Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың ел экономикасындағы орны ерекше екенін атап өтті. Мемлекет басшысы мұнайшылардың маңдай терімен келген жетістіктеріне жоғары баға беріп, қазақ мұнайының бай тарихы мен дәстүрін жалғап келе жатқан бүгінгі буынға алғысын білдірді.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында мұнай өндірісі төрт есе өсіп, еліміз әлемдік нарықтағы жетекші ойыншылардың қатарына қосылды. Бүгінде Қазақстан мұнай мен газды өндірумен қатар оны терең өңдеуге де баса назар аударып отыр. Қашағандағы жаңа зауыт құрылысы, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбырының екінші желісі, сондай-ақ полиэтилен зауыты сияқты ірі жобалар елдің энергетикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Президент еңбек адамының мәртебесін биіктетіп, жаңа буынды осы саладағы жауапты іске белсене араласуға шақырды.
– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өткенін еске салып, биыл да сала үшін айтулы жыл екенін атап өтті. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттарының мерейтойы мен ұлттық компаниялардың тарихи белестерге жетуі саланың маңызын айқын көрсететінін айтты.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толды. Шымкент мұнай өңдеу зауытына 40 жыл, ал QazaqGaz ұлттық компаниясына 25 жыл толып отыр. Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазір бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.
Саладағы соны жобалар
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеуге баса мән беретінін айтты. Оның сөзінше, мұнай-газ химиясы саласында ірі жобалар жүзеге асырылып, қосымша құны жоғары өнімдерді өндіру жолға қойылуда. Бұл шаралар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, еліміздің экономикалық тәуелсіздігін арттыруға және әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
– Бұл бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан үш ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Соның арқасында біз ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 13 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. Қазір бұл бағытта бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар іске асырылуда. Қашағанда жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда. Сондай-ақ біз қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды қолға алдық. Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар ірі жобаны іске қосамыз. Мұның бәрі 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде полиэтилен зауытын ерекше атап өткім келеді. Бұл – шетел инвесторларымен бірге іске асырылып жатқан маңызды жоба. Инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» секілді ірі теңіз кен орындарын игеру басталды. Алты миллиард доллардан астам инвестиция салынады. Теңіз платформаларының құрылысын отандық кеме құрастырушы кәсіпорындар жүргізеді. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласындағы үлкен оқиға болмақ. Аталған жобалардың бәрі энергетикалық әлеуетімізді нығайтып қана қоймай, ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал етеді. Мұның игілігін барша халық көреді, – деді Президент.
«Қара алтын» өндірісінің қарқыны қуатты
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мемлекет экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын жүйелі түрде тарту жұмысына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
– Осы ретте жақында өткен Қытайға сапарымды атап өткім келеді. Бұл сапар шын мәнінде өте жемісті болды. Екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікке мықты әрі тың серпін берді. Екіжақты келіссөздердің күн тәртібі ауқымды және ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, ең алдымен, экономика саласындағы мүдделеріне тікелей байланысты болды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде мәңгілік достық пен стратегиялық серіктестік рухындағы жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 миллиард доллар болатын жетпістен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ стратегиялық сипаттағы жаңа жобалар жоспарланған. Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде СNPC компаниясымен жасалған келісімді ерекше атап өткім келеді. Жоба құны 1 миллиард доллардан асады. Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистралды құбыр құрылысын қаржыландыру бойынша Қытай даму банкімен жасалған уағдаластықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 миллион долларға жуық. Біз барлық халықаралық инвесторлармен ықпалдастықты тереңдетуге әрдайым баса мән береміз. Мұнай-газ саласында америкалық, ресейлік, еуропалық және қытайлық корпорациялармен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестік – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, әлемдегі мұнай-газ саласы көптеген мемлекет пен белгілі сарапшылардың жіті бақылауында. Саланың келешегі оның жаһан экономикасының даму перспективасына ықпал етуі тұрғысынан талқыланып жатыр.
– Менің пайымдауымша, көмірсутегі дүниежүзінің энергетика нарығында, сәйкесінше, Қазақстанның энергетика саласында бұрынғыдай басты рөлге ие бола береді. Бірқатар елдің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, балама қуат көзі қажеттілікті толық өтей алмайды. Бұдан бөлек, өнеркәсіпте, соның ішінде электр стансаларының құрылысында көмірді залалсыздандыратын озық технологияны пайдалануға баса мән беру қажет. Қазақстанның энергия балансында көмірдің үлесі 70 пайызға жуық екені мәлім. Еліміз көмір өндіруден он ірі елдің қатарына кіреді. Бұл артықшылықтан бас тартпаған жөн. Керісінше, оны тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.
«Өркендеу жолы» технологиямен қатар өрбуге тиіс
Президент отандық мұнай-газ кешенінің алдында технологиялық жаңғыру, атап айтқанда, жасанды интеллектіні енгізу міндеті тұрғанын жеткізді. Бұл өте өзекті.
– Заманауи технологиялар мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу ісін оңтайландыруға ықпал ету қажет. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән беру керек. Бұған қоса, осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру қажет. Себебі жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бізге, ең алдымен, білікті мамандар керек. Білім бағдарламасын жетілдіріп, зерттеу орталықтарын дамытқан жөн. Осы міндеттерді сапалы орындасақ, Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанның қалыптасуына жол ашамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар қоғамдағы еңбек адамының орны туралы пікір білдірді.
– Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз. Мен жыл басынан бері еліміздің әр саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарды арнайы шақырып, марапаттап жатырмын. Мұны халқымыздың Сіздерге көрсеткен ыстық ықыласы, шынайы құрметі мен алғысы деп түсінген жөн, – деді Президент.
Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл салада дәстүр мен тәжірибе қатар сақталып, бүгінде жаңа технологиялармен ұштаса түскен. Ірі жобалар мен инвесторлық ынтымақтастықтың арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылып, елдің энергетикалық әлеуеті нығаймақ. Ең бастысы, еңбек адамдарының табанды еңбегі мен адалдығы Қазақстанды жаңа биіктерге жетелеп, әділетті әрі қуатты мемлекет құруға үлес қосуда.
Дайындаған
Кәмила ДҮЙСЕН