Сенат кулуарында ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ресейдің жанар-жағармай нарығына қатысты дүрлігуі қазақстандық фермерлерге қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
"Расында да, қазір көрші елдегі жанар-жағармай материалдары нарығында дүрлігу байқалады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жыл сайын кепілдендірілген дизель отыны бөлінетінін айтқым келеді. Көктемгі егін науқанына 402 000 тонна бөлінді. Біз дала жұмыстарына жылына шамамен 400 000 тонна бөлеміз — бұл тарихи көлем.
Фермерлеріміз егін егу кезінде пайдаланылмаған дизель отынын өсімдіктерді күту, химиялық өңдеу жұмыстарына және басқа да мақсаттар үшін пайдалануға құқылы. Фермерлер мен өңірлер сұрайтын көлем шамамен 800 000 тоннаны құрайды. Бұған дәнді және майлы дақылдарды кептіруге арналған жанар-жағармай кірмейді. Олар кестеге сәйкес толық көлемде жеткізілуде", – деді ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов.
Оның айтуынша, әр өңірде өз мұнай өңдеу зауыты бар.
"Фермерлерге қазіргі уақытта жұмыс уақытылы аяқталмайды деп алаңдауға негіз жоқ", – деп сендірді спикер.
