Aikyn.kz қоғамдағы нәсілдік пен инклюзия бойынша америкалық биліктің жаңа саясатының технологиялық компаниялардың қызметіне әсерін CNBC материалына сүйеніп талдайды.
Google 214 ұйымды қаржылай қолдау көрсету тізімнен алып тастап, олардың орнына 101 жаңа ұйымды қосты. Фото thepinknews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Harold Feng
Tech Transparency Project (Технологиялық ашықтық жобасы) ұйымының жаңа есебіне сәйкес, Google компаниясы жалпы 214 ұйымды қаржылай қолдау көрсету тізімнен алып тастаған. Олардың орнына 101 жаңа ұйымды қосқан. Алынып тасталған ұйымдардың ең ірісі – DEI саласына қатыстылары. TTP деректері бойынша, Google қаржыландырған тізімнен осындай 58 ұйым шығарылған. Бұл ұйымдардың миссияларында «әртүрлілік», «теңдік», «инклюзия», «нәсіл», «активизм» және «әйелдер» сияқты сөздер жиі кездескен. Сондай-ақ, Трамп әкімшілігі федералды агенттіктерге мұндай терминдерден аулақ болуды немесе оларды пайдалануды шектеуді ұсынғаны айтылады.
Google өкілі Хосе Кастанеда CNBC арнасына бұл тізім 2024 жылғы салымдарды ғана көрсететінін, ал компанияның басқа бөлімдері жасаған жалпы қайырымдылықты көрсетпейтінін айтқан.
«Біз инновацияны қолдайтын саясатты жақтайтын түрлі саяси бағыттағы жүздеген ұйыммен жұмыс істейміз. Бұл топтар жыл сайын біздің қолдауымыздың әсері көбірек тиетін бағыттарға қарай өзгеріп отырады», – дейді Кастанеда электронды нұсқадағы жауабында.
Афро-америкалық қоғамға қызмет көрсету агенттігі де тізімнен шығарылды. Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: USA Today Network / Alicia Devine
Тізімнен шығарылған ұйымдардың қатарында қара нәсілділер мен тарихи тұрғыдан шеттетілген қауымдастықтардың құқықтарын кеңейтумен айналысатын Афро-америкалық қоғамға қызмет көрсету агенттігі, латын қауымына қатысты нәсілдік теңдік үшін күресіп жүрген Латын көшбасшылар альянсы және иммигранттардың балаларына арналған мектептен тыс бағдарламаларды ұйымдастыратын Enroot бар.
Бұл қысқартулар Google-дің соңғы жылдары қабылдаған DEI міндеттемелерінен бас тартуының бір бөлігі ретінде көрінуде. Бір жағынан бұндай шешім компанияның ЖИ (жасанды интеллект) технологияларына басымдық беру үшін шығындарын азайтуға, екінші жағынан АҚШ-тағы DEI-ге қарсы саяси-құқықтық жағдайдың өзгеруіне байланысты болып отыр.
Соңғы онжылдықта DEI бағдарламалары Кремний аңғары мен басқа да салаларда жұмысқа қабылдаудағы біржақтылықты жоюға, әділ жұмыс ортасын қалыптастыруға және әйелдер мен түрлі этникалық топ өкілдерінің мансаптық дамуына қолдау көрсетуге бағытталған болатын.
Алайда АҚШ Жоғарғы сотының 2023 жылғы колледждердегі позитивтік дискриминацияны тоқтату туралы шешімі консервативтік ортада DEI бағдарламаларына қарсы пікірлердің күшеюіне себеп болды.
Президент Дональд Трамп 2024 жылдың қаңтарында қызметке кіріскеннен кейін, мемлекеттік DEI бағдарламаларын тоқтату жөнінде жарлыққа қол қойды. Федералды агенттіктерге жекеменшік сектордағы DEI бастамаларын «заңсыз» деп танып, олармен күресуді тапсырды. Осыдан кейін Google-дің кадрлар жөніндегі директоры Фиона Чиккони қызметкерлерге жаңа федералды талаптарға байланысты DEI бойынша арнайы мақсаттарға жауапты мамандарды жұмысқа қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Сонымен қатар, компания ресми түрде федералды мердігерлер тізіміне енді.
DEI термині саяси тұрғыдан даулы болып кеткеніне қарамастан, көптеген компаниялар бұл бағыттағы жұмысын жалғастыруда. Тек олар терминологияны өзгертіп, «оқыту» немесе «жалдау» сияқты бейтарап сөздермен алмастырған. Тіпті Google бас директоры Сундар Пичаи наурыз айындағы жиналыста компаниядағы әртүрліліктің маңызын атап өткен.
«Біз – жаһандық компаниямыз, әлемнің түкпір-түкпірінде пайдаланушыларымыз бар. Сол пайдаланушыларға тиімді қызмет көрсету үшін біздің жұмыс күшіміз де осы әртүрлілікті көрсетуі керек», – дейді Пичаи.
TTP есебінде Google тізімінен National Network to End Domestic Violence (Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жөніндегі ұлттық желі) сияқты ұйымның да шығарылғаны айтылған. Бұл ұйым әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күресу бойынша оқыту, қолдау және ағарту шараларын жүргізеді. Ол кемінде 9 жыл бойы Google тарапынан қаржыландырылған және әлі де компанияны өздерінің корпоративтік серіктесі ретінде көрсетеді.
Google бұл ұйымға 2024 жылы 75 000 доллар бөлгенін растады. Бірақ оны не себепті ресми қайырымдылықтар тізімінен алып тастағанын түсіндірмеді. Осылайша, демократиялық елдер қоғамдық пікірдің өзгеруіне байланысты саясатты да жылдам өзгертуге бейім екені тағы да байқалуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.