in

2 млн теңгеден астам: Қазақстанда қай дәрігерлер ең жоғары жалақы алады

Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары Қазақстандағы ең жоғары жалақы алатын дәрігерлердің рейтингін ұсынды – кейбір мамандардың еңбекақысы айына 2 млн теңгеден асады, деп хабарлайды astana24.com.

Сарапшылардың ҚР Ұлттық статистика бюросының қызметкерлердің негізгі кәсіптері мен лауазымдары бойынша жалақысының бөлінуі туралы есебіне сүйеніп хабарлауынша, 180-нен астам дәрігерлік мамандықтың ішінде тек екеуінде орташа айлық жалақы 2 млн теңгеден асады.

Есептелген жалақы мөлшері бойынша жақ-бет хирургтері көш бастап тұр – айына 2,4 млн теңге. Екінші орында – орташа айлық жалақысы 2,1 млн теңге болатын пластикалық хирургтер.

Үшінші орынға айтарлықтай айырмашылықпен цитопатологтер жайғасты – 1,3 млн теңге.

Ең жоғары жалақы төленетін топ-10 мамандыққа ТЖ және апаттар медицинасының дәрігерлері, комбустиологтар, кардиологтар, рентгенхирургтер, кардиохирургтер мен ангиохирургтер енді. Бұл мамандардың орташа жалақысы – 729 мың мен 864 мың теңге аралығында.

"Ұлттық статистика бюросының есептеулері 2026 жылғы сәуірде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар арасында жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижелеріне негізделген. Іріктемеге барлық ірі кәсіпорын, сондай-ақ орта және шағын кәсіпорындардың бір бөлігі енгізілген, ал шағын кәсіпкерлік кәсіпорындары зерттеуде мүлде қамтылмаған", – делінген хабарламада.

Рейтингтегі орындардың бөлінуі көбіне зерттеуге алынған іріктеменің құрамына байланысты екені атап өтілді.

"Өйткені қызметкерлерді қамту деңгейі кәсіпорынның ауқымына байланысты: штаттағы қызметкерлер саны неғұрлым көп болса, зерттеуге қатысатындардың үлесі соғұрлым аз болады. Мысалы, 5 мың қызметкері бар кәсіпорындарда әрбір жүзінші қызметкер ғана зерттеуге қатысады", – деп толықтырды бюро.

Сарапшылардың пайымдауынша, биылғы рейтингтің былтырғыдан айтарлықтай өзгеше болуын дәл осы іріктеме ерекшелігімен түсіндіруге болады. Мәселен, 2025 жылы орташа есептелген жалақы мөлшері бойынша бірінші орында кардиохирургтер (1 млн теңге) тұрған, ал жақ-бет және пластикалық хирургтер алғашқы жүздікке де енбеген (бұл мамандықтар бойынша дәрігерлердің айлық жалақысы 500 мың теңгеден аспаған).