Aikyn.kz ең танымал девайстардың қымбаттау ықтималдығын gizmodo.com хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.
Трамп әкімшілігі Apple-ді Қытайдағы зауыттарын Америкаға көшіруден толықтай бас тартпағаны үшін сынап отыр. Фото theverge.com сайтынан алынды. Авторлығы: Extinction Rebellion NYC
Apple қазір ешкімді разы ете алмайтын күйге түсті. Компанияның жаңа «сұйық әйнек» дизайны да iPhone-ға деген сұранысты жылдам өсіре алмауда. Сұйық әйнек туралы Aikyn.kz өткен айда «Apple компаниясы «сұйық әйнек» ойлап тапты» деген материал жариялады.
Трамп әкімшілігі де Apple-ді Қытайдағы зауыттарын Америкаға көшіруден толықтай бас тартпағаны үшін сынап отыр. Apple-дің дүкендері эко-белсенділердің нысанына айналды. Компанияға бағытталған алғашқы шабуылдар 6 шілде демалыс күні болды.
Extinction Rebellion ғаламдық экологиялық қозғалысының белсенділері Нью-Йорктегі 5-авенюдағы Apple-дің бөлшек сауда дүкеніне бояу шашып, наразылық білдірді. Наразылық білдірушілер ғимарат кіреберісіндегі Apple логотипінің астына «Бойкот» деп жазып кеткен. Тағы бір жазбада: «Тим + Трамп = Уытты» деп көрсетілген. Бұл жерде компанияның бас директоры Тим Кук меңзеліп отыр. Ол Трамптың инаугурациясына қаржы аударып, Трамп әкімшілігінің шектен шыққан тариф саясатын құптайтындай көрінген.
Extinction Rebellion ұйымы таратқан баспасөз хабарламасында Apple компаниясының климаттың өзгеруіне қарсы күресіне күмән келтірілген. Олар мұны компания мен Трамп әкімшілігінің арақатынасымен түсіндірді. Себебі Трамп билігі жасыл энергетика саласындағы міндеттемелерден бас тартқаны белгілі. Әрі жасанды интеллект жүйелерінің электр энергиясына деген сұранысын қанағаттандыру үшін көмір электр стансаларын пайдалануға рұқсат берген.
Экономикалық тиімділік пен үлкен саясаттың ортасында қалған Apple-дің бас директорының екі жаққа да жағынуы оңай болмай отыр. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Vural Elibol
Дүйсенбіде таңертең (7 шілде) Apple басқа тараптан соққы алды. Трамптың кеңесшісі әрі тариф саясатының авторы Питер Наварро CNBC арнасында сөйлеп, Apple-ді Қытайда бизнес жүргізуді жалғастырып отырғаны үшін сынады.
«Трамптың алғашқы мерзімінен бастап Тим Кук зауыттарын Қытайдан көшіру үшін үнемі көбірек уақыт сұрап келді. Жаңа өндірістік технологиялар мен жасанды интеллектің дамуын ескерсек, Тим Кук iPhone-дарын әлемнің басқа жерлерінде немесе АҚШ-тың өзінде неге шығара алмайтынын түсіне алмаймын», – дейді Наварро.
Көпшілік сарапшылар iPhone құрылғыларын Америкада өндіруді қиялға ұқсатады. Олардың бағалауынша, мұндай iPhone құны 3000 доллар немесе одан да жоғары болар еді. Бұны іске асыру мүмкін емес.
Apple-дің өндірісті Үндістанға көшіру жолы да Трампты қанағаттандырмады. Осы жылдың мамыр айында президент Трамп Тим Кукке: «Мен сенің Үндістанда өндіріс жасағаныңды қаламаймын», – деп айтқанын және АҚШ-та өндірілмеген әр iPhone үшін 25% кеден салығы салатынын мәлімдеген.
Экономикалық тиімділік пен үлкен саясаттың ортасында қалған Apple-дің бас директорының екі жаққа да жағынуы оңай болмай отыр.