Мемлекет басшысы өңірлердегі жылу мен электр тапшылығы халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететінін ескертіп, Үкіметке жобаларды жеделдетуді тапсырған болатын. Әсіресе, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жаңа стансалардың тағдырына қатысты сұрақ көп екенін меңзеп, нақты нәтиже қажет екенін атап өтті.
Бастаманың болашағы
Осыдан кейін Энергетика министрлігі «таза көмір» технологиясымен салынатын үш жаңа ЖЭО-ның мерзімін жариялады. Жоспар бойынша, Көкшетау ЖЭО-сы 2029 жылдың ортасында, ал Семей мен Өскемендегі стансалар сол жылдың соңына қарай іске қосылуы керек. Қазір үш жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.
Бұл бастамаға қатысты энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің пікірі айқын. Оның сөзінше, мәселе тек жаңа станса салуда емес, елдің ұзақмерзімді энергетикалық болашағында жатыр.
«2017 жылдың өзінде-ақ мен «таза көмір» болашақтың энергиясы болатынын айтқанмын. Себебі біздегі мұнай қоры шексіз емес. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2030 жылдардан кейін мұнай өндірісі төмендей бастайды. Ал 2040 жылдары ішкі нарықты толық қамтамасыз етудің өзі күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Тіпті, 2050 жылдары Қазақстанның бір кездері мұнай өндіруші ел болғанын ұмытып кетуіміз ғажап емес», – дейді ол.
Маман газ өндірісі әзірге үміт сыйлағанымен, оның да ғұмыры шектеулі екенін еске салды. Кей есептерге қарағанда, 2055-2060 жылдары газ қоры да сарқыла бастайды. Атом энергетикасы бойынша да жағдай түбегейлі шешім бола алмайды. Осындай жағдайда ұзақмерзімді тұрақты ресурс ретінде көмір ғана қалады.
«Көмір қорының шамамен үш жүз жылға жететіні туралы болжам бар. Бүгінде жылына 100 млн тонна мұнай өндірсек, көмір өндірісі 115 млн тоннаға жуықтайды. Демек, көлем жағынан да, қор жағынан да көмірдің әлеуеті әлдеқайда жоғары. Барлық дәстүрлі энергоресурстар азайған кезде елде нақты қолда қалатын ресурс – осы көмір. Әңгіме жай көмір туралы емес, «таза көмір» технологиясы жөнінде. Бұл – әлемде бұрыннан қолданылып келе жатқан тәсіл. Қытай мен Еуропа елдері көмір жағатын стансаларды заманауи тазарту жүйелерімен жабдықтап үлгерген. Ал біздегі көптеген ЖЭО-ларда толыққанды тазалау жүйелері жоқтың қасы», – деді Олжас Байділдинов.
Сарапшы сөзіне сүйенсек, Қытайдың тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Онда көмір күлін тек жол құрылысына ғана емес, сирек кездесетін металдарды өндіруге пайдаланады. Себебі Қытай – көмірді ең көп тұтынатын елдердің бірі. Сондықтан олар қалдықтың өзін шикізат көзіне айналдырып, экологиялық таза құрылыс материалдарын да шығарып отыр.
«Әрине, мұндай технологиялардың өз құны бар. Заманауи сүзгі жүйелері, газ тазарту қондырғылары орнатылған ЖЭО-ларда өндірілетін электр энергиясы салыстырмалы түрде қымбат болады. Шамамен есептегенде, оның бір киловатт-сағаты 25-30 теңге көлемінде болуы мүмкін. Яғни, «таза көмір» технологиясы арқылы алынған энергия бағасы атом энергетикасымен шамалас. Сондықтан «таза көмір» туралы айтқанда, оның экологиялық пайдасымен қатар, экономикалық жағын да ескерген жөн. Кез келген жаңа технология белгілі бір инвестицияны талап етеді. Бірақ ұзақ мерзімде ол елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығына қызмет етеді», – дейді энергетика саласының сарапшысы.
