in

Отандық экономикаға жаңа серпін

Бір ғажабы, Атырау облысында ашылған алғашқы вагон-доңғалақ шеберханасы  жүк вагондарына арналған доңғалақ жұптарын шығару және оларды толық циклде күрделі жөндеуден өткізу бойынша өндірісті толық автоматтандырған.

Кәсіпорынның ашылуына Аты­рау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, TEXOL компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава қатысып, нысанның жұмысымен танысты. Атап өту керек, мұндай шеберхана Атырау облысында бұрын-соңды болмаған. «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені аумағында орналасқан жаңа кәсіпорын TEXOL компания тобының құрамына кіреді. Заманауи стандарттар бойынша жабдықталған.

– Бұл жобаның маңызы тек өндірісте емес, өнеркәсіпті әртарап­тандырудың нақты бағыты саналады. Осыған дейін тек сырттан әкелінетін бөлшектер енді өзімізде өндіріле бастады. Жалпы, «Махамбет» өнер­кәсіптік-өндірістік кешені ин­дустриалды аймаққа айналды. Мұнда вагон жөндеу, компоненттер шығару, газ терминалдары мен арнайы тех­никалық қызмет көрсететін нысандар шоғырланған. Жақын арада құйма өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қадам жер­гіліктендіру деңгейін 96%-ға дейін жеткізіп, импортқа тәуелділікті айтар­лықтай азайтады. Атырау облысы осындай жобаларға үнемі қолдау көрсетеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілік­ті мамандардың дамуына мүмкіндік бе­ріп, экономиканың өркендеуіне негіз бола­ды, – деді Атырау облыстық Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.

Осы жылдың мамыр айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құзыретті комис­сиясы ­ре­­ви­зиялық құрылым және вагон ша­руашылығы саласының маман­да­ры­мен бірге өндірісті кешенді тек­се­рістен өткізді. Нәти­же­сінде, бірнеше типті доңғалақ жұп­та­рына ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ жаңа доңғалақ жұптарын шығару үшін «3038» шартты нөмірі берілді. Сол уақыттан бері компания 300 доңғалақ жұбын жасап үлгерген. Дайын өнімді вагон шығаратын Texol компаниясы пайдаланып отыр.

– Жалпы, нарықта вагондарға арналған доңғалақ жұптарына сұраныс жоғары. Өйт­кені Атырау облысында теміржол инфра­құ­рылымы дамуда. Біздің салада доңғалақ «ва­гонның жүрегі» деп аталады. Яғни, ол үне­мі үйкелісте, қозғалыста болады. Бір доң­ғалақ жұбы шамамен 2-3 жыл сайын күрделі жөн­деуден өтуі керек. Ал өндіріске келетін болсақ, шебер­ханамызда 2 сағатта 1 доңғалақ шығары­лады. Барлық жұмыс толық­тай авто­маттандырылған, – деді «ВКМ Атырау» ЖШС бас инженері Ерсұлтан Жамашев.

Қазір мұнда 80-нен астам адам еңбек етеді. Олар арнайы оқудан өтіп, біліктілігін арттырған. Айта кету керек, Атырауда был­тырғы жылдан бері жүк вагондарын шы­ғаратын зауыт жұмыс істеп келеді. Атырау вагонқұрылысы зауыты жүк вагондарын және мұнай өнімдерін, сұйытылған газ бен өнеркәсіптік жүктерді тасымалдайтын цис­терналар шығаруға мамандандырылған. Зауыттың толық қуатына көшу ке­зеңі 2027 жыл деп жос­парланып отыр. Осы кезде зауыт  жылына 6-7 мың вагон шығарады. Қазір зауыттың өндірістік аумағы 17 мың шаршы метрді құрайтын зауыт аймағы 2027 жылға қарай 62 шаршы метрге дейін кеңейеді. Негізгі өндіріспен қатар мұнда вагонның әртүрлі компонентін жасайтын цехтар бар, алға қарай орта және ұсақ вагон құймаларға арналған құйма цехы да ашылмақшы. Мұндай цехтың ашылуы импортқа тә­уелділіктен де құтқарады. 

Зауытқа салынған инвести­цияның жалпы көлемі – 160 млрд теңге. Ал бастапқы кезеңдегі инвес­тиция көлемі 170 млн доллар кө­лемінде болып отыр. 

Қазақстан – теміржол тасымалы бо­йынша Орталық Азияның негізгі транзиттік елдерінің бірі. Енді еліміз бұл салада вагон және қосалқы бөлшектер өндіруші хабқа айналу мүмкіндігін қарастыруда. ТEXOL компаниялар тобы директорлар кеңесі­нің төрағасы Шота Абха­заваның атап өтуін­ше, алдағы 10 жылда елімізде жүк вагондары­ның саны 54 мыңға азаяды, өйткені олар әбден тозған. 

«Сондықтан да бізге босаған ескі ва­гондардың орнын өзімізде шыққан жаңа вагондармен толтыру үшін жақсылап жұмыс істеуіміз керек. Бұл тіпті Орталық Азияны тұтастай алғанда жүк базасының әлеуетін арттырып, қосымша жүк вагон­дары паркін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан бізге отандық өндірісті дамы­туға жақсы мүмкіндік бар», – дейді ол. 

Қазақстанда индустриалды саясатты жүзеге асыру жалғасып келеді. Мақсат – өңдеуші өнеркәсіпті экономиканың локо­мотиві ету. Соңғы бес жылда елімізде өң­деуші өнеркәсіп қарқыны 4,5%-ды құраса, машинақұрылысы 17,6%-ға жеткен. Қалай десек те, Атырауда жұмысын жалғасты­рып жатқан вагон шы­ғаратын зауыт Қа­зақстан эконо­микасының дамуына тың серпін беруде. 

Ел Үкіметі қабылдаған индус­триалан­дыру бағдарламасының нәтижесінде соңғы жылдары елімізде машина жасау, химия, металлургия және жеңіл өнеркәсіп сала­ларында ілгерілеу бар. Бұл жобалар мұнайға тәуелді экономиканың орнын жаңа, әр­тараптандырылған құрылыммен алмастыруға бағытталған. Атыраудағы вагон жасау за­уыты мен доңғалақ өндіру шеберханасы – осы бағыттағы сәтті жобалардың нақты үлгісі.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы