Биыл Президент жаңа Жолдауында тиісті заң жобасын пысықтауды тездетіп аяқтауды және оны жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды. Жаңа заң экономикалық процестерді жандандыруға, банк жүйесін ашық және тұрақты етуге, сондай-ақ қаржы технологиялық (FinTech) сектордың дамуын қолдауға тиіс.
65 триллионның игілігі қайда?
Мемлекет басшысы Жолдауында банкирлерді сынға алды. Ол жаңа инвестициялық кезеңді ойдағыдай бастау маңызды екенін нықтады. Бұл жағдайда ішкі ресурстарды барынша жұмылдырған жөн. Алайда отандық банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салудан, инвестиция құюдан аяқ тартып отыр.
Қаржыгерлер оларды осыған заң жүзінде міндеттеуді ұсынады. Көрші Ресей соның арқасында соғысқа және жойқын санкцияларға қарамастан, экономикасын дамытып отыр. Ал Қазақстанда жыл, ай, күн емес, секунд сайын байыған банк секторы күрделі шақта мемлекетке көмектескені байқалмайды. Үкімет амалсыз сырттан қаптатып қарыз алу үстінде. Осы орайда Президент банктердің негізсіз байып жатқанын ескертті.
– Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу талқыланып жатыр. Осы жұмысты көп созбай қолға алу қажет. Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі! Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар үнемі көтеріп жүр. Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін тапсын! Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет, – деп тапсырма берді Қ.Тоқаев.
Ол банктер туралы жаңа заңды қабылдау да ұзап бара жатқанын айтты. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылғаны маңызды. Сондықтан Президент Үкіметке Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауды, ал депутаттарға оны жыл соңына дейін қабылдауды жүктеді.
Былтыр даяр болғанымен, банктер туралы жаңа заң жобасы өткен аптада ғана, 15 қыркүйекте Мәжілісте таныстырылды. Заңды әзірлеуші Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мәжіліс пен Сенатты қиын жағдайда қалдырып, талқылауды асықтыруға мәжбүр етті. Бұл ведомствоның дерегіне жүгінсек, Қазақстанның банк секторында бүгінде екінші деңгейдегі 22 банк бар, оның 14-і – ше-телдік капиталдың қатысумен істейді.
Банктер байыған үстіне байып жатыр дегенге келсек, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк секторының активтері 65,1 трлн теңгеге жетті. Нәтижесінде, тек бір ғана айда, шілдеден бері 246 млрд теңгеге артқан. 2025 жылдың басынан бері бірден 3,5 трлн теңгеге өсті. Мұнай болмаса, мұнша ұшан-теңіз байлық әкелетін басқа бизнесті табу қиын. Банктерде босқа жатқан 65 триллионнан астам қаржыны экономиканы дамытуға тиімді жұмсаса, елдің өркендеуі сұрапыл қарқын алар ма еді.
Қаржылық ұйымдар бос қаржыға отандық биржадан долларды молынан сатып алып, девальвациядан табыс табатынын қаржыгерлер бұрыннан айтып келеді. Содан несиелендіруге нұқсан келеді. Банктердің бизнес субъектілеріне берген бүкіл кредиті 14,1 трлн теңгені ғана құрайды.
Бұл жерде тағы бір мәселе бар: банктер беруін бергенімен, есесіне өте көп сыйақы сұрайды. Қаржылық реттеушінің мәліметінше, бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа ставкасы 21,8%-ды құрады. Дара кәсіпкерлерді қан-қақсатуда екен: ірі бизнеске теңгедегі кредитін орташа 18,9%-бен берсе, жеке кәсіпкерлерден бірден 31,5% сыйақы талап етеді. Жалпы, депутаттардың айтуынша, Мәжіліске енгізілген банктер туралы жаңа заңда экономиканы мол әрі арзандау несиелендіруге мәжбүрлейтін баптар да, тетіктер де жоқ. Президент назар аудартқан соң, мұны парламентшілер енгізсе, құба-құп.
Күйзеліс болса, қайсысын құтқарады?
Қазақстан қаржылық-экономикалық дағдарыстар кезінде бұрынғыдай банктерді бюджет, Ұлттық қор, «Самұрық-Қазына» қоры есебінен құтқару тәжірибесінен толық бас тартпағанымен, оны шектеуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасы М.Әбілқасымованың мәлімдеуінше, баяғы дағдарыстар кезінде алған қаржысын қайтармаған банктер бар. Қарызы 1,3 трлн теңгені құрайды: Еуразиялық банкте – 150 млрд, РБК банкінде – 176,8 мдрд, Alatau City Bank-те – 950,2 млрд, Nur Bank-те – 46,8 млрд теңге.
Жаңа заңда банкрот болуы мүмкін банктерді реттеу үшін жаңа тетік енгізілмек. «Қолданыстағы тәсілден негізгі айырмашылық – дағдарысқа қарсы режимдердің айқын жүйесіне көшу. Ол әрбір банктің қаржылық жағдайының нашарлау дәрежесіне қарай дәйекті, нысаналы түрде қолданылады. Реттеу тетігі 3 антикризистік режимнен тұрады: біріншісі – күшейтілген қадағалау, екіншісі – қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру, үшіншісі – төлемге қабілетсіз банкті реттеу не жабу. Режимдердің өзгеруі алдын ала белгіленген триггер бойынша жүзеге асырылады. Бұл реттеушінің уақтылы әрекет етуін қамтамасыз етеді», – деді М.Әбілқасымова.