Экономикалық һәм экологиялық тиімділігі
Жаңа ЖЭО жобалары тек үш қаланың жылу мәселесін шешу емес, Қазақстанның келесі онжылдықтардағы энергия қауіпсіздігіне қатысты стратегиялық шешім ретінде қарастырылып отыр. Алайда құрылыс мерзімі, қаржыландыру тетігі және тарифтік салдары қоғам назарында қала бермек.
Энергетика тақырыбындағы талқылауға тәуелсіз сарапшы Жақып Хайрушев те қосылды. Оның айтуынша, қоғамда «таза көмір» ұғымы көбіне қате түсіндіріледі. Сарапшы бұл бағыттың мәнін, экономикалық және экологиялық қырын кеңінен тарқатып берді.
«Бүгінде «таза көмір» деген ұғым көмірден бас тартуды емес, оны жағудың және шығарындыларды тазартудың заманауи, жетілдірілген технологияларын қолдануды білдіреді. Мұнда аса жоғары және ультра аса жоғары қысымды бу параметрлері, айналмалы қайнау қабаты технологиясы, түтін газдарын терең тазарту, күкірт пен азотты бөлу жүйелері, жаңа буындағы электрофильтрлер және жану режимдерін цифрлық басқару тәсілдері қолданылады», – дейді тәуелсіз сарапшы.
Оның айтуынша, жаңа стансалардың басты артықшылығы – тиімділігінің жоғары болуы және зиянды шығарындылардың азаюы. Бұрынғы ЖЭО-лардың ПӘК-і 32-36% болса, заманауи қондырғылар 42-45%-ға дейін жетеді, яғни отын аз жұмсалып, экологияға салмақ төмендейді. Сарапшы Қазақстанның көмір қоры мол екенін ескерсек, басты мәселе оны пайдаланудың мәдениетінде екенін айтады.
«Қазақстан көмірге бай ел, сондықтан алдағы жылдары көмір энергетикада негізгі ресурс болып қала береді. Мәселе көмірді пайдалану-пайдаланбауда емес, оны қалай тиімді әрі қауіпсіз қолдануда. Экологияға түсетін салмақты азайтуға болады: ескі ЖЭО-ларды жаңарту, қазандықтарды заманауи технологияға көшіру, сүзгілер орнату, автоматтандыруды күшейту және отынды үнемдеу қажет. Болашақта көмірқышқыл газын ұстап, сақтау жобалары да іске асуы мүмкін, бірақ оған қаржы мен технологиялық дайындық керек. Сонымен қатар нәтиже тек техникаға емес, дұрыс басқаруға да байланысты. Энергетика саясатын жүйелеу, ескірген қуаттарды кезең-кезеңімен тоқтату маңызды. Әйтпесе, «таза көмір» жай сөз болып қалуы мүмкін», – дейді ол.
Жаңа стансалардың тиімділігі туралы сұраққа сарапшы нақты салыстыру келтіреді.
«Айырмашылық айқын: ескі ЖЭО-ларда жабдық тозған, отын көп жұмсалады және жиі жөндеуді қажет етеді, бұл тариф пен сенімділікке әсер етеді. Ал жаңа стансалар тиімділігі жоғары, автоматтандырылған және отын үнемдейтін жүйемен жұмыс істейді. Соның арқасында пайдалану шығыны азайып, жабдықтың қызмет мерзімі ұзарады. Бірақ бастапқы инвестиция көлемі үлкен болғандықтан, экономикалық пайдасы 15–25 жылда көрінеді», – дейді Жақып Хайрушев.
Ал электр энергиясы бағасына әсері туралы сарапшы асығыс шешім күтпеуге шақырды. Өйткені қысқа мерзімде жаңа станса салу тарифті бірден арзандатпайды, себебі салынған инвестиция қайтарылуға тиіс. Алайда орта және ұзақ мерзімде көмір генерациясын жаңғырту бағаны тұрақтандыруға ықпал ете алады.
Демек, көмірден бірден бас тарту мүмкін емес, бірақ оны бұрынғы тәсілмен пайдалану да тиімсіз. Ендігі шешім – көмірді заманауи технологиямен игеру ме, әлде энергетикалық саясатты түбегейлі қайта қарау ма – уақыт пен нақты іске байланысты болмақ.
Кәмила ДҮЙСЕН
