in

Meta-ның жасанды интеллекті өзін-өзі жетілдіріп, мамандарды үрейлендіріп жіберді

Aikyn.kz ЖИ мамандарды неге үрейлендіргенін bgr.com  сайтының хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.Бұны мамандар ұзақ жылдар бойы күткен еді. Meta сайтында жарияланған «Жеке суперинтеллект» атты жаңа мақалада Цукерберг Meta AI моделі адамның араласуынсыз өзін-өзі жетілдіріп жатқанын мәлімдеді.

Цукербергтің айтуынша, бұл жетілдірулер әзірге баяу болса да, олардың бар екені даусыз. Бұл жағдай Цукерберг секілді адамдар үшін шабыттандыратын жаңалық болса, ЖИ-дің қауіпсіздігіне қатаң ережелер талап ететіндер үшін – үрей туғызатын жайт. Себебі кейбір сарапшылардың пікірінше, технологиялық алпауыттар жасанды интеллектке байланысты қауіптерді әдейі жеңілдетіп көрсетіп келеді.

Цукерберг жасанды интеллектің болашағы туралы сөз қозғап, оны «жеке суперинтеллект» деп сипаттайды. Яғни, барынша көп адамға жаңа мүмкіндіктер беретін құрал. Ол Meta-ның мақсаты – бұл мүмкіндіктерді баршаға қолжетімді ету екенін айтады. Бұл сырт көзге ізгі ниетті мақсат болып көрінуі мүмкін, бірақ мәселенің түп төркіні – ЖИ-дің өзін-өзі жетілдіре бастағаны.Өзін-өзі жетілдіретін ЖИ мәселесі бірқатар себептерге байланысты алаңдаушылық тудырады. Ең алдымен, жасанды интеллект саласының дамуы – адамзат тарихындағы ең жылдам дамып келе жатқан құбылыстардың бірі. Ал Трамп әкімшілігінің «ЖИ-ді реттеудің қажеті жоқ» деген ұстанымын ескерсек, бұл технологиялардың қандай деңгейге жетіп үлгеретінін болжау қиын. Қазіргі таңда ЖИ барлық қызметтеріміз бен құрылғыларымызға еніп үлгерді. Смартфондардағы функциялардан бастап, Google-дың адамның жасын тексерулеріне дейін.

Бұған енді жасанды интеллектің өздігінен үйренуі қосылды. Мамандардың айтуынша, ЖИ құралдары оған алдын ала үйретілмеген әрекеттерді де меңгеріп жүр. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес.

Бұған дейін зерттеушілер бір ЖИ-дің екіншісінен үйренуіне мүмкіндік беретін модельдер жасаған. Алайда қазір бұл құбылыс кең ауқымда жүріп жатқаны расында алаңдатады. Оның үстіне, ірі технологиялық компаниялар біздің деректерімізді жинап, ең көп ақша төлеген тараптарға сататыны да жасырын емес.

Болашақта ЖИ адамдардың жеке деректеріне қаншалықты қол жеткізе алады? Біз оны қаншалықты тиімді бақылай аламыз? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру қиын. Ал егер Meta AI қазірдің өзінде өзін-өзі жетілдіру белгілерін көрсете бастаса, GPT немесе Gemini сияқты басқа модельдер де осы жолға түсуі үшін қанша уақыт қажет? Қазіргі таңда біз ЖИ-дің үрейлі жетістіктеріне қарсы баяу әрекет етіп жатқанымызды ескерсек, бұл жағдайға дайынбыз деп айту қиын.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.