Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz әлеуметтік желіге қатысты Америка-Қытай таласының болжамды нәтижесін түсіндіреді.
Конгресс қабылдаған заңға сәйкес, TikTok-ты америкалық инвесторлар басқарып, бақылау пакетіне ие болуы керек. Иллюстрация france24.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Kirill Kudryavtsev
АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні (4 шілде) Қытаймен TikTok-қа қатысты келіссөздер дүйсенбі немесе сейсенбі күні басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалық тарап қысқа бейнежазбаларға арналған TikTok қосымшасын сату бойынша мәміле жасауды іс жүзінде аяқтаған.
«Менің ойымша, дүйсенбі немесе сейсенбіде Қытаймен, мүмкін төраға Симен немесе оның өкілдерінің бірімен келіссөз бастаймыз. Бірақ біз іс жүзінде мәміле жасаймыз», – деген Дональд Трамп Air Force One ұшағында журналистерге берген сұхбатында.
Трамп ByteDance компаниясына 17 қыркүйекке дейін TikTok-тың америкалық активтерін сату мерзімін ұзартқан болатын. Алғашқы жоспар бойынша TikTok-тың АҚШ-тағы қызметі жаңа америкалық компанияға ауысуы тиіс болатын. Конгресс қабылдаған заңға сәйкес, бұл компанияны америкалық инвесторлар басқарып, бақылау пакетіне ие болуы керек.
Вашингтон TikTok-ты ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді десе, Бейжің бұл әрекетті экономикалық қысым ретінде қабылдайды. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Kevin Lamarque
Алайда бұл мәміле тоқтап қалды. Себебі Қытай тарапы Трамптың қытайлық тауарларға қатысты жоғары баж салығы туралы мәлімдемелерінен кейін оны мақұлдамайтынын білдірген. Трамп болса, бұл мәміле бойынша Қытайдың мақұлдауы қажет болуы мүмкін екенін растады.
«Мен Қытай бұл мәмілеге келісетініне сенімді емеспін, бірақ келіседі деп ойлаймын. Бізде төраға Симен жақсы қарым-қатынас орнаған. Бұл мәміле олар үшін де, біз үшін де пайдалы деп ойлаймын», – деген еді Трамп.
TikTok-тың болашағы туралы келіссөздер АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық және сауда саласындағы күрделі қарым-қатынастар аясында жүріп жатыр. Вашингтон TikTok-ты ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп санайды. Сөйтіп, оның америкалық нарықтағы иелігін шектеуге тырысуда. Ал Бейжің бұл әрекетті экономикалық қысым ретінде қабылдайды. Алдағы келіссөздер TikTok-тың АҚШ-тағы тағдырын шешетін болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.