in

Boeing инженері 787 Dreamliner ұшағы әуеде «шашылып» қалуы мүмкін екенін мәлімдеген

Aikyn.kz Үндістанда әуе апатына ұшыраған Boeing ұшағының ақауларын gizmodo.com сайтына сілтеме жасап талдайды.

Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди апатқа ұшыраған 787-8 Dreamliner бортындағы 242 адамнан жалғыз тірі қалған Вишваш Кумар Рамештің жағдайын сұрауда. Фото nytimes.com сайтынан алынды

12 маусымда Үндістанның Ахмедабад қаласынан Лондонға бағыт алған, бортында 242 адам болған ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшырады. Air India әуе компаниясының 171-рейсі BJ медицина колледжінің ғимаратына соғылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақтағы жолаушылардан тек бір адам аман қалған. Жерде де ондаған адам қаза тапқан. 

Апатқа ұшыраған ұшақ – Boeing компаниясының бұрынғы қызметкері «қауіпті» деп ескерткен 787 Dreamliner моделі болған. Бұл ұшақ пен компанияның стандарттары соңғы жылдары қатты сыналып келеді.

2024 жылы Boeing компаниясының бұрынғы сапа менеджері Джон Барнетт Dreamliner жиналатын зауытта жұмыс сапасының төмендігін, бақылаудың әлсіздігін ескерткен болатын. Осы зауытта ұзақ жыл жұмыс істеген Барнетт Boeing компаниясын сапасыз бөлшектер қолданады, жылдамдық пен тиімділікке басымдық беру арқылы адам өмірін қауіпке тігіп отыр деп айыптаған еді. Dreamliner-мен ұшудан үзілді-кесілді бас тартқан Барнетт компаниямен соттасып жүрген кезінде, өзін-өзі өлтірген болуы мүмкін деген күдікпен қайтыс болады.

Ахмедабад қаласындағы апат – соңғы жылдардағы ең ауыр әуе апаттарының бірі. Апаттың нақты себебін анықтауға бірнеше ай қажет болмақ. Егер мәселе техникалық ақауда болса, бұл Boeing үшін ауыр соққы болмақ.

2025 жылғы 12 маусымда Ахмедабад қаласындағы әуежай маңындағы ауданда апатқа ұшыраған Air India-ның 171-рейсі ұшағының артқы бөлігі. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Sam Panthaky

Boeing-тің 787 Dreamliner моделі 2011 жылдан бері ұша бастаған. Оның басты артықшылығы – өндіріс құнының басқа ұшақтармен салыстырғанда төмен болуы еді. Ұшуды бастағаннан бері бұл модель құрастыру процесі тым күрделі болғандықтан сынға ұшырады. 2013 жылы инженерлер бұл ұшақ күрделі мердігерлік желі арқылы жиналатынын ескерте бастады. Авиация саласының сыншыларының айтуынша, компания тым көп бөлшектерді әртүрлі мердігерлерге тапсырған, бұл олардың бір-біріне үйлесімсіз болуына әкелуі мүмкін еді.

Ұшақ жолаушылар тасымалдай бастағаннан кейін бірден техникалық ақаулар байқалды. 2013 жылы салонда аккумуляторлардан шыққан өрттер сериясы салдарынан АҚШ авиация басқармасы (FAA) барлық 787 ұшағының рейстерін уақытша тоқтатты. 2015 жылы АҚШ Ұшу қауіпсіздігі басқармасы бағдарламалық ақау ұшақты басқарудан айыруы мүмкін екенін анықтады. Бұдан басқа, ұшақта отынның ағуы және басқа да техникалық проблемалар тіркелген.

Boeing инженері 787 ұшағының құрастыру ақаулары әуеде ұшақтың «шашылып» қалуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген. Фото opb.org  сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Juliette Michel

2019 жылы The New York Times Dreamliner шығаратын Оңтүстік Каролинадағы зауыт туралы тергеу материалын жариялады. Онда зауытта сапасыз өндіріс пен әлсіз бақылау қауіпсіздікке қатер төндіретіні айтылды. Сол кезде компаниядан кеткен Барнеттің:

«Мен Чарлстоннан шыққан бірде-бір ұшаққа қол қойып, оны қауіпсіз әрі ұшуға жарамды деп айта алмаймын», – дегені сөздері мақалада келтіріледі.

Джон Барнетт қайтыс болғаннан кейін тағы бір Boeing инженері Сэм Салехпур 787 ұшағының құрастыру ақаулары әуеде ұшақтың «шашылып» қалуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдейді. Ол Конгресс алдында куәлік беріп, Boeing-ті «қылмыстық жасырын әрекеттерге» қатысы бар деп айыптаған. Өзінің ашық сындары үшін жеке басына қауіп төнуі мүмкін екенін де ескертеді. Сол кездері Boeing компаниясынан тағы бірнеше ішкі ақпарат берушілер шығып, олардың бірі көп ұзамай қайтыс болады. 

2019 жылдың көктемінде Boeing басшылығы 787 Dreamliner ұшағына қатысты құжаттарды қолдан жасағанын мойындайды. Компания FAA-ға ұшақтың қанат пен фюзеляж қосылатын тұсында қажетті сынақтар жүргізілмеуі және басқа да заңбұзушылықтар болуы мүмкін екенін хабарлайды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.