Бұл тәсілдің мәнісі неде? Тіпті, дәуірлеп тұрған банктің өзі ауыр, банкроттық жағдайға түсіп қалса, не істейтінін нақты көрсетіп, егжей-тегжейлі өзіндік «Жол картасын» түзеді. Бұл құжатын банктер жыл сайын өзектілендіріп отыруға міндеттеледі.
– Мұнда банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін банктердің «қалпына келтіру жоспарларын» және «реттеу жоспарларын» әзірлеуді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі. Қалпына келтіру жоспары банкті дағдарыстан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және оны жыл сайын жаңарту банктердің міндетіне айналады, – деді агенттік төрайымы.
Сондай-ақ жүйе құраушы банктердің «шығындарды сіңіру қабілетінің жеткілікті деңгейін қолдау талабы» деген енгізіледі. Осы тетік алпауыт қаржылық ұйымның төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, оның міндеттемелерін, қарызын капиталға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау қажеттілігін азайтады.
Әйткенмен, осыдан кейін де жағдай оңалмаса, мемлекет бұрынғыдай бәрібір көмекке келеді. М.Әбілқасымованың айтуынша, мемлекеттің коммерциялық банктерді қолдауға қатысуы тек шектен тыс, шетін шара ретінде және жүйе құрайтын маңызы бар банктерге ғана қолданылатын болады. Мұндай жағдайда коммерциялық банк толығымен немесе жартылай мемлекеттік банкке айналады. Яғни, мемлекеттен қанша млрд теңге көмек алса, соған тең көлемде акциясын мемлекетке табыстауы керек. Ал қаржылық орнықтылығы қалпына келген соң банк инвесторға сатылады, ал ел қаражаты бюджетке қайтарылады.
Банктер «сортқа» бөлінеді
Жаңа заң жобаларының тағы бір жаңалығы – Қазақстанда шартты түрде айтқанда «бірінші» және «екінші сортты» банктер пайда болады. Осы мақсатта лицензияның 2 түрі енгізіледі: базалық және әмбебап. Мұның әрқайсысына арнап, рұқсат етілген операцияларының көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бөлек-бөлек бекітіледі. Мысалы, базалық лицензиясы ғана бар банк тартымды пайыздарымен халықтан мол депозит тартса және орасан зор несие таратса, сол арқылы өз активінің ауқымын шамамен жарты трлн теңгеден асырып алса, қаржылық реттеуші одан енді әмбебап лицензия алуын талап етеді.
– Базалық банктік лицензиясы бар банктер үшін активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең аз мөлшеріне шектеулер белгіленеді. Бұл ретте нақты шекті мәндер заңға тәуелді актілерде айқындалады. Қазір активтердің мөлшерін 500 млрд теңгеге дейін және капиталдың ең аз мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін шектеу жоспарлануда, – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.
Сонымен бір мезгілде осы шағын банктерге бақылау әлсіретіледі. Агенттік төрағасының сөзінше, пруденциялық нормативтер мен қадағалау талаптары бөлігінде төмендетілген пруденциялық нормативтер белгіленеді. Базалық лицензиясы бар банктерді қадағалау жеңілдетіледі. Жыл сайын жасалатын «Қадағалап тексеру және бағалау процесі» бұларға жеңілдетілген түрде қолданылады. Инспекция жүргізу кезеңділігі және берілетін есептілік қысқартылады.
Мұндай жеңілдік беруге шенеуніктер неге барды? Бүгінде банк секторы шектелген, олигополияландырылған. 20,4 млн тұтынушысы бар қазақстандық нарықта небәрі 22 банк жұмыс істейді, оның үшеуі – мемлекеттік (Отбасы банкі, Қазақстан даму банкі және ауыл-аймаққа қаржылық қызмет көрсететін Қазпошта). Салыстырғанда, үш еседей аз, 7,3 млн ғана халық тұратын Қырғызстанда 21 коммерциялық банк қызмет етеді. Сондықтан агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл жеңілдік нарыққа жаңа банктердің келуіне жол ашуға тиіс.
Қаржылық реттеуші әмбебап банктерде «исламдық терезелерді» ашу жоспарланғанын жария етті. Жаңа заңдар исламдық қаржыландыруды дамытуға жағдай жасауға бағытталған. Қолданыстағы ескі заңнама бойынша Қазақстанда исламдық банкингті жүзеге асыруға жеке Ислам банкін құру арқылы ғана жол беріледі. Сала дами алмады, елде бар-жоғы екі ислам банкі жұмыс істейді – шетелдік «Абу-Даби коммерциялық банкі» және қазақстандық Заман банкі. Олардың банк жүйесінің активтері мен кредиттік портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан аз. Ал «Исламдық терезелер» моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер ашу арқылы исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік бермек.
Жалпы алғанда, банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржы технологияларын ілгерілету, цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекіту, цифрлық активтердің айналымына қойылып келген біраз тыйым мен шектеуді жою мәселелері ескеріледі. Парламентте талқылау барысында депутаттар құжаттарды қажетті жаңа баптармен, тегеурінді тетіктермен толықтырса игі.
Елдос СЕНБАЙ