да көрсетілген. Олардың қатарына АҚШ-тың тұрақты тұрғындары (Green Card иелері), халықаралық жарыстарға қатысуға келген спортшылар мен жеке басы мен туыстық қарым-қатынасы нақты әрі сенімді дәлелденген жақын туыстар (мысалы, ДНҚ дәлелі арқылы) жатады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.